Берекеміз кетпесе, бұл сынақтан да өтеміз
Берекеміз кетпесе, бұл сынақтан да өтеміз
265
оқылды
Пре­зи­дент коронавирус панде­мия­сына байланысты елі­мізде қа­лыптасқан ахуалға баға бе­ре отырып, атқарылатын бір­қатар шараларды атап өтіп, қаймана жұртты са­быр­лы болуға, еңсені түсірмеуге шақырды. Әрі еліміздің COVID-19 індетімен күресте әлі де атқарар ісінің мол екенін, сал­ғырттық танытуға бол­май­тынын айтты. Президент пандемияға бай­ла­нысты Қазақстанда ғана емес, әлем­дегі ахуал да  күрделі еке­нін атап өтті. «Баршаңызға мәлім, қазір әлем­­дегі пандемияға байла­ныс­ты қалыптасқан жағдай күр­­делене түсуде. Коро­на­ви­рус­тың таралуы бәсеңдемей отыр. Кейбір елдерде бұл індет қай­тадан ушығып бара жатыр. Әлем бойынша осы ви­русты жұқ­тырғандардың саны ша­ма­мен 12 миллионға жетті, соның сал­дарынан 500 мыңнан астам адам қайтыс болды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сон­дық­­тан бірқатар елде карантин тәр­тібі қайта күшейтіліп, әуе, көлік қа­тынасы қайтадан шек­телген. Қа­зақстан да  мұндай қа­дамға амал­сыздан барып отыр. 5 шіл­де­ден бастап  еліміз­де екі апталық мер­зімге күшей­тіл­ген карантин шаралары ен­гізілді. Бұл өз кезе­гін­де жағ­дайды тұрақтандыруға сеп­­тігін ти­гізуі тиіс. Қазірдің өзін­­де ал­ғашқы нәтижелер көріне бас­тады.  

Алдағы екі апта – шешуші кезең

Еліміздегі  эпидемиоло­ги­я­лық ахуалды тұрақтан­дырып, ін­дет таралуын тежеуге  каран­тин­­нің  пайдалы болары анық. Оны Мемлекет басшысы да айт­ты. «Оның алғашқы бел­гі­лері де бар. Сондықтан, алдағы екі апта біз­дің болашақ қадам­дарымыз үшін шешуші кезең болмақ. Бар­лық азаматтарды тағы да карантин ере­желерін қа­­таң сақтауға ша­қыра­мын. Індет­пен күрестің нә­ти­желі болуы, ең алдымен, барша жұрт­тың саналы әрекеті мен жауап­кершілігіне байланысты. Бұл – өте қауіпті, батпандап кі­ріп, мыс­қалдап шығатын дерт», – деді Пре­зидент. Соны­мен  қатар  пан­демия еліміздегі ден­саулық сақтау са­ласына  көп ауыртпалық түсір­генін  айтты Қ.Тоқаев. Сонымен қа­тар ол мем­­лекеттің барлық қа­жетті шара­­ларды қабылда­ға­нын,  ме­дицина қызметкерлерінің жан­кештілігінің арқасында  емде­ліп шық­қан азаматтар саны мол екенін де атап өтті.  

13 шілде Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды

Мемлекет сонымен бірге  елі­мізде қайтыс болып жатқан аза­мат­тардың  да аз емес екенін,  әр аза­маттың қазасы жанына бата­тынын айтты. «Әр қазақ – менің жал­ғызым» дегендей, әр азама­тымыздың қазасы менің жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асыл­дарымызды жұлып әкету­де. Бүгінде қара жа­мылып отыр­­ған азаматтардың қайғы­ларына ортақтасып, көңіл айтамын», – деген Президент 13 шілдені  Ұлттық аза тұту күні ре­тінде жариялайтынын айтты. Осы­­лайша,  Қазақстан  1991 жыл­­дан  бері  тоғызыншы рет Аза тұту күнін жариялады. Өкі­нішке қа­рай, алғаш рет 2006 жыл­дың 22 қыркүйегінде  жа­рия­ланған Аза тұту  күні соңғы жеті айда екінші рет қайталанып отыр. Бірақ  Аза тұту күнін жа­риялау – амалсыз  жа­салған қадам. Өйткені  елімізде ко­ро­навирус пандемиясынан  қаза тапқандар саны соңғы бірер айда күрт өсіп кетті. Бұқараның ара­сында өлім-жітім көбейіп тұр. Халықтың көңіл-күйі түсіп кетті. Сондықтан  бақиға аттан­ғ­андар­ды ел болып аза тұтып, әруақтарға құрмет көрсетудің артықтығы жоқ. Бұл  қадам мем­­лекеттің өз хал­қымен бірге еке­нін бұқараға се­зіндіру үшін де қажет.  

Күрес жалғаса береді

Президент індетпен күрестің жалғаса беретінін, алайда бұл індетті адамзат баласының жуық арада жеңе қоюы екіталай еке­нін айтты. Бірақ сары уайымға салынып, қайғыға батып, түр­лі қауесетке сенудің, еңсені түсіру­дің қажеті жоқ. Сондықтан салмақты, сабырлы болмақ ке­рек. Ол үшін ақпараттың жедел, деректердің ашық болмағы керек. Президент те осы жайды тұспалдады. «Біздің жұмысымыз айқын, қоғам алдында ешнәр­сені жасырмай, ашық айтамыз. Болашақта да солай болады. Бүкіл күш-жігерімізді жинап, індетпен күресе беруіміз керек. Осындай күрделі жағдай кезін­де ел арасында көптеген жал­ған әңгіме тарауда. Теріс ақпа­рат таратып жүрген арам пиғылды адамдардың әрекеттері орын алуда», – деді Мемлекет басшысы. Шамасы, Президент ел ішін кезген қауесеттерден, жалған ақпараттардан хабардар болса керек, мұндайға сенудің зиян екенін айтты. Расында да, қазір қоғамда жалған ақпарат көп. Адамдарға чип орнатудан бастап масондардың «қастандық теориясы», «аспаннан вирус шашуға» дейін түрлі ақпарат мессенджерлер мен интернетте шектеусіз тарап жатыр. Одан бөлек, ел ішінде өз бетінше адамдарды емдеуге талпынып жатқандар да бар. Дәрігерлер тарататын ақпараттың да біріз­ділігі жоқ. Мұның да кері әсері бар екені анық. «Дәрігерлеріміз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы азаматтарға нақты, бірізді мәлімет беруі керек. Дертті емдеудің неше түрлі жолын көрсетіп, адамдардың денсаулығына қауіп төндіруге болмайды. birgemis Мұндай әрекеттерге тосқауыл қою керек», – деді Президент. Сонымен қатар ол Қылмыстық кодекстің 174-бабына сәйкес жалған ақпарат таратқан адам жауапқа тартылатынын да атап өтті. «Құқық қорғау органдары ел ішіндегі осындай жөнсіздікке қатысты қатаң шаралар қол­данатын болады. Сол сияқты дәрі-дәрмектің бағасын бірнеше есе өсіріп, қалыптасқан жағдайды өз мақ­сатына пайдаланғысы кел­ген алып­­са­тарларды да құ­қық қорғау ор­ган­дары менің тапсыр­мама сәйкес жауапқа тар­та бастады», – деді Қ.Тоқаев.  

Алаңдауға негіз жоқ

Соңғы кездері қоғам дәрі-дәр­мек пен ауруханаларда орынның жетіспей жатқаны жайлы ақпа­рат­тардан дүрлігіп тұрған еді. Дәрі-дәрмек тапшылығына қа­тысты мәліметтер еліміздің бар­лық аймағында тіркеліп жатыр. Дегенмен бұл жағдай да реттеле бастады. Президенттің тапсырмасы бойынша алып­са­тар­лармен күрес күшейіп, дәрі­ха­наларға дәрі-дәрмек жет­кізу жолға қойыла бастады. «Қазір мемлекеттік органдар елді мекендерді қажетті дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етуде. Осыған орай тиісті қор жа­сақталған. Төсек-орындар да, медициналық қызмет көрсету ісі де толығымен қамтамасыз етіледі», – деді Президент. Оның сөзіне қарағанда, қазірдің өзінде азаматтарды үйде емдеу үшін 400 әмбебап мобильді бригада құрылған. Шілденің аяғына дейін олардың саны 3,5 мыңға жетеді. Ауруханалардағы орындарды көбейту шарасы да қабылданды. Президент арнайы тапсырма берген соң коронавирус жұқтырғандарды емдеуге арналған орындар саны 70 пайызға өсіп, 43 мың орынға жетті. Сонымен қатар қазір індетпен күреске әскери дәрігерлер мен Қарулы күштердің ресурстары да жұмылдырылған. Соның нәтижесінде қосымша 500 орын әзірленді. Жұмыс істеп тұрған лабораторияларға қосымша 20 ПТР-анализатор сатып алынды. ПТР тестін өткізетін 8 мобильді орталық құ­рылып жатыр. Олардың бір­қатары ауылды жерлерде орна­ласпақ. Мұның барлығы тест мөл­шерін тәулігіне 40 мың да­наға дейін өсіруге мүмкін­дік беріп отыр. Одан бөлек, дәрі­лерге сертификат беру мер­зімі де қысқарған. Прези­дент сертификат беру процедура­сы­ның қысқартылуы елді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жетілдіру үшін жасалғанын айтты. Сонымен қатар вирусқа қарсы дәрілерді елге әкелу де жеңілдетілді. Жаңа дәріні тіркеу де оңай болмақ. Ал Үкімет пен әкімдер ауруханалар мен стационарларды дәрі-дәрмекпен қамтуға жедел түрде кірісіп кетті. Қазірдің өзінде ауруханаға түскен 30 мың адамды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің мүмкіндігі бар. Бұл қазір емделіп жатқан адамдар санынан біршама көп. Бүгінде ауруханалар мен стационарларда шамамен 18 мың адам ем-дом алып жатыр. Демек, Президент індет таралу деңгейі қазіргіден де күшейер болса, соған дайын болуды тапсырды деген сөз. Яғни, өрт шыққанда су таситын шелек іздегеннен гөрі, суы бар ыдыс даярлап қою, оның алдын алумен айналысу тәрізді іс бұл. Ал біз пандемиямен күрес кезінде су таситын ше­лек іздегендей күй кештік. Сондықтан Мемлекет басшысы алдағы күндерге даяр болуды ескертті. Әрі мемлекеттің жасап жатқан шараларын бұ­қараға өз аузымен айтып берді. Прези­денттің сөзінен ұққанымыз – атышулы парацетамол дәрісінен тапшылық көрмейміз. 800 мың қорап дәрі қазірдің өзінде дәріхана желілеріне жеткізілді. Аптаның аяғына дейін тағы 900 мың қорап дәрі келеді. Одан бөлек, 150 мың қорап антибиотик дәріханаларға таратылған. Жуық арада дәрі-дәрмек мәселесі толық шешілмек. Дәрі-дәрмек сатып, өкпені жасанды жолмен желдету аппараттарын сатып алуға, медперсоналды ынталандыруға және басқа да мақсаттар үшін 150 млрд теңге бөлініпті.  

Қателік жасағандардың ісіне баға беріледі

Мемлекет басшысы корона­вирусқа қарсы күресте қапы қалдырған факторларды да атады. Президент денсаулық сақтау жүйесі індетке тойтарыс беруге дайын болмағанын айтты. «Осы мәселе бойынша біз тергеу жүргіземіз және бұл жағдайдан сабақ аламыз. Әкімдердің жіберген қателіктеріне тиісті баға береміз», – деді ол. Президенттің сөзіне қарағанда, Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығы жүйелі қателер жіберген. Оған әкімдердің жайба­сарлығы мен салғырттығы да қо­сылды. Соның салдарынан коронавирус індетінің екінші толқынына ұрындық. Оған алып­сатарлардың қылығы, қолдан жасалған дүрбелең, бұқараның бейқамдығы да қосылды. Әри­не, Президент халықтың бейқамдығын айтқан жоқ. Бірақ біздің той-томалақ пен өлім-жітімге көбірек барып, «өлімнен ұят күшті» қағидасын басшылыққа алған кездеріміз болды. Алайда қазір тұтас елдің қауіпсіздігі үшін көңіл жықпастықтан аулақ болу керек. Ал өзгесін мемлекет реттеуге мықтап кіріскені байқа­лады. Бастысы, бүгінгі ұрпақ қиын­­дыққа төтеп беруі керек. Пре­зи­дент оны қадап айтты. «Біз – та­лай зобалаң мен сынақты бас­­тан өт­керген, тарихтың та­лай дауы­лына бой бермеген халық­пыз. Батыр бабалардың жолын жалғаған бүгінгі ұрпақ та қазіргі қиындыққа төтеп береді деп сенемін. Бәлкім, бұл біздің бірлігімізді байқау үшін берілген сынақ шығар. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұйымдаса білсек, бұл сыннан да өтерміз. «Денсаулық – зор байлық» деген халқымыздың дана сөзінің қадірін білейік. Әр азаматтың амандығы үшін күресейік!», – деді Мемлекет басшысы.  

АмангелдіАмангелді ҚҰРМЕТ