Еліме берерім көп
Еліме берерім көп
340
оқылды

Биыл Жастар жылы болып жарияланғаны белгілі.

Сондықтан да бүгінде жас буын өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсетілуде. Оған дәлел еліміздің әр санаттағы жастарына түрлі мүмкіндік беретін жүзге жуық жоба құрылған. Соның бірі – «Болашақ» бағдарламасы. Осы жылы «Болашақ» халықаралық стипендиясына 25 жыл толды. Соның қарсаңында Нұр-Сұлтандағы Ritz-Carlton Astana қонақүйінде «Болашақ кеші: мен елім үшін не істедім?» атты іс-шара өтіп, түлектер тәжірибесімен бөлісті.

 Әрқайсысының жас мөлшері, мамандығы әртүрлі болса да, оларды байланыстыратын – «Болашақ» бағдарламасы. Оған қоса, осы жастар бүгінгі күні Қазақстанның көркеюіне барынша атсалысуда.

Кеште Республикалық физика-математика мектебінің директоры Шыңғыс Нұрланов сөз бастап, мақсатқа жетуге не көмектескенін айтып, тәжірибесімен бөлісті. Ал Naimi.kz бас директоры Ұлан Қайырбеков пен Қазақ мұнай геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институтының директоры Асқар Мұнара арманның орындалатынын айтады.

Беркін Тұрқұлов – дәрігер, Перинатология және балалар кардиохирургия орталығында балалардың жүрек ауруын емдейді. 2012 жылдан бері 400-ден астам баланың жүрегіне ота жасаған. Кездесуде ол білім алудан қашпау қажетін айта отырып, Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген өлеңінен мысал келтірді. «Болашақ» бағдарламасының алғашқы түлегі, «Ситуативті қазақ тілі» үш томдық кітабы­ның авторы Қанат Тасыбеков өмірдің қамшының сабындай қысқа екенін, арман-мақсаттарды ертеңге қалдыруға бол­май­тынын жеткізді. Ал қазақстандық белгілі шахматшы, гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасов бұл бағдарламаның маңызын атап өтті.

Кеш соңында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Жанболат Мелдешов «Болашақ» стипендиясы жайлы толық мәлімет беріп, әлемдегі жетекші университеттерден тегін оқып, грант алуға кез келгеннің мүмкіндігі барын айтты. «Болашақ» бағдарламасының түлектері ғана емес, әр адам «Мен елім үшін не істедім?» деген сұраққа жауап бере ала ма? Сондықтан әр адам алдымен өзгеден емес, өзінен бастауы керек», – деді ол.

 Еркежан СОЦИАЛОВА