«Самұрық-Қазынаның» табысы артты
«Самұрық-Қазынаның» табысы артты
297
оқылды
Нұр-Сұлтанда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының құрамына кіретін компаниялар тобының есеп беру жиыны өтті. Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов былтыр атқарылған жұмыстарға оң баға берді. 2019 жылдың қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазынаның» компаниялар тобы 922 млрд теңге көлемінде операциялық пайда (NOPLAT) түсірген, бұл жоспарлы көрсеткіштен 20,5 пайыз немесе 157 млрд теңге артық. Таза табыс 1 256 млрд теңгеге жетті, бұл жос­пардан 38 пайыз көп. «Самұрық-Қазынаның» ішкі қарызы 2017 жылдан бастап қа­зірге дейін 1 трлн теңгеге азайды, ал сыртқы қарыз 5,1 млрд долларға төмендеді. 2019 жылдың қоры­тын­дысы бойынша акционерге түсетін дивидендтер 189 млрд теңге болды. «Бұл нәтижелер 2018 жылдың сәуірінде Елбасы бекіткен қордың жаңа стратегиясының арқасында іске асырылды», – деді Ахметжан Есімов. 2019 жылы қордың компа­ния­лар тобынан бюджетке құ­йыл­ған қаржы 1,2 трлн теңге­ден ас­ты. Бұл – елдің жиын­тық ­бюд­жетіне түсетін түсімнің 10 пайызы. Ашық тендер және баға ұсы­ныстарын сұрату әдістерінің үле­сін арттыру арқылы сатып алудың жаңа моделіне көшу 155 млрд тең­ге үнемдеуге ықпал етті. «Эйр Астана» компаниясының табысы 2018 жылмен салыс­тыр­ғанда 17 пайыз өсті. «ҚазМұнай­Газ» компаниясының таза пай­дасы 39 пайыз артты. «Қазақстан темір жолы» компаниясының опе­рациялық кірісі былтырға қа­рағанда 35 пайыз ұлғайды. Басқосу соңында портфель­дік компаниялардың тиімділі­гін арт­тыру мақсатында 2020 жылға ар­нал­ған негізгі міндеттер белгіленді.   Айдар ДӘУІТҰЛЫ