Арендалық үй: кімдер ала алады?
Арендалық үй: кімдер ала алады?
385
оқылды

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі сатып алу құқығынсыз 5 жылға жалға берілетін баспанаға кімдер үміткер бола алатынын және ол үшін қандай құжаттар тапсыру керек екенін жариялады. Құжат қабылдау қарашада басталады.

Сонымен, жалға берілетін баспанаға  жиырма тоғыз жасқа толмаған, жалпы орта білім беретін мектептердің, техникалық және кәсіптік ұйымдардың, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген және еңбек қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматтары – жұмысшы жастар қатыса алады.

Өтініш беруші сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжайды алу үшін мынадай құжаттарды ұсынуы тиіс:

1) Үлгіге сәйкес нысан бойынша өтініш;

2) Өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (түпнұсқа жеке басын сәйкестендіру үшін ұсынылады);

3) Білімі туралы құжаттың көшірмесі;

4) Неке қию туралы куәліктің көшірмесі (бар болса);

5) Балалардың туу туралы куәлігінің (терінің) көшірмесі (бар болса);

6) Өтініш берушіге және отбасының барлық мүшелеріне жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) екендігі туралы анықтама;

7) Жұмыс орнынан анықтама; 

8) Өтініш берушінің ай сайынғы табысын кемінде 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде растайтын соңғы алты ай ішіндегі табысы туралы анықтама;

9) Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын құжаттар;

10) Банктік шоттың болуы және нөмірі туралы анықтама және банктік шот бойынша ақшаның қалдығы және қозғалысы туралы үзінді;

11) Өтініш берушінің түрлі қызмет салаларындағы жеке жетістіктерін растайтын құжаттар (бар болса);

12) Нұр-Сұлтан қаласында тұрғылықты жері бойынша соңғы 2 (екі) жылдан кем емес тұрақты тіркелуін растау;

13) Өтініш берушінің, жұбайының (зайыбының), кәмелетке толмаған балаларының өтініш беру алдында 2 (екі) жыл ішінде меншік құқығындағы тұрғын үйдің, сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйдің жоқтығын растау.

Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 22 маусымдағы № 372 қаулысымен бекітілген «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасында белгіленген талаптарға сәйкес жүргізіледі.

Нұр-Сұлтан қаласында жастарға жалға берілетін баспана бойынша құжаттарды қабылдау  қараша айынан электронды  түрде жүргізіледі.      

Анықтама телефондары: 79-34-50, 79-34-62 (63) Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» КММ, Р.Қошқарбаев даңғылы, 39-үй.