Арысым – ұлттық намысым!
Арысым – ұлттық намысым!
298
оқылды

Арыс тұрғындарына көмек беруге ұмтылғандардың бәрін бір мақалада қамту мүмкін емес, әрине. Десе де, жақ­­сыны бөліссе көбейеді деген тәм­сілге сүйеніп, қайырым­ды істерге тоқ­талуды жөн көрдік. Түркістан об­лы­сы кәсіпкерлері мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы кеңе­сінің мү­шелері зардап шеккендерге ме­дицина­лық және психологиялық көмек ұйым­дастыруға кіріскен.

«Арыстық жерлестердің көп бөлігі Шымкент қала­сында орналасты­рыл­ғандықтан, палата жанынан құрыл­ған жұмыс тобы Шымкентке шықты. Қолдан келгенше қаражат бөліп жат­қан азаматтар бар», – дейді облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Д.Әбсаттаров. Мәселен, өңірлік кеңес мүшесі – «Комбинат Фараб» ЖШС директоры Ә.Құрбаналиев вокзалға азық-түлік өнімдерін жет­кіз­ген, кәсіпкер И.Намазбаева адам­дарға кешкі ас ұйымдастырса, «КТЗ» ди­рек­торы Х.Қожабаев 1 млн теңге көле­мінде көмек берген. Өзге де іскер аза­мат­тар зардап шеккендерді уақыт­ша тұрғын жайларға ор­наластырған. «Атамекен» ҰКП тарапынан Арыс қа­ласында зардап шеккен азаматтарға көмек беру шоты ашылып, Түркістан облысы ӨКП базасында Арыс қала­сының зардап шеккен тұрғындарына киім жинау бөлімі жұмысын бастады.

Арыстағы төтенше жағдайға бай­ланысты Шымкент қаласының этно­мәдени бірлестіктері де көмек беріп жатыр. Славян этномәдени орталығы тұрғындарды эвакуациялау үшін 5 автобус пен 2 жүк көлігін жі­берсе, корей этномәдени бірлестігі түске дейін бір газель ауызсу, түстен кейін 1 литрлік 3 600 су толы бөтелке жі­берген. Өз­бек этномәдени бір­лестігі 30 адамды уақытша баспа­на­мен, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, 150 адам­ға палау дайын­дап, Хамза атын­дағы 53-мектепті азық-тү­лікпен қам­тамасыз еткен. Бірлестік төрағасы Зиябиддин Мир­заев 26 адамды үйіне қондырды. Ұйғыр этномәдени бір­лестігі Нұрсатшағын ауданына эвакуацияланған азамат­тарға 1 000 гамбургер апарған. Түрік этномәдени бір­лестігі бір КАМАЗ су мен тамақ жөнелтіп, 52-мек­тептегі ха­лықты тамақтандырған. 56-шы және 87-мек­тептегі ха­лыққа көмек көрсеткен.

Штабқа 30 қорап қияр апар­ған. Татар-башқұрт этномәдени бірлестігі штабқа азық-түлік алып келсе, ҚХА облыстық кеңестің мүшесі Ә.Досболов 53-ші мек­тептегі арыстық тұрғындарға 100 қорап жұ­мыртқа жеткізген. ҚХА-ның облыстық филиалы халықты эва­куациялау үшін автобус жө­нелтсе, Төле би аудандық филиа­лының жастары сағат түнгі он екіде 200 қорап нанды орталық мешітке жеткізген. Ал кеше зар­дап шеккен арыстықтарға ше­шен-ингуш ор­талығы сабын, порошок, тіс пас­та­ларын, щетка апарып берді. Иран, тәжік этно­мәдени орталық­тары да осыған ұқсас көмек көр­сетті. Осылайша, 25 маусымда этно­мәдени бір­лес­тіктер көмек көр­сететін мек­тептерді бөліп алған.