Теңгенің тағдыры анықталады
Теңгенің тағдыры анықталады
242
оқылды
 

 Дәрмені кеткен доллар

Америкада ұлттық валютаны Федералдық резерв жүйесі (Federal Reserve System) басқарады және басады. Сондықтан осы жеке ұйымның әр мәлімдемесі доллардың әлемдік бағамына ық­пал етеді. Әзірге оның қазіргі сая­саты және мәлімдемелері дол­лардың әлсіреуіне себепші болып отыр. Атлант мұхитының арғы жа­ғын­дағы алпауытта жұмыссыз­дар армиясының саны күрт арт­­қанын көрсететін есеп жа­рия­­ланды. Құрама Штаттар эко­но­ми­касындағы тамыры терең түйт­кіл­дер шешілу орнына кү­шей­ген. Бұған қоса, Америкада коро­навирус ін­де­тінің таралуы жалғасты. Геосаяси шиеленіс те ушығып барады: Хьюстондағы консулдығын қуып шыққанына жауап ретінде ҚХР АҚШ-тың Чэндудегі консулдығының ғи­маратын бұғаттап, жауып тастады. №1 державаның президенттік сайлау қарсаңында саяси ты­ғырыққа тірелуі де инвесторлардың алаңдаушылығын туғызды. Мы­салы, Ақ үй республикалық пар­тия билейтін сенатпен келісіп, эко­номикаға 1 триллион доллар көлемінде көмек топтамасын бекі­туге уағдаласты. Алайда бұған кон­греске қожалық ететін демократтар қарсы: олар көбірек шығынды талап етеді. Осының барлығы трейдерлер мен инвесторларды шошытып, олардың жаһандық резервтік валютадан айнуына түрткі болды, сөйтіп алтынға сұраныс артты, ол зор қарқынмен қымбаттап жатыр. Тиісінше, дүниежүзінде өтімділігі азайған доллар бағамы шілденің аяғынан бері құлдырауда. Нәтижесінде, АҚШ валютасының Сингапур долларына шаққандағы құны – 4,5 айлық, жапон иенасына шақ­қандағы құны – 4 айлық, еуроға шаққанда – 22 айлық, ал Швейцария франкіне шаққанда 5 жылдық минимумға дейін құлады. «АҚШ-та қосымша фискалдық шаралардың қабылданбауы, экономиканы ынталандыратын мардымсыз шараны көздейтін заң жобасының әзірленуі нарықты айтарлықтай есеңгіретіп отыр. Халықтың және бизнестің кірісі мен шығысын қолдауды көздейтін демократиялық басымдықтар көрініс берген стимулдардың үлкен топтамасы қабылданбай, жағдай түзелмейді», – дейді Standard Chartered зерттеу тобының бас­шысы Стив Энгландер. Әйткенмен, республикалықтар президенттік аламан алдында бастамашы тізгінін қарсыласқа беріп, жеңілісін мойындай алмай­ды: ендеше конгресс мақұлдайтын үлкен пакетті сенат тосқауылдап тастайды. Бір сөзбен айтқанда, «былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледінің» кері.  

Тоқтаусыз тайғанақтаған теңге

Қазақ елі – доллардың «жұ­мағы». Қолында 1 мың АҚШ валю­тасы бар кез келген қатардағы қонақ Қазақстанда байға ай­налады. Бізде доллар құны одан әрі жоғарыламаса, түсер емес. Кейінгі апталарда 1 доллар 418-426 теңгеге көтерілді. Тіпті, мұнай бағасының сәуірдегі үлкен құлдыраудан кейін алғаш рет 1 баррелі үшін 46 долларға дейін қымбаттағаны да теңгеге дем бере алмады. Сарапшылар байламынша, теңге бағамының көтерілмеуіне бірнеше фактор ықпал етіп отыр. Біріншіден, Ресейдің валютасы девальвацияланып жатыр. Мұхит­тарға шыға алмайтын, құр­лықта қамалған Қазақстан өз экс­пор­тының 80-90 пайызын жаһандық нарыққа солтүстік көршісінің аумағы арқылы тасымалдайды. Сондықтан ресейлік валюта қа­зақстандық экономикаға да ық­пал етеді. Мәселен, теңге рубль­ден қым­бат болып кетсе, отан­дық өнім­дер көршінің тауарлары алд­ын­­­дағы бәсекелестік артықшылы­ғынан айырылады. Бұған қоса, Қа­зақстан Ресейден келетін импортқа қатты тәуелді. РФ банк сарапшылары алда 1 доллар бағамы 75 рубльге дейін өседі деген болжамын жария етті. Олар рубльдің қуат аларына сенбейді. Оның үстіне, Ресей қар­жы министрлігі тамызда рубльді де­меуге бағытталған валю­та­лық ин­тер­венцияларын азайта­ты­нын мәлім етті: нарыққа «бас­қын­шылық» операциясының көлемі осы айда шілдеге қарағанда екі еседей азайып, небәрі 64,9 млрд рубльге дейін кемиді. Екінші фактор – төлем ба­лансы. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова журналистерге сұхбатында ағым­дағы есепшот тапшылығы айыр­бастау бағамына қысым көрсете­ті­нін мәлімдеді. «Қазақстанда пандемия ке­зеңін­де негізгі валюта сатушы Ұлт­тық қор болды. Одан трансферт түрінде бюджетке 608 миллиард тең­ге қаржы бөлініп, активі дол­лар­дан теңгеге айырбасталды. Ал экспорттаушы компаниялардың доллар сатуы дағдарысқа дейінгі деңгейден төмендеді. Өйткені мұнай бағасы арзан. Ұлттық валюта үшін «қара алтын» бағасы іргелі фактор саналады. Көмірсутек ши­кізаты бағасының төмен бо­лып қалуы, оның экспортының төмен­деуі – экспорттаушылардың валю­талық кірісінің кемуіне әсер етеді. Бұл төлем балансының ағымдағы шотының ахуалын нашарлатады. Тиісінше, ол теңге бағамына теріс әсер етеді», – дейді Әлия Молдабекова. Былтырғы жылы төлем балан­сының ағымдағы есепшотының дефициті 6,5 миллиард долларды құрады. Ұлттық банк «қара ал­тын» бағасы 40 доллардың айна­ласында қалса, тапшылық 2020 жылы 9,9 миллиард долларға жетеді деп болжайды. Рас, Ұлт­тық банк төрағасының тағы бір орынбасары Ақылжан Баймағам­бетовтің мәліметінше, биылғы І жартыжылдықта төлем балансын­да дефицит орнына 2,1 миллиард доллар профицит қалыптасты. Бұл біраз оптимизм тудырады.  

Бағамның бағы ашылар ма?

Бір қызығы, егер АҚШ кон­гре­­сіндегі республикалықтар мен де­мократтар экономиканы ынта­ландыру пакеті бойынша келісім­ге келіп үлгерсе, бұл Brent мар­калы қазақстандық мұнай котировкасының біршама жоғары­лауына серпін беруі тиіс. Онда долларлық кіріс тасқындайды.Екіншіден, Қазақстанда та­мыздың 17-сі мен 25-сі аралығында жер қой­науын пайдаланушылар үшін са­лық апталығы белгіленіп отыр. Осы ара­лықта мұнай-газ, тау-кен және қазақ жерінің астын­дағы қа­­зы­наны көсіп-қазып алып жатқан басқа да инвесторлар салық­тар мен алымдарды бюджетке ау­дара бас­тайды. Олардың барлығы табы­сын дол­лармен алады, ал ұлттық заңна­мамыз бойынша алым-салық тек тең­ге­мен төленеді. Демек, олар дол­лар­ды KASE бир­жасына тастап, ор­ны­­на ұлттық валютаны сатып алуға кіріспек. – Қазақстанда салық апталары жылына 4 рет өтеді. Дәстүрлі түрде дәл осы кезеңде теңгенің айырбас бағамы нығаяды. Әйткенмен, осы шақта көршіде рубль құнсызданса, әлемде мұнай бағасы құлдыраса, бұл аптаның өзі теңгеге еш кө­мек бере алмайды. Мысалы, 2016 жылдан бері осындай 18 са­лық кезеңі өткізіліпті. Соның ішінде үшеуінде теңге керісінше бұрынғыдан құлдырап кеткен. Мысалы, 2017 жылғы тамызда, 2018 жылғы тамызда және 2019 жыл­ғы ақпанда. Ал егер АҚШ эконо­микасы айналасындағы пікірталас жалғасса, дүниежүзінде доллар нығаймаса, онда айдың соңына қарай ұлттық валюта ша­малы күшейеді деп үміттенеміз, – дейді экономист Тимур Әбілқасымов. Қаржыгерлердің модельдік есептеуінше, теңге орташа есеппен 2 теңгеден көп қымбаттауы ық­тимал. Бұрындары салық аптасы Қазақстан валютасының әлдеқайда жоғары өрлеуіне түрткі болатын. Бұл жолы сарапшылардың сақтық және пессимизм танытуына мем­лекеттің станокты қосып, теңгені анағұрлым көп басып шығаруы себеп болған көрінеді.  

АйханАйхан ШӘРІП