Еңбек еткен адамның алмайтын асуы жоқ
Еңбек еткен адамның алмайтын асуы жоқ
362
оқылды

Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Елбасының үнемі жастарды қолдап, жастар саясатын дамытуды көздей­тіні бекер емес. Әсіресе, бүгінгі жастар креативті пікірге ие. Шыны керек, қазір жастар арасында соңғы инновациялық технологияларды пайдалану арқылы жобалар ұсынып жүргендері баршылық. Қазақ­станның осындай дарынды, жас ғалымдарының бірі – Дамель Мектепбаева. Ол – «Болашақ» бағдарламасы арқылы Қазақстаннан шыққан алғашқы NASA түлегі, Hoope атты халықаралық медици­налық стартаптың негізін қалау­шы. Бүгінде Назарбаев университетінің Иннова­цияны дамыту департа­мен­тінде қызмет атқарады.

– 17 жасыңызда АҚШ-тың ең үздік университетінің түлегі атаңдыңыз. Сол жайлы толығырақ айтсаңыз.

– 2005 жылы метеп бітірген кезде, «Болашақ» бағдарламасы жайлы естідім. Ол он төрт жыл бұрын болғандықтан, бұл бағ­дарлама жайлы көбі білмейтін. Және де сол жылдары «Болашақ» бағдарламасы ең алғаш рет бака­лавриатқа іріктеуді бастаған бо­латын. Бағдарламаға алғашқы­лардың бірі болып қатысу мүм­кіндігіне ие болған өзімді бақытты адам деп есептеймін. Негізі, «Болашақ» туралы маған апам айтқан еді. Ол үнемі маған «Аме­рикада оқы» деп отыратын. Ағыл­шын мектебін бітіргендіктен, Америка жайлы көп арман­дай­тын­мын. Соңында қатты үміттенбесем де, өтініш тастадым. Барлық ке­зеңінен өткеніммен, үміт аз бол­ғандықтан Астанадағы Меди­ци­налық университетке түстім. Бі­рінші курста оқып жүріп, бағдар­ла­маның басқа да кезеңдерінен өте бердім. Астанада оқып жүргеніме төрт ай болғанда, «Болашақ» бағ­дарламасына өткенім жайлы білдім. Алдымда екі таңдау болды. Елде қалып, оқуымды жалғастыру немесе «Болашақ» бағдарлама­сымен шет елде білім алу. Перс­пективасы көп болып көрін­ген­діктен «Болашақты» таңдадым. Астанадағы оқуымды тастап, АҚШ-тағы биотехнология ма­мандығы бойынша оқуға аттан­дым. Басында медицинаға өтініш берген едім, алайда ол уақытта бұл сала толық дамымағандықтан, биотехнологияны таңдадым.

– Болашақ бағдарламасы сізге қалай әсер етті?

– Шет елге өте жас болып бар­дым.Тұлға ретінде сонда қалып­тастым. Олардың мәдениетін қабылдай алдым десем де болады. Менің ойымша, адамның түрлі мәдениетті біріктіріп, қабылдай алуы – керемет дүние. Көп нәрсені білесің. Танисың. Сондықтан да саяхаттау, шет елде білім алу – әрқашанда сенің өсуіңе үлкен септігін тигізері сөзсіз. Біріншіден, білім жайлы айту керек. «Болашақ» арқылы алған білімім керемет болды. Ол туралы қалай айтып, жеткізерімді де білмеймін. Әрине, басында қиын болды. Бірінші жыл, өзге тіл болғандықтан толы­ғымен түсінбейсің, онымен қоса америкалық акцент бар. Уақыт өте келе оның бәріне үйреніп, дағды­ланасың. Ең керемет, білімді деген оқытушылардың сабақтарына қатысып, білім алуға асығасың. Бәрі ойластырылған, ыңғайлы зертханаларда жұмыс істейсің. Студенттерді оқыту мінсіз өтеді. Осындай білім бергені үшін «Бо­лашаққа» алғысымды білді­ремін. Маған ғана емес, басқа да мың­даған студентке білім алуға мүм­кіндік бергені үшін алғысым шексіз. Екіншіден, дүниетанымың кеңейеді. Өзге адамдарға, білім беру жүйесіне қарап, мына дүниеге басқаша көзбен қарап, белгілі бір өзгермейтін қағидаларды бұза бастайсың. АҚШ-тағы оқуымнан кейін адамдарға, өмірге деген көзқарасым өзгерді. Астанада қалғанымда, бәрібір өз ісімнің жақсы маманы болар едім. Себебі мамандығым қатты ұнайды. Алай­да, мүлде басқа адам болатын едім.

– Біздің білім беру жүйеміз бен Батыс елдерінің білім беру жүйесін салыстыра айтсаңыз. Артықшы­лықтары мен кемшіліктері қандай?

– Магистратураны Францияда оқығандықтан, Америкамен қоса Еуропада да білім алдым. Батыс мемлекеттерінің білім беру жү­йесін құптаймын. Сондықтан білімді де білікті балалардың сол жақта білім алып, алған тәжіри­белерін Қазақстанға әкелгендерін қалаймын. Бізде білім беру туралы нақты түсінік қалыптаспаған. Әлі күнге дейін білім беру жүйеміз жаттауға негізделген, әсіресе тех­никалық ғылымдар. ҰБТ есептерін қарастыратын болсақ, есептердің 3/2 бөлігі жаттауға арналған. Жыл сайын осыған қарап, көңіл күйім түседі. Ал, шет елдегі білім беру жү­йесінің ең басты артықшылы­ғы – тақырыпты не формуланы жаттап алуына емес, қаншалықты түсінгеніне мән береді. Оларда ең маңыздысы – формуланы түсініп, оны практикада қолдана алуың, кез келген сұрақты терең түсінуің. Кемшіліктеріне келетін болсақ, туған жеріңнен, ата-ана, бауыр­ла­рыңнан алыс болуың дер едім. Онымен қоса, өз еліңде болып жат­қан кейбір оқиғалардан ха­барсыз болып қаласың. Байқа­ғаным, көбі туған жеріне келгенде, саласына қатысты маңызды жайт­тарды білмей оралады. Бірақ ондай мәселелердің де шешімін табуға болады. Егер мақсатыңыз анық болмаса, керек білім мен керексіз білімді ажыра алмасаңыз, онда білімді бола ала алмайсыз. Еңбек еткен адамның жетпейтін жетістігі, алмайтын асуы жоқ.

– Гуманитарияға қызыққа­ныңызды білеміз. Жаратылыстану ғылымдарына деген құлшыныс қайдан туды?

– Шынымды айтсам, жараты­лыстану ғылымдары қатты ұнай­тын. Әсіресе биологияға, меди­цинаға көп акцент қоятынмын. Онымен қоса, тілге ерекше бейімім болды. Бірінші сыныптан ағыл­шын тілін оқысам, кейін неміс тілін жетік меңгердім. Францияда білім алғанда, сабақтардың ағыл­шын тілінде өтетініне қарамастан, француз тілін оқыдым. Қазір екін­ші жыл испан тілін үйреніп жа­тырмын. Баланы бір ғана бағытта емес, жан-жақты етіп дамыту ке­рек деп ойлаймын. Егер жараты­лыстану ғылымдарына қызықса, гуманитария ғылымына қызық­пауы керек деген ой болмауы керек.

– Білуімізше, Назарбаев уни­вер­ситетіндегі Инновацияны дамы­ту департаментінде жұмыс істейсіз. Бұл жұмысқа қалай келдіңіз?

–Көп жылдар бойы универси­теттің ғылым бөлімінде қызмет еттім. Содан үш жыл бұрын инно­вациялық, яғни әкімшілік жұмыс­қа ауысамын деп шештім. NASA сапарынан кейін осы шешімге келдім. Ғалым болып, зерттеумен айналысу жақсы екенін түсіндім. Әрқашан біліміңді бизнеске, білім беруге немесе инновацияға енгі­зуге болады. Бір ғана саламен айналыспай, бірнешеуін бірікті­ріп, жұмыс істеуге болады. Бір бағытпен шектеліп қалуды түсін­беймін. Бүгінде жаңа техноло­гия­лардың арқасында әлем тез дамып келеді. Сондықтан адам әр кез өзін дамытып, басқа салада да өзін кө­руі қажет. Болашақта басқа жұ­мыс­тармен айналысу ойымда бар.

– Инстаграм парақшаңызда «Біз бәріміз әртүрліміз» деп жа­зыпсыз. Шынайы өмірдегі Дамель қандай?

– Әлеуметтік желідегі Да­мель – өмірде де тура сондай. Маған ғылымға, инновацияға қатысты жаңалықтар қатты ұнай­ды. Инстаграмға жазғанымның бәрі мені шын өмірде қызықты­рады, алаңдатады. Өзімді көңілді адаммын деп есептеймін. Байқа­саңыз, негативті өте сирек жаза­мын. Бірақ қазіргі орын алып жатқан саяси жағдай көп адамның көңілінен шықпайды. Өзіңе қа­былдайтын жағымсыз нәрселер же­терлік. Мен сонда да соның өзі­нен тек пайдалы ақпарат қабыл­дауға тырысамын. Әдемілікті де ұнатамын. Сұлулыққа қатыстының бәрі ұнайды. Анам көйлек тігумен айналысады. Сондықтан болар бұл қасиет маған анамнан дарыған сияқты. Кейбір адамдар менің сәнге де қызығатынымды байқап, өзіме айтады. Бір жағынан бұл мінезіме де байланысты болар. Маған белгілі бір қатып қалған қағидаларды бұзған ұнайды.

– Болашаққа жоспарыңыз?

– Жауап беру қиын болып тұр. Жалпылама айтсам, маған өзімді дамытып, саяхаттаған, жұмыс істеген ұнайды. Менің ойымша, XXI ғасыр адамы ол әрдайым оқып, ізденіс үстінде жүруі қажет. Мен үшін ол өте маңызды. Кітап оқуды, түрлі тренингтерге, курс­тарға барғанды ұнатамын. Алдағы жоспарыма шетелде жұмыс істеп, алған тәжірибемді Қазақстанға келіп, одан ары дамыту да кіреді.

 

Сұхбаттасқан

Аружан ҚҰЖАСАРИНА