Қазақстан – бітімгер ел
Қазақстан – бітімгер ел
775
оқылды
Қазақ – бітімгер ұлт. Үлкен дауды ірі соғысқа жеткізбей алдын алған билерден қалған бұл мінез Қазақстанның мәмілегер мемлекет болып қалыптасуына ықпал еткендей. Бүгіндері Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының әлемдегі тыныштықты сақтау мен адам құқын қорғау сияқты міндеттерін жүзеге асыруға көмектесіп келеді, көмектесе де береді. Себебі, Қазақстан Елбасы салып кеткен бағытты жалғастырып, бейбітшілік пен жаһандық қауіпсіздікті сақтауды қолдайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан БҰҰ Бас хатшысы ұсынған реформаларды, соның ішінде бітімгерлік миссияларды қолдайтынын мәлімдеген.

«Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының міндеттері мен мақ­саттарын құрметтейді. Біз БҰҰ Бас хатшысы ұсынған реформа­ларды, соның ішінде бітімгерлік миссияларды қолдаймыз. Біз бітімгерлік қызметтің тиімділігін арттыру үшін ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Өкінішке қарай, қазіргі әлем өте құбылмалы болып тұр. Сондықтан біздің бірлескен қызметіміз жер шарын мейлінше тұрақты әрі қауіпсіз етеді деп үміттенемін», – деді Президент биыл мамыр айында елімізде алғаш рет өткен БҰҰ-ның Бітімгерлік симпозиумына келген қонақтарды қабылдау ке­зінде. Айта кетейік, биыл мамыр айының соңында өткен симпо­зиум бітімгерлік қызметтің қаты­сушылары арасында тығыз ын­тымақтастықты ұйымдастыруға, зерттеу және талдау орталықтарын тартуға мүмкіндік берді. Бұл өзге елдердің тәжірибесін зерделеуге, БҰҰ-ға мүше мемлекеттер қандай инновациялық идеяларды енгізіп жатқанын білуге мүмкіндік ту­ғызды. Іс-шараның ұйымдас­ты­рылуы болашақ қазақстандық бі­тімгерлік бастамаларды ілгері­летуге ықпал етеді. БҰҰ-ның бі­тімгерлік симпозиумдары бұған де­йін 2014 жылы – Италияда, 2015 жылы – Австрияда, 2016 жы­лы Оңтүстік Кореяда және 2018 жы­­-лы Германияда өткен екен.

БҰҰ симпозиумы – маңызды халықаралық шара саналады. Бұл іс-шара Қазақстанның БҰҰ та­рапынан белсенді бітімгер мем­ле­кет ретінде мойындалғанын білді­реді. Жуырда Қорғаныс министр­лігінің кеңейтілген алқа мәжілі­сіне қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Қарулы Күштеріне бітімгерлік қызметті кеңейту керегін айтқан болатын. Симпозиум барысында өткен талқылаулар мен келіссөздерде БҰҰ басшылығы мен жиын қаты­сушылары бүгінде әлем өзгеріске ұшырағанын, қауіп-қатер мен тәуекелдердің жаңа сипаты пайда болғанын растады. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, қазіргі кезде әскери бөлімшелермен қатар, мамандан­дырылған әрі жоғары білікті шағын әскерилер командалары айрықша сұранысқа ие болып отыр. Бұл қызметшілер бірнеше шет тілін еркін меңгеріп, ахуалды тұрақтандыруға ықпал ете алатын дағдыларды игеруі тиіс. «Сондық­тан да біз осы бағытта жұмыс істей­тін боламыз, яғни екпінді бітім­герлер санына емес, сапаға қоямыз. Бұл тұрғыда БҰҰ қолда­уына үміттенеміз. Сонымен қатар, бітімгерлік бойынша БҰҰ-мен ынтымақтастық кез келген ел үшін пайдалы. Себебі, бітімгерлік бөлімшелердің кәсіби, зияткерлік және технологиялық әлеуетін кө­те­руге мүмкіндік береді. Сәй­ке­сін­ше, бұл қадам барша Қарулы Күштердің әлеуетіне де әсер етеді. Атап айтқанда, бүгінде Батыс Са­хара мен Ливанда қызмет етіп жүр­ген біздің бітімгершілердің білік­тілігіне айтарлықтай жақсы баға беріліп отыр», – дейді министр.

Аталған симпозиум шеңбе­рінде отандық қорғаныс өнеркә­сібі өнімдерінің көрмесі ұйым­дас­тырылды. Сол көрмеде ұсынылған қорғаныс өнеркәсібі өнімдері БҰҰ бітімгерлік миссияларына контингент жіберуші мемлекет­тердің қызығушылығын тудырып отыр. Мәселен, бітімгерлік опера­циялар жүргізіліп жатқан қиын жағдайлардағы қақтығыс аймақ­та­рында отандық «Барыс» броне­техникасы мен «Арлан» миналарға қарсы қорғауы бар көліктер сияқ­ты отан­дық әскери техника сұра­ныс­қа ие болып отыр екен. Соны­мен бірге, Қазақстанның бітім­гер­лерді даярлау және ұлттық бі­тім­герлік әлеуетін дамыту бағы­тын­дағы жұмысы да БҰҰ-ның оң бағасын алған. Аталған ұйым осы жылдың басында «Бейбітшілік үшін серік­тестік» атты қазақстан­дық оқу ор­талығының бітімгерлік курста­рын сертификаттады. Енді орта­лық­тан әлемнің кез келген мем­лекетінің әскери қызметкері өте алады.

БҰҰ бітімгерлік симпозиумы­ның мамыр айының соңына бел­гіленуі тегін емес. Аталған ұйым­ның шешімімен 29 мамыр Ха­лықа­ралық бітімгерлер күні болып белгіленген. 2003 жылдан бастап мерекеленетін атаулы күн биыл «Азаматтық тұрғындарды қорғау – әлемді қорғау» деген ұран­мен өтті. Айтулы күн бейбіт­ші­лік жолында қаза болған бітім­герлерді еске алу және жоғары кә­сібилік, қайсарлық пен ерлік көр­сетіп, БҰҰ-ның бітімгерлік контингентінде қызмет еткен немесе қызмет етіп жүрген барлық әскериге құрмет көрсету үшін белгіленген.

БҰҰ мемлекеттер арасындағы шиеленісті қадағалап, тарап­тар­дың бейбіт келісімге келуі үшін мәмілеге шақырады. БҰҰ-ның «көгілдір береттер» немесе «көгіл­дір каскалар» деп аталатын бітім­герлік күштері соғыс жүріп жат­қан елдерге жіберіледі. Бітімгерлік күштер соғыс жүріп жатқан ай­мақ­тардағы адамдарға гуманитар­лақ және медициналық көмек көр­сетіп, сайлаулардың өту деңге­йін бақылайды. Жағдайдың даму барысын қадағалап, баяндап отырады. Олар ешкімге қару кезенбейді, тек өздеріне шабуыл жасалған сәтте ғана қолына қару алады. БҰҰ-ның бітімгерлік опе­рацияларына қатысу үшін әске­рилер БҰҰ-ға мүше мемлекет­тер­дің өкілдерінен ерікті түрде жасақталады. Халықаралық ұйым дерегіне сүйенсек, 1948 жылдан бері 750 мың әскери, полиция қыз­меткері мен азаматтық тұлға­лар әлемнің жүзден астам еліндегі осындай операцияларға қатыс­қан. 3 500-ден аса бітімгердің өмірі бейбіт өмір жолында құрбан болған. Қаза тапқан бітімгерлерге құрмет көрсету мақсатында Даг Хаммаршельд атындағы медаль бар. Даг Хаммаршельд – қаза болған БҰҰ Бас хатшысы. Қаза болғандар арасында Ирак еліне барған Қазбат бітімгерлер жаса­ғының құрамында болған капитан Қайрат Құдабаев бар. Ол 2005 жыл­дың 9 қаңтарында жарылған минадан қаза тапты. Әскери және қызметтік міндетін орындау кезінде көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін Қазақстан Прези­дентінің Жарлығымен бірінші дәрежелі «Айбын» орденімен және Польша, Украина, АҚШ Қарулы Күштерінің наградал­ары­мен марапатталған.

Қазақ бітімгерлерінің миссия­сы туралы сөз қозғалса, бірден 2003 жылы Қазақстанның бітім­герлік батальонының (Қазбат) жеке ин­женер-сапер жасағының Ирактағы жарылғыш заттарды жоюға бар­ға­ны еске түседі. Қазбат өзінің бітім­герлік миссиясы ке­зінде 4 млн-ға жуық жарылғыш зат­ты жойды, әскери дәрігерлер Ирак­тың 500 бейбіт тұрғынына кө­мек көрсетті. Сондай-ақ Ирак­тың қауіпсіздік күштерінің ма­ман­дарын дайындау мен жауын­гер­лерін әскери іске баулыған. Қаз­бат НАТО стан­дарттарына сай жаб­дық­талған және дайындалған, БҰҰ-ның «көгіл­дір каскалар» құ­ра­­мына енген. 2000 жы­лы құрыл­ған Қазбат кейін Бітімгерлік бри­гаданың (Қазбриг) қарамағына өтті.

Қазақстан үшін бітімгерлік қызмет халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті нығайту жөніндегі ел саясатының маңызды бөлігі ре­тінде қарастырылады. Сол се­бепті, 2015 жылғы 15 маусымда «Қа­зақ­стан Республикасының бі­тім­гер­шілік қызметі туралы» заңы қа­был­данды. 2014 жылдан бастап қазақстандық офицерлер Батыс Сахарадағы және Кот-д'Ивуардағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қол­дау жөніндегі БҰҰ миссия­сының шеңберінде қызмет атқарды. Со­нымен қатар, бітімгерлеріміз, со­ның ішінде әйелдер Батыс Саха­радағы ре­ферендум өткізу жөнін­дегі мис­сияға қатысты. Қазақ­стандық бітімгерлер Ұлыбритания және АҚШ Қарулы күштерімен бірге жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Дала қыраны» тактикалық-ар­найы бітімгерлік оқу-жаттығу­ларына қатысады.

Қазақстан ТМД кеңістігіндегі бітімгерлік күштерінің ірі жеткі­зушісі саналады. Соның бір мы­салы, былтыр қазан айында Қа­зақ­стан алғаш рет Ливандағы БҰҰ миссиясына (UNIFIL) үнді-қазақ бітімгерлік батальонының құра­мына 120 әскери қызметші жі­берді. Ливандағы әскерилеріміздің өз міндеттерін қалай орындап жат­қанын білу мақсатында Қор­ға­ныс министрі Нұрлан Ермек­баев аталған елге барып келді. БҰҰ миссиясына қатысушы­лар­дың міндеті – Ливанның қарулы күштеріне дем беру. Жағдайды бақылауда ұстау үшін көмектеседі. Қорғаныс министрі Нұрлан Ер­мекбаевтың айтуынша, бітімгер­лік қызметтің тиімділігін арттыру көзделіп отыр. «Оның ішінде ар­найы бөлімшелерге екпін береміз. Айталық, медициналық, инже­нерлік, әскери полиция, киноло­гия сынды бағыттарға басымдық беріледі. Әскерилеріміздің тағы бір міндеті – достық көпірін ор­нату. Жергілікті халыққа жәрдем­десу. Әскерилер үшін барлық жағ­дай жасалған. Жат жерде әс­кери міндет атқарудың жауапкер­шілігі ауыр. Күн де ыстық. Деген­мен жігіттеріміз мойымайды. Қиындыққа төселген. Жақсы нәтиже көрсетіп келеді», – дейді министр. Ливан жерінде жарты жыл қызмет еткен алғашқы топ елге оралды. Олардың орнына барған жаңа құрамға Ливанның шығыс бөлігін бақылау жүктелді.

Сөз басында Қазақстанның бітімгер елге айналғанын бекер айтқан жоқпыз. Сириядағы дағ­дарысты реттеу жөніндегі Астана процесі – соның бір мысалы. Алдағы 1-2 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында Астана форматында Сирия бойынша жоғары дең­гей­дегі 13-ші халықаралық кездесу жоспарланып отыр. Бұл кездесуде кепілгер елдер – Иран, Ресей және Түркия. Сондай-ақ Сирия үкіметі мен қарулы оппозициясы өкілдері бір алаңда бас қосады. Бақылаушылар ретінде БҰҰ мен Иордания, Ирак пен Ливан қатыспақ. Кездесу Сириядағы, әсіресе, Идлиб провинциясы мен елдің солтүстік-шығысындағы қазіргі ахуалды талқылауға, қақ­тығысушы тараптар арасын­дағы сенімді нығайту мен саяси про­цесті одан ары ілгерілетуге, сон­дай-ақ Сирия бойынша консти­ту­циялық комитет құру және іске қосу бойынша жұмысты аяқтауға назар аударады деп жоспарланған.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ