Қай елдерге қол ұшын бердік?
Қай елдерге қол ұшын бердік?
402
оқылды
 

­­Жиі көмек көрсететін елдер

Еліміз тарапынан тұрақты түрде гуманитарлық көмек көрсетіліп келе жатқан елдер ретінде Ауған­стан мен Тәжікстанды айту­ға болады. Мәселен, Орталық Азиядағы қауіпсіздікті қалып­тастыруда Ауғанстанның маңы­зы зор. Қазақстан аталған мемле­кеттің ішкі тұрақтылығына мүд­делі. Сол себепті ауған халқына жіберіліп жатқан гуманитарлық көмекті Қазақстанның тұрақ­тандыру саясатындағы қадамдары деп қарауға болатын шығар. Ал Тәжікстан да азаматтық соғыс­ты басынан өткерген және Ауған­станмен ортақ шекарасы бар мемлекеттердің бірі. Осы тұрғыдан да тұрақтандыру және материалдық тұрғыдан көмек көрсетіп келеміз. Биылдың өзінде мамыр айында көршілес елдерге экономикалық қолдау көрсету мақсатында жалпы құны 3 млн АҚШ долларынан астам сомаға қазақстандық ұн жеткізілген. Тәжікстанға 5 мың тонна, Қырғыз Республикасына да осы көлемде. Ал маусым айында  Қазақстан Ауғанстанға қырық алты вагон гуманитарлық көмек жіберген еді. Сыртқы істер министрлігінің ақпаратынша. онда 1 900 тонна ұн, 500 тонна макарон өнімдері, 4 мың литр күнбағыс майы және 200 мың қоюлатылған сүт банкалары болған.  Жақында тағы да көрші елдерге көмек көрсету жөнінде Үкіметтің тиісті шешімі шықты. Ауғанстанға 500 көрпе қап, 50 қысқы шатыр, 500 данадан жиналмалы металл кереует, матрас, жастық тыстары, жастық, көрпе, жылы шалбар және мың дана ақжайма, 400 тоқыма бас киім жіберілсе, ал Өзбекстанға 600 тонна ұн, 250 тонна қарақұмық жармасы, 100 мың литр өсімдік майы, 50 мың сүт консервісі жеткізілмек. Көрші елдерге тұрақты жіберілетін гуманитарлық көмек негізінен азық-түлікке негізделген.  Гуманитарлық көмек тек материалдық тұрғыдан ғана емес, рухани жағынан да жүретінін ескерген жөн. Мысалы, Қазақстан  ауған жастарының ЖОО білім алуына негіз жасап, грант бөліп, оқытып келеді. Сондай-ақ Үндістан  елдегі медициналық оқу орындарында келіп білім алуына жасалған.  Сарапшылар аталған елдердің ішкі деңгейін көтеруге қосқан үлес деп бағалады.   Өткен жылдары Қазақстан Антигуа мен Барбуда, Ауғанстан, Бангладеш, Қырғыз Республикасы, Молдова, Моңғолия, Мьянма, Пәкістан, Сербия, Сирия, Түркия, Жапония және басқа да елдерге әртүрлі көмек жіберген екен.   Бұдан жал­пы гуманитарлық көмек көрсету Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды бағыттарының бірі екенін аңғаруға болады.  

Өзіне жетпесе де, өзгеге береді

Қазір дүниежүзі коронавируспен күресіп жатқандықтан, пандемияға қарсы тұру мақсатында елдер ара­сындағы көмек артпаса, азайған жоқ.  Қазақстан алғашқылардың бірі болып Қытайға медициналық қорғау құралдарын бірнеше рет жеткізу арқылы әріптестік қолдауын көрсетті. Ал коронавирус індеті пандемияға айналып, Қазақстанда эпидемиялық ахуал нашарлаған тұста, тиісінше бізге де көмек көр­сеткен елдер баршылық. Қашық­тан оқу кезінде компьютер, аурумен күресу үшін медициналық қорғаныс құралдары, дәрі-дәрмек келді. Тәжірибе алмасып, қазақстандық науқастарды емдеуге жәрдемдесу үшін бірқатар елдің дәрігерлері де ат басын бұрды. Қытай, АҚШ, Түркия, Ресей, БАӘ, Катар, Жапония, Оңстүстік Корея, Грузия, Пәкістан, Өзбек­станнан да медициналық құрыл­ғылар жеткізілді.  ДДСҰ  да гуман­итарлық көмек жіберді. Елімізде коронавирус инфекциясы өр­шіп тұрған кезеңде, оның үстіне меди­циналық құрылғылардың жетіс­пей жатқан тұсында жасанды тыныс алдыру аппараттарын Тәжік­станға жіберу туралы ше­шім қабылданып, халықтың нара­зылығын туғызған еді. Ұн мен би­дайын жіберсе бір жөн, өзімізге жетпей жатқан аппараттарды өзгеге жіберу қаншалықты дұ­рыс шешім? Саясаттанушы Қаз­бек Майгелдинов мұны ақ­парат­тың дұрыс жеткізілмеуімен бай­­­­ланыстырды. Оның сөзінше, бізде тиісті ведомстволар халық шулағаннан кейін барып қана есеп бере бастайды.  «Ресми мәліметке сенетін болсақ, жасанды тыныс алу аппараттары Қазақстанға жеткі­зілген, аймақтарда таратылып жат­қан аппараттарға қатысы жоқ деген мәлімет айтылды. Бұл жердегі мәселе ақпараттың халық­қа уақытында жетпеуінде. Ал екіншіден, пандемия тек Қазақстан емес, әлемде болып жатыр. Өз­дерінде ахуал мәз емес елдер де көмек қолын созды. Сондықтан бұл жерде ақпаратты мейлінше түсінікті, ашық жариялау қажет», – деді Қазбек Майгелдинов.  

Бейрутке әскери дәрігерлер жіберілді

Қазір әлем назары Ливандағы алапат жарылысқа ауды. Ел аста­насы Бейрутте болған жары­лыс­тан жүз елуге тарта адам қаза тауып, жалпы саны бес мыңдай адам зардап шек­кен. Оның үстіне, тұрғындар тарапынан билікке қарсы толқулар болып жатыр.  Шеруге шығушылар Үкіметтің отставкаға кетуін талап етуде. Полиция мен тұрғындар арасындағы қақтығыстан да көп­­­теген адам қаза болды. Әлем елдерінің, халықаралық ұйымдардың бас­шылары Ливан халқына көңіл айтып, шұғыл көмек көрсетуге дайын екенін білдірді және гуманитарлық көмек жіберіліп жатыр. Бұл көмектен Қазақстан да тыс қалған жоқ. Өткен аптада Бейрут портындағы жарылыс сал­дарынан зардап шеккен адам­дарға медициналық көмек көрсету мәселесі Ақордада қаралып, Пре­зидент Қорғаныс министріне тиісті тапсырма берген болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында Қазақстан Қарулы Күштерінің жеке құрамының арасынан құралған топ Бейрутке ұшып кетті.  Ливандағы жарылыстан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін барлығы 29 медицина маманы мен 4 аудармашы жіберілді. Қорғаныс министрлігінің ақпаратынша, топ құрамына жоғары білікті хирургтер, травматологтар, нейрохирургтер, анестезиолог-реаниматологтар және хирургиялық бейіндегі орта медицина қызметкерлері бар. Бір ескеретін жағдай, әскери дәрігерлер арасында  терапевт, пульмонолог, инфекционист дәрігерлер жоқ. Жарылыстан кейінгі медициналық көмек көрсету болғандықтан, тиіс­ті дәрігерлер ғана аттанды. Бұл біздегі эпидемиялық қиын ахуалды ескере отырып жасалған қадам деп бағалауға болар. Ал Еуразиялық интеграция ин­сти­тутының директоры Ерлан Саи­ров Бейруттағы жағдайдан біз де қорытынды шығаруымыз керек деген болатын. «Біз демократия мен пікір плюрализмін дамыта отырып, мемлекеттік позицияда нық тұруға тиіспіз» деген саясаттанушы демо­кратияға қарай ілгерілеу мемлекеттік құндылықтарды құнсыздандырмауы тиіс деген ойда. Оның сөзінен түйгеніміз, мемлекеттік құндылық саяси көзқарастар мен қоғамдық артықшылықтардан жоғары тұруы тиіс. Қазақстан Таяу Шығыс айма­ғына ерекше көңіл бөлуде. 2018 жылдан бері тұрақты түрде әскери бітімгер топтарын да жіберіп келеді. Гуманитарлық көмекке кел­генде де аянып қалған жоқ. Саясат­танушы Қазбек Майгелдинов Қазақстанның аймақтағы ахуалға байланысты өз тәжірибесі қалып­тасты дейді. «Таяу Шығыс сол аумақтағы көшбасшылыққа тала­сып жатқан отты аймақ. Соңғы кездегі террористік ұйымдардың іс-әрекеттері, Сириядағы қақты­ғыстар, оның үстіне Ливандағы жарылыспен қатар, халықтың билікке қарсы толқулары басылмай жатыр. Ливандағы ахуалға нақты болжам жасау қиын. Дегенмен Қазақстанның Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты өз тәжірибесі бар. Қазақстан тарапынан жіберіліп жатқан гуманитарлық кө­мек Ли­вандағы жағдайды тұрақ­тандыруға қосып жатқан үлесі деп айтуға бола­ды», –  деді саясат­танушы. Қиналған елге қол ұшын берген, әрине құптарлық іс. Қазақстанның гуманитарлық көмек әрекеті ел­дер арасындағы жан-жақты стра­тегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға өзіндік ықпалын тигізері сөзсіз. Дегенмен берілетін көмектің мөлшері мен мақсаты жөнінде халыққа барынша уақытылы, ашық ақпар берілсе, халықтың да көңіліне селкеу түспесі анық.  

Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ

 width=