25 жылдан кейінгі жаңа «Арыстан патша»
25 жылдан кейінгі жаңа «Арыстан патша»
452
оқылды

Алғашқы «Арыстан патша» мультфильмінің көрермені бүгінде орда бұзар отызға жетіп қалған.

Сонау 1994 жылы шыққан туынды талайдың жүрегін жаулады. Бала кезден есте қалған кадрлардың көбі Симбаның бастан кешкендерімен тікелей байланысты. Алды бейнетаспадан, кейін DVD арқылы дамыл таппай көргендер үшін Disney ремейк жасады. Әдеттегідей, «Болашақ» корпоративтік қоры мен «Меломан» компаниясы «Өзіңнен баста» жобасы аясында қазақ тіліне дубляждады. Бұл жоба NurOtan партиясының қолдауымен жүзеге асырылып келеді.

«Өзінен бастаның» 31-көрінісін де тамашалаудың сәті түсті. Осы уақытқа дейін «Болашақ» қоры балаларға арналған әлемдік туындылардың барлығын сапалы аударып қана қоймай, оған демеушілер тартып келе жатқаны жасырын емес. Соның ішінде BI Group компаниясы тұрақты түрде қаражат бөліп, жас көрерменнің мемлекеттік тілде Голливуд жауһарларын көруіне жағдай жасап келеді. Қор басшысы Динара Шайжүнісова мемлекеттік тілді қолдауға құлықсыз органдарға деген назын білдірді. Оның айтуынша, балаларға арналған контентті ыңғайлы уақытқа кинотеатр кестесіне қосудың өзі қиын болып отыр.

«Жобамен айналысып келе жатқанымызға сегіз жыл болды. Жеке кәсіпкерлердің демеушілігінің арқасында мемлекет қаржысына көз тікпестен, 100 пайыз қаражат тарту арқылы іске асырып жатырмыз. Негізгі уәкілетті орган – Мәдениет және спорт министрлігі десек, олар мемлекеттік тілді қолдауға үлес қосу жағынан да, қаржылай да қолдамайды. Көңілімізге қатты бататыны азаматтардың құқығы сақталмай келеді. Мысалы, қорымызға шағым айтатындардың дені қазақша фильмдердің ыңғайсыз уақытқа қойылатынына наразы. Адамның конституциялық құқығы бұзылып жатыр деген осы емес пе? Осы ретте тиісті орган осы мәселені назарға алып, шешуге тырысқаны жөн. Кинотеатрларға да, азаматтарға да тиімді тәсіл табу керек. Былтыр Кино туралы заңды талқылап жатқан кезде отырыстарға барып қатыстым. Кинотеатр иелері де осы іске жұмылуға ынталы болуы үшін не істесе болады деп ұсыныстар жеткіздік. Әдетте, прайм-таймға қойса деген көрермен назын айтқанымызда, министрлік «бұған біз ешқалай әсер ете алмаймыз, өйткені ол – жеке бизнес» деп жауап беретін. Біз өз тарапымыздан 2018 жылы қолданыстағы заңнамада көрініс таппаған сала объектілері үшін салық преференцияларын қоса алғанда, кинотеатрлардағы аудитория үшін қазақ тіліндегі контенттің тең қол жеткізуіне қатысты ұсыныс айттық. Бұл бағыттағы жұмысты қазақ тілі мен мәдениетін дамыту үшін әрмен қарай жалғастыру керек деп ойлаймын. Айталық, ұлттық киноны көрсеткен кинотеатрлар салықтан босатылсын деген ұсыныс болды. Әрине, бұл – жақсы қадам. Дегенмен, мынаны қараңыз, ол туындыларды қарайтын – ересектер. Олардың көбі орыс тілі үстем болған заманда өмір сүрген. Ал негізі қазір балаларға басты назар аударуымыз қажет. Міне, соларға мемлекеттік тілде контент ұсынуды ойластырған жөн. Сол кезде ғана олар қазақша сөйлеп, ойлайды. Әлемнің барлық баласы «Моананы» сүйіп көреді. Ендеше, балаларымыздың құқығын шектегеніміз қалай? Неге олар ыңғайлы уақытта мультфильм көре алмауы керек? Қарап тұрсақ, бұл іспен бізден басқа ешкім айналысып жатқан жоқ. Осындайда уәкілетті органдардың «мұның бізге қатысы жоқ» деп қол қусырып отыратындарына таңғаламын. Тіл мен мәдениеттің оларға қалайша қатысы болмайды? Меніңше, балаларға арналған контентке басымдық беру керек. Өйткені болашақ – солардың қолында. Қазір «Диснейдің» деңгейіндегі фильмді түсіре алмасымыз анық. Бірақ сапалы дубляж жасауға мүмкіндігіміз жетеді. Аударып, көрерменге ұсынған соң ол да біздің туынды сияқты әсер береді»,– деді Динара Гапланқызы. Осы тектес жанайқайды біздің де жеткізіп келе жатқанымызға біраз болды. «Көрем десең, ғажап қой – кино дайын, бұйырмай тұр қазаққа прайм-тайм» деп мақала да жаздық. Қазақша дубляждалған туынды шыққан сайын әлеуметтік желіде шулап, кинотеатр кассасының алдында санаулы көрермен сынын айтады. «Арыстан патшадан» кейін де баяғы жартас – сол жартас болуы бек мүмкін. Жә, өкпе-назды үйіп-төгіп болсақ, фильмнің премьерасы туралы сөзімізбен жалғайық.

25 жыл бұрынғы анимациялық туынды жаңаша тыныстады. Тіпті мұны мультфильм дей алмайсыз. Ойнақы кино мен компьютерлік графиканың сапалы симбиозы деген дұрыс болар. Құдды Discovery-ден деректі фильм тамашалап отырғандай әсер қалдырады. Ақбөкеннің суатта су ішіп тұрғаны, арыстандар арасындағы айқас, тұмса табиғат, Африканың саваннасы – бәрі-бәрі шынайы. Балам көрсін деген сылтаумен ересектер қымсынбастан келсе болады. Режиссер Джон Фавро арнайы Африкаға ат басын бұрыпты. Сол жақтың атмосферасын сезінгеннен болар, туынды сәтті шықты. «Арыстан патшаның» ремейгі сюжет жағынан алдыңғысымен үндес. Айбатты патша Муфаса патшалығын айрандай ұйытып, бірлікте ұстайды. Кейін мұрагері Симба дүниеге келеді. Мұнда да бауыры жауыз бейнеде көрініс табады. Бір қызығы, аударманың қазақыланғаны сонша, мақал-мәтелдердің әдемі үйлесімін аңғаруға болады. Бұрыннан бізге «Шрам» деген лақап атпен белгілі персонаж қазақша «Ызғар» болып шыға келді. Өйткені оның бейнесі расымен қаһарлы әрі ызғарлы. Бәлкім, тура аударма жасалса, «Тыртық» деп аталып кетер ме еді? Туындының сюжетін толық айтпастан, осылай қысқа қайырған жөн шығар.

Симбаның ішкі текетіреске толы сәттері көрермен көңілін елжіретті. Балалықпен, шалалықпен көп нәрсенің байыбына бара білмеген ол бейқам достарға кезігіп, тіпті өзгеріп шыға келеді. Ақыры түп-тамырынан ажыраудың аз-ақ алдында қалады. Әкесінің айтқан даналығы уақыт өте келе өзектілігін дәлелдейді. Әлбетте, жас көрермен пәлсапаның бәрін жете түсінбеуі мүмкін. Өйткені мұнда есею, ес білу оқиғасы баяндалады. Сол жолда өзіңді жоғалтай, таза қалпыңда сақтау, шыққан тегіңді ұмытпау, жақындарыңа қамқор болудың қаншалық маңызды екенін ұғасыз. Сонымен бірге, дәстүр мен тек турасындағы талқыларға да куә боламыз. Мұнда «қуантып тұрып жылатқан, көтеріп тұрып құлатқан» тағдыр көрсетілген. Картинаның басты айтқысы келген пәлсапасы өмір шеңберінің айналысында өрбиді. Алма-кезек дүниеде сатқындық, жауыздық, мейірім мен махаббат – бәрі де бар.

Фильмді Aray Media Group студиясы дубляждады. Режиссері – Шах-Мұрат Ордабаев. Қазақ тіліне Әсел Мамырова тәржімалаған. «Диснейлік» кейіпкерлердің қазақша тіл қатуына қатысқан актерлердің қатарында Бекболат Құрманғожаев (Муфаса), Бекнұр Ыбырай (бала Симба), Олжас Жақыпбек (ересек Симба), Алтынай Нөгербек (Сараби), Динар Қалдыбек (бала Нала), Наурыз Сабағатова (ересек Нала), Сая Тоқманғалиева (Шензи), Болат Ыбыраев (Рафики), Жәнібек Мұсаев (Пумба) және Дәурен Серғазин (Тимон) бар. Осымен отыз бір әлемдік туындыны қазақшалаған қор жұмысына осы жолы да жоғары баға берілді. Walt Disney Pictures студиясының қатал сынынан өткен нұсқаны көруге кеңес береміз. Келер жылы тағы жеті фильмді қазақшалау жоспарда бар екен. Дәстүрлі демеуші BI Group қаржыландыруға даяр. Жобаның арқасында жүзден астам отандық актердің дауысы Walt Disney Pictures базасына енді. Демек, қазақ тілінің халықаралық аренада салмағы да сараланып жатыр деген сөз. Бұған мұрындық болған қор коммерциялық мақсаттарды көздемейді. Дамуға қарай алған бағыттарына енді Мәдениет және спорт министрлігі де қарқын алып, қосылса деген тілегіміз бар.