Ауылға бұйырар енші бар
Ауылға бұйырар  енші бар
5,269
оқылды

Табыс көзі болмаса, ауылдан жастар ғана емес, еңбекке қабілетті барлық адам кетеді. Осы орайда Орталық коммуникациялар қызме­тінде ақпарат құралдары өкілдерімен кездескен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев қияндағы ауыл тұрғында­рын жұмысқа орналастыру шаралары қолға алынатынын баяндады.

– Президент Қ.Тоқаевтың ха­лықты жұмыспен қамту орталық­тарының жұмысын реформалау туралы тапсырмасы бар. Сон­дық­тан шалғайдағы ауыл тұрғындарын жұмысқа тұрғызу үшін «мобильді жұмыспен қамту орталықтары» құрылады. Бұл мақсатқа 381 мил­лион теңге бөлу жоспар­лануда, – деді министр. 
Оның айтуынша, «Еңбек» бағ­дарламасы аясында жастарды, көпбалалы, аз қамтылған отбасы­ларды, мүгедектігі бар азаматтарды оқытуға, жұмысқа орналастыруға және қолдауға ерекше назар аударылады.
Жастар жылы аясында жас­тарды жұмыспен қамтуға бағыт­талған «Жас маман» және «Жас кә­сіпкер» жобаларын іске асыру бас­талды. 3 жыл ішінде барынша сұ­ранысқа ие мамандықтар бо­йынша 200 мың жас маманды даяр­лау жоспарланды.
– Жастар практикасымен қам­ту жоспары кеңейтілді. 2019 жылы тағы 10 мың адамды практикаға қосымша жібереміз. Бұл 25 мың жас буын өкілін жұмыспен қам­туға жол ашады, – деді министр.
Сондай-ақ оқыту шаралары күшейтіліпті. Биыл қысқамерзімді курстарда 100 мың, ал «Бастау – Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне 75 мың адам оқытылмақ. 
Сонымен қатар 2019 жылы қосымша 28,3 мың адамға тегін гранттар беру, 5 мың адамға же­ңілдетілген микрокредиттер ұсыну көзделіп отыр. Осылайша, бұған дейін көзделгенін есепке алғанда, 57 мыңнан астам қазақ­стандық өз кәсібін ашуға немесе қолданыстағы бизнесін кеңейтуге мүмкіндік ала­ды. Бұл ретте қосымша қаражаттың 70%-ы ауылдық жерлерге арна тартады.
«Тұрақты жұмыс орындарына орналастыру – «Еңбек» бағдарла­ма­сы­ның басты нысанасы. Бұл жұмысты «Атамекен» ҰКП-мен бірге жалғастырамыз», – деді Бердібек Сапарбаев.
Оның айтуынша, 2019 жылы жаңа бастамалар арқасында көмек пен әлеуметтік қамсыздандыру көлемі шамамен 700 миллиард теңгеге ұлғайды. Бүгінде мемлекет қазақстандық­тарға ұсынылатын әлеуметтік көмектің 39 түріне кепілдік береді. 
– 2019 жылы әлеуметтік қам­сыздандыруға және әлеуметтік көмекке көзделген қаражат көле­мі тағы 674 млрд теңгеге өсіп, 3,3 трил­лион теңгені құрады. Бұл республикалық бюджет шығыс­тарының 28%-ына тең. Соның ішінде әлеуметтік төлемдерге 2,9 триллион теңге бөлінді, – деп атап өтті министр Б.Сапарбаев.
Ол журналистерге өзі бас­қаратын министрлік жұмысының жеті басым бағытын жария етті. Ведомство басшысының байла­мынша, бірінші және ең маңызды міндет – Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын іске асыру. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау жүйесін жақсартуға да баса мән берілмек. Осыған байланысты министрлік мүгедек азаматтардың құқын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жө­ніндегі 2025 жылға дейінгі «Ұлттық жоспар» қабылдады.
Халық табысын арттыру және еңбек құқығын жүзеге асыру үшін қазақстандықтарды нәтижелі жұмысқа тарту; жаңа экономика үшін кадрлар даярлау; лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау; көші-қон процестерін реттеу –  басымдық ретінде белгіленіп отыр. 
Бұдан бөлек, әлеуметтік ең­бек саласын цифрландыру да не­гізгі міндеттер қатарына жат­қызылған.