Барша әлем көз тіккен форум
Барша әлем көз тіккен форум
258
оқылды

«Ақын заман: біркүндік те емес, бүгіндік те емес. Оның кешегісі – бүгіндік, бүгінгісі – ертеңдік» деген екен Ғабит Мүсірепов. Ақындық пен жазушылықтың қай заманда болмасын жүгі ауыр. Ешқандай талап-қағидаға бағынбайтын, жүрекпен сезіп, көзбен көргенді ой-қиялмен ұштап, шарықтатып, бір адамға емес, барша адамзатқа үн қатар қалам иелерінің тағдыры тым бөлек. Олар қай қоғамда болмасын айтарын ашық айтып, тіпті тұтас ұлттың да тарихын жазып, тағдырын ерек етті. Болмысы ерек қаламгерлердің бәрі де қоғамнан қолдау тапты немесе қашанда ұшпаққа шықты деген жалған болар. Алайда кез келген ортадан қолдау табу оларды қанаттандырып, шарықтатары ақиқат. Осы орайда мемлекеттің тікелей қолдауымен 4-6 қыркүйекте елордасы Нұр-Сұлтанда өтетін «Азия елдері қаламгерлерінің І форумына» сөз басын бұрсақ.

Бұған дейін егеменді Қа­зақстан тарихында аталған форматтағы форум өткен жоқ. Иә, 1973 жылы Алматы қала­сын­да Азия-Африка жазушы­ла­рының бесінші конферен­циясы өткен еді. Алайда Кеңес Одағының тұсында өткен жиынға Орталық Азияның бар мемлекетінің жазушылары шақырылған жоқ. Тек социа­листік елдердің қаламгер қа­уы­мы бас қосты. Қазақстан еге­мендігін алып, еңсесін тік­те­ген соң тұңғыш рет өткелі отыр­ған алқалы жиынға Азия құрлығының бар мемлеке­ті­нен қаламды серік еткендер шақырылып отыр. Форумның форматы да еркін, айтар ойы да түйінді. Белгілі бір қағида­лар мен ұстанымдардан ада. Жазушыны да ең басты бақыт­ты етер еркіндік болса керек-ті.

Барша әлем көз тігер келелі жиында Азия құрлығындағы 44 мемлекеттен, сондай-ақ Букер және ASEAN сыйлық­тарының лауреаттары, ұлт­тық, мемлекеттік сыйлықтар­дың иегерлері һәм Жазушылар одағы мен ассоциация­лары­ның төрағалары сияқты 90-ға жуық ақын-жазушылар мен еліміздің түкпір-түкпірінен шақырылған қаламгерлер бас қосады. Орталық коммуни­ка­циялар қызметінде 3 қыркү­йек­те өткен баспасөз конфе­рен­циясы барысында Қазақ­стан Жазушылар одағы төра­ғасының орынбасары Ақберен Елгезектің сөзінше, үш күн қатарынан өтетін форум сал­мақты мәселелерді талқылап, өзара пікір алмасудың азат алаңына айналады. 11 спикер баяндама оқып, шекарасыз форматта сұхбаттасады. Бас­тысы, ортаазиялық жазу­шы­лар кездесіп, Ұлы Жібек жолы бойындағы әдебиеттің ерте­ңін сөз етпек. Нұр-Сұлтандағы Абай көшесінің бойынан ­«Қа­ламгерлер аллеясы» ашы­лады.

Әдебиетте Нобель сый­лығын алған жазушылардың шоқтығы биік саналатыны жасырын емес. Олардың туындылары әлемдік үздік шығармалар қатарына еніп, оқырман сұранысына қай кезеңде де ие болып келеді. Осы орайда аталған форумға Нобель сыйлығының иегер­лері де арнайы шақырту ал­ған. Ол қатарда түрік жазу­шы­сы Орхан Памук бар. Алайда Қазақстан Жа­зушылар одағы­ның төрағасы Ұлықбек Есдәу­леттің айтуын­ша, бұл қалам­герлер белгілі бір себептермен келе алмай­тындарын жет­кіз­ген. Деген­мен атаулы сый­лық­тан үміт­кер үш жазушы форум жұмы­сына қатысады. «Әуелде бұл форумға жапониялық, түр­киялық Нобель сыйлы­ғы­ның лауреаттары шақырыл­ған. Өкінішке орай, олар келе ал­мады. Есесіне Оңтүстік Корея, Катар және Түркия елдерінен 3 номинант келе жатыр. Құр­лықта 45 мемлекет бар. Соның 44-інен жазушы шақырғанбыз. Қазір 35 елден 80-ге жуық жа­зушы келе жатыр», – деді Ұ.Есдәулет.

Азия континентінде орна­лас­қан елдер арасындағы әде­би-мәдени байланыстарды нығайту, одан ары дамыту һәм егеменді еліміздің бүгінгі кескін-келбетін, Қазақ­стан­ның әдебиетін, рухани құн­ды­лықтарын паш ету, әдеби үде­рістің дамуына қатысты Азия елдерімен тәжірибе алмасу сияқты бірқатар мақ­сат-мін­деттерді көздеген фо­рум ашық пікір алаңына ай­налып, тек Орталық Азия үшін ғана емес, барша адамзаттың мүддесіне сай келер мәселелер төңі­ре­гін­де тікелей ой өрбітеді.

Ұлықбек Есдәулет елде әде­биет үшін оң көзқарастың қа­лыптасқанын айтады. «Мұн­дай ауқымды форум жұ­мы­сына мемлекеттің өзі тікелей қолдау білдіріп, жәрдем көр­сетіп отыр­ғанын міндетті түр­де атап өту керек. Мемле­кеттік хат­шы Марат Тәжин мырза ша­раны ұйымдас­ты­ру­ға тіке­лей атсалысса, Мемлекет бас­шысы форумның ашы­луы­на қатыс­пақшы», – дейді өз сөзінде.