Қоғаммен ашық диалогке жауапты қызмет
Қоғаммен ашық диалогке жауапты қызмет
313
оқылды
Иә, пандемия халыққа жеңіл тиіп жатқан жоқ. Көңілсіз жұрт мұң-зары мен өтініш-шағымы мемлекеттің құ­лағына жеткенін қалайды. Бұл орай­­да былтыр Президенттің тыңдау­шы ­мемлекет идеясын жүзеге асыру мақсатында құрылған құрылым – Пре­зидент Әкімшілігінің өтініштерді қа­рауды бақылау бөлімін еске алмау мүм­кін емес. Бөлім бір жылдан бері қан­ша адамның мәселесін шешуге кө­мектесті, халық үніне құлақ асатын мем­лекетті қалыптастырудағы жұ­мы­сы қандай нәтиже берді? Бұл сұрақ­тардың жауабын Бөлім басшысының орын­басары Данияр Қадыровтан білдік. – Мемлекет басшысының тұжырымда­масы  азаматтар мен мемлекет арасындағы диа­логтың, өзара байланыс пен ынтымақ­тастықтың жаңа негізін құрайды. Азаматтар өтінішіне жедел әрі тиімді жауап беру – тұжы­рымдаманың бір аспектісі ғана. Ха­лық­пен тікелей жұмыс істей жүріп, көптеген адам үшін Президент Әкімшілігінің қабыл­дау бөлімі мәселесін шешудің соңғы үміті екеніне куә болдым. Олар бізге үлкен сенім­мен келеді, сондықтан жауапкершілікті сезі­не отырып, мәселені шешудің заңды мүмкіндігін табуға тырысамыз. Бөлім ашылып, жұмыс істеген бір жылдан кейін біз белгілі нәтижеге жеттік деп сеніммен айта аламын, – дейді Данияр Қадыров. Оның айтуынша, Google, Facebook, Tesla компаниялары әлемді өзгерту, оны ашық, қолжетімді және ыңғайлы етуді мақ­сат тұтты. Бөлім миссиясы да осы тектес: аза­маттар мен мемлекеттік органдар ара­сындағы байланыс сапасын арттыру үшін халықтан келген өтініш-шағымдармен жұ­мыс істеудің бірегей экожүйесін құруды көз­дейді. – Біздің міндетіміз – мемлекеттік ор­ган­дар мен халық арасындағы өзара әре­кет­тестіктің түбегейлі жаңа сапасын қалып­тас­тыру. Бұл қағида біздің жұмысымызда қазірдің өзінде іске асырылып жатыр десем, ар­тық болмас.  Бөлім азаматтарды қабыл­дау­дың екі форматын қарастырады: Пре­зидент Әкімшілігінің фронт-кеңсесіндегі қабылдау және Президент көмекшісінің көшпелі қабылдауы. Қабылдауға жазылған кез келген адам таңдау жасай алады, яғни ол Нұр-Сұлтанға келіп өтінішін ауызша айта ала­ды немесе өз өңіріндегі әкімдік пен Пре­зидент Әкімшілігінің фронт-кеңсесі ара­сындағы бейнеконференция арқылы қа­был­дауға қатыса алады. Сонымен қатар өзі тұратын өңірде Президент көмекшісі көш­пелі қабылдау өткізгенде қабылдауына кіре алады. Басқаша айтқанда, егер адамның денсаулығы, қаржылық жағдайы, уақыты­ның жетіспеуі немесе басқа да себептерге байланысты Нұр-Сұлтанға келуге мүмкіндігі болмаса да, біз оған әрдайым қолжетімдіміз. Бұл шара, әсіресе Нұр-Сұлтанға, Президент Әкімшілігінің фронт-кеңсесіне келуге қар­жы­лық мүмкіндігі жоқ әлеуметтің әлсіз аза­­­маттарына қатысты», – дейді ол. Бөлім құрылғаннан кейін азаматтарды қабылдауды Президенттің көмекшісі немесе оның орынбасарлары ғана жүргізеді. Өті­нішті қарауға құзыретіне белгілі бір аза­мат­тың өтінішін қарау мәселесі кіретін мем­ле­кеттік органдар өкілдері де сөзсіз қатысады.  Мүм­кіндік болса, өтініш беруші көтерген мәселе сол жерде шешіледі екен.  

Халық сенімі артып келеді

Бөлім басшысының орынбасары айт­қандай, бірлескен жұмысқа азаматтық қо­ғам институттары да тартылған. Бір мысал, ҚР Заңгерлер палаталары қауымдастығының өкіл­дері келіп түскен өтініштерге тәуелсіз сарап­тама жүргізіп, тиісті қорытынды дайын­дайды, ол қорытынды прокуратура, құқық қорғау, орталық және жергілікті атқарушы органдарға жіберіледі. Бұл орайда былтыр қалыптасқан тәжірибенің жоғары тиімділігін атап өтиу болады. Мысалы, же­келеген өтініштер бойынша, азаматтық қо­­ғаммен өзара әрекеттесудің арқасында прокурордың әрекет ету актілерін енгізуге қол жеткізілді, ал сот органдары алдыңғы сот шешімдерін қайта қарады. Сонымен қа­тар, азаматтарды қабылдау кезінде тар­тыл­ған заңгерлер мыңға жуық тегін заңгер­лік кеңес бершен. – Фронт-кеңселердің белсенді жұмысының арқасында адамдар рұқсат етілмеген 6 митингіден, жалғыз адамдық ондаған пикет­тен, үш суицид пен бір аштық жариялаудан құтқарылды. Менің ойымша, бұл фактілер біздің жұмысымызға деген халықтың белгілі бір деңгейдегі сенімін көр­сетеді. Өмірдің қиын жағдайына тап болған адамдар бізге берген өтініштеріне объективті, ашық және ең бастысы сапалы қарай­тынымызға сенді. Алдағы уақытта біз Президент Әкімшілігі фронт-кеңсесінің жұмыс тәжірибесін об­лыстарға енгізуді көздеп отыр­мыз», – дейді Данияр Рамазанұлы. Өткен жылдың 5-6 тамызында Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігі базасында көшпелі қабылдау өтті. Сол жерде жергілікті ат­қару­шы органдармен өзара әрекет­тесу алгоритмі жасалды. Содан кейін-ақ Президент Әкім­ші­лігінің фронт-кең­сесі жауап­ты мемлекеттік орган­дар мен аза­маттық қоғам институт­тарының өкілдерін тартып, жаңа форматта жұмыс істей бастады. Бөлім жұмыс істеген бір жылдың ішінде қабылдауға 1 777 азамат келген, оның 700-і Пре­зи­дент көмекшісінің республи­ка­ның 9 аймағында болған қабыл­дауына келген екен. Ал 2019 жылдың 21 қарашасында Бөлім бастамасымен тұңғыш рет Бірыңғай қабылдау күні өткізілді. Ол күні орталық мемлекеттік органдардың басшылары мен бар­лық деңгейдегі әкімдер азамат­тарды жеке қабылдады. Бірыңғай қабылдау күнінде республика бойынша қабылдау органдарына 14 мыңнан астам адам жүгініпті.  

Ұсыныс айтпай тұрып, ой­ланып алған жөн

 Бөлім азаматтарды қа­был­­дап, өті­нішін қараудан бөлек, ай сайын мемлекеттік орган­дар­дың азаматтарды қалай қабыл­дай­тынын да бақылайды. Егер мем­лекеттік органдардың арасында аза­маттарға арнап қабылдау өткіз­бейтін немесе азаматтарды қабыл­дауға тіркемей жатқаны туралы деректі анықтаса, бірден ол мәсе­лені зерттеп, нақты шара қабылда­нады. Бо­ла­шақта бұл тәжіри­бені де облыс әкім­діктері деңгейінде тарату жос­парланып отыр. D.Кadrov Данияр Қадыровтың ай­туынша, Бөлімге түскен өтініш­тердің 47 пайызы Алматы, Ақмола, Қостанай, Жамбыл және Түркістан облыстарынан келген. Олардың басым бөлігі (68,8%) коммуналдық қызмет, әлеуметтік қорғау, тұрғын үй және жер мәселелерін көтерді. – Бөлім жұмысы халықтың бәріне бірдей ұнайды десем, ар­тық айтқан болар едім. Мысалы, кейде азаматтар кездесуді алдын ала тағайындау керек екеніне наразы болып жатады. Олар өздеріне ыңғайлы уақытта келе алмайтынына өкпелі. Бірақ мен өз тәжірибеме сүйеніп, азаматтарды қабылдау сол азаматтардың өзі мұқият дайындалып келген кезде ғана мағыналы болатынын айтқым келеді. Ал ол үшін белгілі бір уақыт қажет. Сондықтан көтеретін мәселені жақ-жақты зерделеп алса, өзі үшін пайдалы, – дейді ол. Ал халық өз өтініші ескерусіз қалады деп алаңдамаса болады. Себебі Бөлім өтініштерді қарау сапасын жақсартуға басымдық беріп отыр. Мысалы, электронды үкімет порталы арқылы не­месе қағаз жүзінде түскеніне қара­мас­тан, мемлекеттік органдар азамат­тардың мәселелерін шешудің нақты тәртібі мен мерзімін бел­гілеуіне міндетті. Ал оны Бөлім бақылауына алған. Мәселен, егер бірнеше аза­маттың өтініші бір-бірін қайта­лайтын болса, мүдделес болса, онда Бөлімнің қолдауымен меке­меаралық үйлестіру жүзеге асыры­лады, оның ішінде нақты проб­лемалар бойынша жұмыс топтары құрылады. Мұндай мысалды үлес­керлер өтініштеріне қатысты келтіруге болады. Бұл ретте Бөлім қызметкерлерінің ұсынысы бойын­ша мемлекеттік органдардан бас­тапқы материалдарды қал­пына келтіру және талдау тәжіри­бесі енгізілді. Әдетте, бұл инспек­циялық хаттамалар, сарапшы­лар­дың пікірлері, отырыстар­дың хат­тамалары, типтік келісімшарттар және т.б. Осылайша, мемлекеттік орган­дардың өтініштерді қарау сапасын бағалау Бөлімге берілген жауапқа ғана емес, бірақ мемлекеттік ор­гандар жүргізетін жұмыстардың барлық спектріне негізделеді. – Жоғарыда атап өткенімдей, қажет болған жағдайда өтініш берушінің сұрағы бойынша, сон­дай-ақ мемлекеттік орган­дардың жауаптары бойынша құқықтық сараптама жүргізіледі. Сонымен қатар Бөлім қызметкерлері мем­лекеттік органдардың дәлел­дерін екі рет тексеру үшін өті­ніш беру­шілермен міндетті түрде бай­ла­нысқа шығады. Тұр­ғындар өті­нішіне негізделген мәселелер ше­шілген соң шағым жиі айтылатын құрылымның жұмысына шағын тергеу жүр­гіземіз. Себебі біз кө­теріл­ген мәселелердің түпкі себе­бін анық­тауға тырысамыз. Сон­дайда көбіне-көп адами фак­торға тап боламыз, яғни біреу қыз­метіне немқұрайды қарайды, қа­телік жібереді, лауазымын теріс пай­даланады немесе мүлде әре­кет етпеген болып шығады. Сон­дықтан біз формализм фак­ті­лері­мен, қызметтік міндетіне нем­құрайды қараушылармен де кү­­ре­сіп жатырмыз деп айтар едім, – дейді Данияр Рамазанұлы. Ең бастысы, Бөлім құрыл­ғалы бері өткен бір жылда мол тәжірибе жиналды. Енді өңір­лердегі тұрғындар өтінішін қа­рау жұмысын бастаған облыс әкім­діктеріндегі ұқсас бөлімдер де осындай фактілерді анықтауға және уақытылы жауап беруге жұмыл­дырылмақ. Бұл ретте Бөлімде қызметкерлерінің дағдысы, білімі мен тәжірибесі басқа мемлекеттік органдар арасында таратылатын әдіснамаға негіз етіп алынбақ.  

Президентті тойға шақыратындар бар

Бөлімге халықтан ерекше өтініштер де келіп жатады екен. Мысалы, Мемлекет басшысын үйлену тойына немесе баласының тұсаукесер тойына шақыратындар бар. Ал шетелдік азаматтар Прези­дентке қолтаңбасы қойылған фотосуретін жіберуді өтінеді. Десе де, Бөлім қызметкерлері белсенді азаматтық ұстанымы бар азаматтар ерекше назар аударуға лайық деп санайды. Олар экономиканың түрлі салаларын, туризмді, спортты, мәдениет салаларын дамытуға қатысты ұсыныс жолдап жатады. Бір қызығы, арасында кейде өз ұсы­нысынан бас тартатындар кездеседі екен. – Былтыр бізге аймақтық және өңіраралық туризмді да­мыту ту­ралы ұсыныс келіп түсті. Ұсыныстардың өзектілігі мен оларды іс жүзінде іске асыру мүмкіндігін сараптап бағалау үшін ол өтінішті Мәдениет және спорт министрлігіне жолдадық. Ми­нистрлік өтініш авторын өз ұсы­нысы тал­қыланатын жина­лыс­қа шақырды. Оның ұсынысы бойын­ша жұмыс тобы да құрыл­ды, бірнеше рет басқосу өтті. Мұ­ның бәрі бір айдан астам уа­қытқа созылды. Бір күні өтініш беруші бәрі осыншалықты ауыр болатынын және оның пікірі жоғары деңгейде талқыланатынын білмегенін айтып, хабарласты. Тіпті, ол өз ұсынысын оңай әрі же­дел жүзеге асыруға болады деп ой­лап қателескенін айтты. Сон­дықтан бізге қандай да бір ұсыныс жіберген болсаңыз, онда сіз жұмыс тобының құрамында жұмыс істеуге дайын жүруіңіз керек, – дейді Бөлім басшысының орынбасары. Бөлім жұмысы ресми сипатта дегендер қателеседі. Бөлімде небір қызық жағдайлар болып тұрады. Мысалы, былтыр қабылдауға кешігіп келген шетел азаматы вок­залдан күтіп алатын шағын сөм­кесін алуға үлгермейтінін айтады. Бөлім қызметкерлері ол азаматтың сөмкесін күтіп алып, көмектесуді ұйғарады. Бірақ сөмкені алуға барғанда көлікке үлкен-үлкен 8 «қытай сөмкесін» тиеуге тура ке­ліпті. Абырой болғанда, автокөлікте ол сөмкелерге орын табыла кет­кен. Бөлім қызметкерлері ара­сында осындай өтініштерді орын­дай береді. Себебі олар үшін қабылдауға келген азаматтың әр­қайсысы бағалы. Бөлім бүгінгі таңда пандемияға байланысты өтініштерді бейне­конференция арқылы қабылдап жатыр. Президентке өтініш айту­шылар қарасы көп-ақ. Мысалы, маусым айында ғана Президент көмекшісі Тамара Дүйсенова еліміздің 7 өңірінен 55 адамды қабылдады. Бүгінгі қиын кезеңде өтініштердің арасында шұғыл шешуді талап ететіндерін сараптау күшейтілді және ол мәселені жедел түрде шешуге назар аударылады. Себебі Бөлімнің негізгі міндеті – осынау қиын кезеңде өтініштерді сапалы және уақытылы қарауды қамтамасыз ету.  

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ