Тұрмыстық жемқорлық азаяр емес
Тұрмыстық жемқорлық азаяр емес
236
оқылды

Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігі 2018 жылдан бастап 2019 жылдың мамыр айына дейін 414 пара беру фактісін тіркеген. 328 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, оның 196-і сотталған. Сотталғандар ара­сында 37 адам бас бостан­ды­ғынан айырылса, 27 адамға бос­тандығын шектеу жазасы кесілді. Ал 132 адамға айыппұл салынды.

«Талдау көрсеткендей, пара берушілер көбінесе жеке компа­ниялардың өкілдері, олар лауа­зымды тұлғаларды сатып алу ар­қылы кәсіпкерлік қызметті қо­лайлы жүзеге асыру немесе Мем­лекеттік сатып алу шарттары бойынша орындалған жұмыс актісіне кедергісіз қол қою үшін мәселе шешеді. Мысалы, «Қазақ­жолқұрылыс» ЖШС директоры З.Дощанов «Алматыжолзерт­ханасы» РММ директорына жол құрылысы кезінде материалдарды арзандау материалдарға өзгертуді келіскені үшін 2 млн теңге пара берді. Осы заңсыздығы үшін оған 30 млн теңге айыппұл салынды. Сотталған адам өмір бойы мемле­кеттік қызметте және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет атқару құқығынан айы­рылды», – дейді Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тінің Тергеу департаментінің аға тергеушісі Данияр Бигайдаров.

Оның айтуынша, Қостанай облыстық онкологиялық дис­пан­серінің бас дәрігеріне мем­лекеттік сатып алу келісімшартын жасасу кезінде көрсеткен қамқор­лы­ғы­на пара бергені үшін Noda med ЖШС директоры Н.Құдабаев 6 ай­ға бас бостандығынан айы­рыл­са, «Дез Сервис KZ» ЖШС ди­рек­торы Б.Омаровқа 360 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Сонымен қатар бағыныш­­тылардың өз басшыларына қыз­метке тағайындалғаны және жоғарылағаны үшін пара беруі жалғасып келеді. «Тұр­мыстық сы­байлас жемқорлық» деп ата­латын мұндай көріністер толы­ғымен жойылмай отыр.

Агенттік тұлғалардың ел ішін­дегі іссапарларында қызметтік лауазымын асыра пайдалану мә­селесін бақылауға алғаны белгілі. Агенттік төрағасы А.Шпек­баев бұл тексеруге облыс­тық, аудан­дық, ауылдық деңгей­дегі мемле­кеттік қызметшілердің әлеуметтік желілер арқылы тұрақты түрде түсетін шағымдары негіз бол­ғанын айтқаны есте. Міне, тексе­ру нәтижесі көп ұза­май белгілі болып жатыр. 20-30 маусым ара­лығында барлық өңірде Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізілді.

«Осы кезеңде өңірлерге ба­ғытталған Білім және ғылым ми­нистрлігінің 169 комиссия­сының қызметіне оперативтік қолдау көрсеттік. Әрбір комиссия құ­рамына 15 адамнан кірді, соның ішінде мұғалімдер, техникалық қызметкерлер, бағдарламашылар бар. Осы жұмысымызда қылмыс­тық құқықбұзушылық фактілерін анықтадық. Мәселен, Ақтөбе облысында Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары, Қандыағаш қаласы №4 мектебінің директоры Білім және ғылым министрлігінің комиссия кездесулерін ұйым­дастыру үшін (тұру, тамақтану, бос уақыт және т.б.) жалпы білім беру және мектепке дейінгі мекеме­лердің директорларынан ақша жинау факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жиналған ақшаның жалпы сомасы 540 мың теңгені құрады. Шымкент қаласында жедел-іздестіру шараларының қорытындысы бойынша ҰБТ-да жоғары баллға уәде беріп, одан ары грантқа түсуге көмек көрсету үшін М.Кеңесбайдан алдын ала алған 500 мың теңгенің 125 мың теңгесін қайтару кезінде Шым­кент қаласы Білім басқармасының маманы ұсталды», – дейді Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қоғаммен бай­ланыс департаментінің директоры Арман Бердалин.

Оның дерегіне сүйенсек, жер­гілікті мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларынан Білім және ғылым министрлігінің ко­миссия өкілдеріне ҰБТ өткізуге жауапты тұлғаларға бос уақытты ұйым­дастыру жайлы ақпарат келіп түскен. Жамбыл облысында жер­гілікті филиалдың жетекшісі ко­миссия мүшелеріне арнап, 25 адамға мейрамханада ішімдік қосылған керемет кешкі ас ұйым­дастырған. Ал Алматыда Білім және ғылым министрлігінен UIB (Халықаралық бизнес уни­вер­ситеті) жіберілген комиссия мүшелерінің бейәдеп іс-қимыл фактілері тіркелген, яғни олар ойын-сауық мекемесінде алко­гольді ішімдік ішкен. Осы факт бойынша қызметтік тексеру бас­талыпты. Жоғарыда көрсетілген әрекеттерге қатысты барлық лауазымды тұлға заңда көзделген жауапкершілікке тартылады.

Қалай десек те, айналасын жегі құрттай жалмай беретін сыбайлас жемқорлықпен күрес тоқтамайды. Бұл мәселенің Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімі кезінде де айтылуы бекер емес. Президент сол іс-шарада бірінші қыркүйекке дейін жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағыт­талған реформалар топтамасы дайындалатынын айтты.

«Жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Бұл қо­ғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Сы­байлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргіземіз», – деді ол ұлықтау рәсіміндегі сөзінде.

Ендеше, «ұрыста тұрыс» жоқ демекші, осы қоғамның бір мү­шесі ретінде сіз де, біз де сыбайлас жемқорлық дерегін көргенде үнсіз қалмайық.

Айдана БЕГІМ