«Нұрлы жерден» үміт көп
«Нұрлы жерден» үміт көп
320
оқылды

Қарағандыдағы Nur Otan партиясының ғимаратында Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға облыс әкімінің орынбасары А.Айдаров, Nur Otan партиясы ҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Қ.Оспанова, облыс прокурорының орынбасары Д.Айтмұхаметов, полиция департаменті бастығының орынбасары Е.Қалиәкпаров, Қарағанды қаласының әкімі Н.Әубәкіров және аудан әкімдері мен облыстық басқармалардың, мемлекеттік мекемелердің жетекшілері қатысты.

Президент көмекшісімен кездесуге келген облыс тұрғындарының көпшілігі бас­пана мәселесін сөз етті. Бірі – ұзақ жыл­дан бері кезекте тұрса да баспаналы бола алмай жүргенін, енді бірі еңбекақысының аздығынан ипотекалық несиенің алғашқы жарнасын төлей алмайтынын айтып ша­ғымданды. Теміртау қаласының тұрғы­ны Ш.Әбілова, қарағандылық Ә.Рымбаева, Ж.Достаева, А.Әлімбаева, Р.Хасенова және басқа да азаматтардың баспана мұқ­таждығы туралы айтқан өтініштерін мұ­қият тыңдаған Аида Ғалымқызы қамкөңіл жандарды сабырға шақырды.

– Проблемаларыңызды жақсы түсіне­мін. Дегенмен сіздерге көмектесем деп құ­р­ғақ уәде бергім келмейді. Неге де­сеңіз­дер, жылдар бойы пәтер кезегінде тұр­ғандарды, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды ысырып тастап, олардың құқығын таптауға болмайды. Сондықтан еліміз бойынша іске асырыла бастаған «Бақытты отбасы», «Нұрлы жер» сияқты мем­лекеттік бағдарламаларға қатысыңыз­дар. Бұл тарапта заң аясында мүмкін бол­ған көмектің бәрі көрсетіледі. Сіздер кө­тер­ген мәселелерді хаттамаға тіркетіп, тиіс­ті орындар алдына әрқайсысы бойын­ша нақты міндеттер қойылатын болады, – деді Аида Балаева.

Президент көмекшісімен кездесуге мүм­кіндігі шектеулі жандар, ауыр дертке шал­дыққан балалары бар ата-аналар да көп­теп келді. Теміртау қаласының тұр­ғыны Ж.Байтоков мүгедек жандарға қатысты ше­шімін таппай келе жатқан өзек­ті мәселені қоз­ғады. Ол шипажайға бар­ған арбаға таңыл­ған мүгедек жанды алып жүретін адам­ға ақша төленбейтінін ашына айтты. Ал Қарағанды тұрғындары А.Дүскенова ар­бадағы мүгедек баласын, С.Мәнжібаева цере­бральды сал ауруына шалдыққан бала­сын емдеуге материалдық көмек сұрады.

Азаматтарды қабылдау барысында туын­даған сұрақтар, көтерілген мәселелер бойынша тиісті мемлекеттік органдардың қыз­меткерлері өтініш иелеріне жауап бе­ріп, ақыл-кеңесін айтып отырды. Қала әкі­мі Нұрлан Әубәкіров сұрақтың басым көп­шілігі баспана мәселесі болғандықтан, әңгімеге жиі араласты.

Қабылдауға келген жандардың ішінде медициналық қызметтің сапасына, дәрі­герлердің біліктілігіне, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі кемшіліктерге сын айтқандары да көп болды. Осы ретте Аида Ғалымқызы облыстық денсаулық сақтау басқармасына медициналық мекемелер­дегі қызметкерлерді аттестациядан өт­кі­зіп, медициналық қамтамасыз ету бойын­ша толықтай сараптама жасауды тап­сыр­ды. Кездесу соңында Президент көмекшісі тұр­ғындардың жеке мәселесі, олар көтер­ген проблемалардың барлығы жіті назарда болатынын айтты.

Жұмыс сапарының екінші күні Аида Балаева Қарағанды облысының ғылыми және зиялы қауым өкіл­дерімен, жастармен кездесті. Қарағанды эко­номикалық университетінде өткен кез­десуге жер­гілікті ЖОО оқытушы ға­лымдары, театр артистері, БАҚ өкілдері, жазу­шылар қатысты. Кездесуді ашқан Аида Балаева Қарағанды қаласына келген жұмыс сапары жайында, кешегі күні тұ­рғындарды қабылдау кезінде алған әсері мен түйген ойлары туралы қысқа да нұсқа айтып берді.

– Сіздер жұртпен етене араласып жү­ре­сіздер, елдің мұңы мен тілегін жақсы біле­сіздер. Сондықтан бүгінгі бейресми жағ­дайдағы кездесуде сіздердің жүйелік сипаттағы ұсыныстарыңыз бен өтініш-тілектеріңізді тыңдағым келеді, – деді Аида Балаева.

Басқосуда алғашқылардың бірі болып сөз алған С.Сейфуллин атындағы қазақ дра­ма театрының артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов өнер саласындағы біршама мәселе туралы айтып өтті. Театр және кино актері бүгінгі күнде осы салада кадр мәселесінің өте өткір тұрғанын тілге тиек етті. Ал облыс­тық «Орталық Қазақстан» газеті бас ре­дак­торының бірінші орынбасары Ерсін Мұсабеков журналистер мәртебесі туралы мәселені көтерді.

– БАҚ өкілдері не бюджеттік, я болма­са мемлекеттік қызметке жатпайды. Мәр­те­бесі болмаған соң, көп жағдайда есесі кетіп жүреді. Мәселен, жас журналистер ипотекалық несие алайын десе, мәртебесі болмаған соң түрлі мемлекеттік бағдар­ламаға қатыса алмайды, – дейді ол.

Жергілікті жоғары оқу орындарының оқы­тушы-ғалымдары жағдайы жасал­мағандықтан, жас ғалымдардың шетелге кету үдерісінің үдеп бара жатқанына қын­жылатынын жеткізді. «Болашақ» ака­демиясының кафедра меңгерушісі Ақыл­бек Қабжанов жағдай осылай жалғаса беретін болса, жастары 50-ден асқан ға­лы­мдар да шетелдерге көшіп кетуі әбден мүмін дейді.

Кездесу соңына таман Аида Балаева оқы­тушылардың жас ұрпақты тәрбиелеу ісіндегі рөлінің аса маңызды екеніне назар аударды.

– Бүгінгі жастарымыз білімді, мәде­ниетті және рухани тұрғыда өте бай болуы керек. Жастар оқу-білімге тартылмаса, жұ­мыспен қамтылмаса, қоғамдағы орнын таппаса, онда міндетті түрде психология­лық дағдарысқа душар болады. Әсіресе, ауылдық жерлерден қалаға келген жастар қоғамдық өмірде әлеуметтік тұрғыда бейім­деле алмай, өкінішті жайттарға ұры­нып жатады. Сіздер мен біздің міндет – мұн­дай рухани құлдыраудың алдын алу, – деді А.Ғалымқызы.

Бұдан кейін Аида Балаева Қарағанды қаласындағы Гоголь атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында үкі­мет­тік емес ұйымдардың өкілдерімен жә­не облыстың белсенді жастарымен кез­десіп, олардың ұсыныс-тілектерін тың­дады.


Әбілмансұр ЖАСАН