Турист – «сауын сиыр» емес!
Турист – «сауын сиыр» емес!
227
оқылды

Туризм саласы ақсап тұр. Жыл басынан бері Қазақстанға келмек болып 7 310 шетелдік турист қана виза рәсімдеген. Сыртқы істер министрлігі осылай хабарлайды. Заңға сәйкес, ондай визалар­ды Қазақ­станның шет елдер­дегі ресми мекеме­лері береді. Қазіргі уақытта әлемнің 67 елінде 90 консулдық жұмыс істеп тұр.

Ал Қазақстанның кон­сул­дық мекемелері жоқ елдердің азамат­та­ры­на виза­лар Нұр-Сұлтан және Алма­ты қалаларындағы халықа­ралық әуежайда беріледі. 2019 жыл­дың басынан бері 4 656 шетел аза­маты Қазақ­стан­­ға туристік виза ре­сім­де­ген. Сонымен бірге, ми­нис­тр­­­лік таратқан мәлімет бойын­ша, 2019 жылғы 1 қаң­тардан бастап шетелдік турис­терге визаны элек­трон­­дық тәсіл­мен рәсімдеуге де мүмкіндік беріл­ген. Әзірге 2 654 шетелдік пайда­ла­нып, электрон­ды формат­та ту­рис­­тік виза рәсім­деген.

Әрине, ел-жер көргісі келе­тін халықтың саны аз болмаса керек. Бірақ осы саланы жетілдіру үшін түрлі бағдарлама жасалып жатса да, еш ілгері басу байқал­майды. Бізге өз қазақстан­дық­тарымыз шетелге барып демалып қайтса жеткілікті.

Бізде туристерді «сауын сиыр» ретінде қабылдау қалыптасқан. Жақында алма­тылық таксист шетел­ден келген туристі әуежай­дан қалаға дейін 33 мың теңгеге апар­ған. Бұл туралы қаладағы хос­тел­дердің бірінің иесі Шәкір Исламбакиев әлеу­меттік желіге жазды.

Былай дейді: «Таксистер 2 000 теңге деп келіседі де, келген соң әр шақырымы 2 000 теңге деп шығады екен. Шетелдіктер пробле­ма ту­дыр­мас үшін төлейтін көрінеді. Егер таксистер бірден қымбат бағаны айтса, түсінер едім. Бұлай алдау – шектен шыққандық. Қонақ кетіп қалған. Бірақ жағым­сыз әсермен кеткені рас».

Оның айтуынша, бұл бірінші жағдай емес.

«Төрт жыл бойы мен осы туралы айтып келемін. Бірнеше рет тексеру ұйымдастырылды. Бірақ баяғы жартас – сол жартас. Алма­ты­да Универсиада болған кезде так­систерді әуежайдан қуып шық­ты емес пе? Бәрін жасауға болады тек оған ынта болса», – деді Шәкір. Алматы әуежайы аталған оқиғаға қатысты түсінік берді. «Әуежайға келген жеңіл көлік жүргізушілеріне кіруге тыйым салуға құқығымыз жоқ. Себебі, бұл – қоғамдық аймақ. Жүргізушілердің тұрақ төлемі болса болды, олар кіре береді. Ал кей таксистер жолау­шылардың маза­сын алса, жолау­шылар арыз­дануға құқылы. Бірақ көпші­лігі арыз жазбайды. Сосын мәселе құқықтық деңгейде көте­рілмейді» делінген Алматы әуе­жайының ресми жауабында. Олардың айтуынша, әуежайда арнайы ресми такси қызметі жұмыс істейді.


Міне, біздің туристерге деген көзқарасымыз. EXPO өткен кезде де елордада жағдай болды. Қонақүй мен әуежай аралығына 40 мың теңге алған таксист артық алған ақша­сын кейін қайтарып берген болатын. Дегенмен сол кезде бұл біраз әңгіме болды. Қазақстанға деген сенімге селкеу түсті.

Дегенмен алға жылжу бар: «2019 жылдың І тоқсанында елор­даға 186 мың турист келді. Оның 30 пайызы – шетелдік турист. Өткен жылғы көрсеткіш 790 мың адамды құрады. Сонымен қатар Н.Назарбаев халықаралық әуежайын­дағы жолаушылар ағымы 5,8 пайыз­ға артып немесе 4,5 млн адамға көбейді. Халықаралық әуе рейстерінде қызмет көрсетілген шетелдік меймандардың саны 1,8 млн адамға жетті», – деді Нұр-Сұлтан қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқар­ма­сының басшысы Ерлан Бек­мырзаев. Оның айтуына қарағанда, биыл еліміздің бас қаласы ТМД елдері ішінде саяхат жасау үшін жиі таңдалатын үздік 5 қаланың қата­ры­на енген. «2020 жылы елордаға жылына 1 млн турист тарту мақсаты қойылып отыр. Өздеріңіз білетін­дей, қазіргі уақытта қаланың 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы әзірленіп жатыр. Оның ішінде туризм саласы жеке бағыт болып қарастырылған. Сол сияқты ребрендинг, яғни қала атауының өзгеруі де өз әсерін тигізеді деген ойдамыз. Және елор­даға келетін туристерді 1-2 күннен 3-4 немесе одан да көп күнге қалуы жолындағы нақты шаралар қолға алынады. Бүгінгі күні Нұр-Сұлтанға келетін турист қалада орташа есеппен 1,5 күнге тоқталады», – дейді ол.

Міне, бұл – елордадағы қазіргі жағдай, жаман емес сияқты. Бірақ туриске «сауын сиыр» ретінде қарамай, еліміздің қай қаласында болмасын жақсылап күтіп алғаны­мыз дұрыс-ау.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ