ХҚКО халыққа қызмет ете ме?
ХҚКО халыққа қызмет ете ме?
537
оқылды
 

Кімнің құзыретінде?

Әлеуметтік желілер арқылы азаматтардан халыққа қызмет көрсету орталығының қызметіне қатысты шағым көбейген. Ша­ғымдар негізінен кезекті онлайн брондау мен қызмет алуға қатысты. Осыған байланысты арнайы мони­торинг тобы елордадағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының карантин жағдайындағы жұмы­сын тексерген. «Бұл мәсе­лені Ұлттық ақпараттық техноло­гия­лар басшылығымен бірлесіп шешеміз. Яғни, 3 тамызға дейін ХҚКО-дағы кезекті брон­дау проблемасы біржақты бола­ды. Осы тұрғыда құзыретті орган­дардың жұмысындағы кемшіліктің барын айтып өткен жөн, біз оны жасырмаймыз. Халыққа қыз­мет көрсету орталығы қыз­метін­дегі тағы бір кедергі – алыпса­тар­лардың проблемасы. Негізі, алыпсатарлардың мәселесімен құқық қорғау органдары айналы­суы тиіс, себебі ол сыбайлас жем­қорлық әрекетіне жатпайды», – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мамандары бұл біздің құзыретімізге кірмейді деп, оны құқық қорғау органдарына сілтеп отыр. Ал мониторинг топ құрамында Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен қатар ішкі істер органдары өкілдері бар екенін ескерсек, бұл мәселеден басын алып қашу емес пе?!  

 Әлекке салған кезек

Қазіргі таңда мамандан­ды­рылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында қызмет түрлерін алуға көмек көрсетемін деушілер көбейді. Яғни, олар алдын ала брон жасай отырып, өзінің кезегі арқылы қызмет алуға мүмкіндік жасап береді және сол үшін аза­мат­тардан ақы алады. Ал өздігі­мен уақытын жұмсап онлайн тір­кел­гендер кезегі келгенде қыз­метін ала алмаған жағдайлар да көп­теп кездеседі. Мәселен, елорда тұр­ғыны Жалғас Елемес көлік жүр­гізу куәлігін алу үшін екі ап­тадай жүрген. «Мен 10 күн бұрын көлік жүргізу куәлігімді алу үшін мамандандырылған ХҚКО-ға онлайн тіркелдім. Тиісті күні келсем, ХҚКО жұмыс істемейді. Сенбі күні жұмыс істемейтіні бар, несіне адамдарды кезекке жазады? Жалғыз мен емес, қанша адам барды. Оларды да жұмыс істемейтін күні кезекке брондаған» деген студент осы уақыт аралығында қаншама уақытын жоғалтып, қаражатын кетіргенін айтты. Ал жақында Цифрлық даму министрінің бірінші орынбасары Бағдат Мусин осындай мәселенің алдын алу үшін жаңа тәсіл ұсынды. «Азаматтарға арналған үкімет басшылығына жемқорлықпен байланысты осындай әрекеттердің алдын алуға бағытталған жаңа механизм іске қосылғанша жағ­дайды бақылауда ұстауды тап­сырдым. Жаңа тәсіл бойынша, көлік нөміріне немесе сатушының болмаса сатып алушының ЖСН-не тіркеу жүргізіледі», – дейді Бағдат Мусин. Оған дейін де кезекті брондаудың бір әдісі енгізілген. Яғни, ХҚКО қызметін 10 күнде 1 реттен артық пайдалана алмайтындай шектеу қойылған. Азаматтарға арналған Үкімет кор­порациясы брондау сервисінің қызметі жетілдірілгенін айтады. Алайда ол да нәтижесін бермеген секілді. Кезекті сату әрекеттерінің әлі де жалғасып келе жатқанын министрдің орынбасары Бағдат Мусин де мойындайды. Бұрынғы Цифрлық даму ми­нистрі оңай қолдана алатын электронды цифрлық қолтаңбаның жаңа түрі, қосымша бағдарлама орнатуды қажет етпейтін бұлтты ЭЦҚ құрылатынын айтқан. Одан бері бір айға жуық уақыт өтті. Бірақ оңай қолданылатын ЭЦҚ-ның жаңа түрі қолданысқа енген жоқ. Сонымен қатар проактив тәсілімен ұсынылатын қызметтердің тізімін кеңейту жоспары жоспар күйінде қалған секілді. Азаматтар ешқайда бармай-ақ, қажетті мәліметтерді SMS хабарламамен жолдап, қыз­меттерді қашықтан ресімдеу қазіргі кезеңде өте маңызды.  

«Жеңілдік терезесінің» қызметі жеңілдеді ме?

Енді ХҚКО-да онлайн түрде қолжетімсіз «қағаз» жүзіндегі қызметтер ғана ұсынылады. Алайда ХҚКО-да электронды қызметтерді азаматтардың үш санаты бұрын­ғыдай ала алады. Зейнет­керлер, көпбалалы отбасылар мен мүге­дектер үшін электронды қыз­меттерді де ХҚО-дан алуына болады. Ол үшін онлайн түрде кезек уақытын алдын ала брондауға тиістісіз. Карантин шектеулері аясында жұмысын қайта бастаған ХҚКО-лардағы жеңілдік терезесі арқылы 101 мың 800 азаматқа қыз­мет көрсетілген. Жеңілдік те­резе­лері арқылы ұсынылған қыз­меттердің көп бөлігі ірі қала­ларда ұсынылған. Көрсетілген 101 мың 800 қызметтің 9 941-і Нұр-Сұлтанда, 9 719-ы Алматыда, 7 753-і Шымкентте жасалған. Аталған қызмет түрі аймақтарда тіптен төмен. Тізімнің ең соңында Маңғыстау облысы тұр. Онда 1 862 азамат қана жеңілдік терезесінің қызметін ала алған. Осыдан кейін өңірлердегі зейнеткерлер, көпба­лалы отбасылар мен мүгедектер жеңілдік терезесінің жеңілдігін толық сезініп отыр дей алмаймыз.  

Түсіндіру жұмыстары қажет

Бүгінгі таңда egov.kz порталын­да барлық мемлекеттік қызметтің 80%-дан астамы қолжетімді дейміз. Алайда халық қызметтерді алу жолдарын әлі толық білмейді. Бұл өз кезегінде түсіндіру жұ­мыстарының ақсап тұрғанын көрсетеді. Мәселен, 500-ге жуық ерік­ті мемлекеттік қызметті он­лайн режимде алу дағдылары бойынша ұйымдастырған тиісті оқу курстарынан өткен. Бұл өте аз, әрине. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жұмыс істегісі келетін жастардың дені Қарағанды облысы мен Шымкент қаласынан, ал Павлодар облысында мүлде төмен. Әкімдіктерде, сауда және ойын-сауық орталықтарында, медициналық ұйымдар мен уни­верситеттерде және т.б. жерлерде электронды қызмет көрсететін арнайы egov бұрыштар болуы қажет. Компьютері жоқ азаматтар egov бұрыштарының қызметін пайдалануы қажет. Қазіргі уақытта олардың саны Қазақстанда бар болғаны 600-ден астам ғана. Бұл халықтың сұранысын толық қанағаттандырады деп айту қиын. Ал қызмет көрсетудің сапасын арттыру үшін қоғамдық бақылауды күшейту керек- ақ. Онлайн жүйе өзі әлсіз қазақстандық интернет ахуалдың кемшін тұстарын көрсетті. Әр жерден пайда тапқысы келетін делдалдар мен қауқарсыз ұйымдардың көптігін аңғартты.  

Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ

 width=