Конституция жас ұрпақтың жүрегінде
Конституция жас ұрпақтың жүрегінде
424
оқылды
Еліміздің Конституциясына биыл жиырма бес жыл толады. Әкелеріміз қазақпын, азаматпын деп айта алмай, мен коммунист, пролетариат, колхозшы, ком­сомол мүшесімін деп өздерінің құқықтық мәртебесін анықтайтын және оны мақтан тұтатын. Тәуелсіздікке дейінгі ұр­пақ үшін тіршілік реттеуші Кон­ституция емес, көбіне Қылмыстық кодекс болатын, адамның ер­кі тек жұмыс істеуге, өктем жү­йеге бағынуға бағытталған, аға ұлтқа жағынған, кіріптар бо­лып бағынған заманда, тіпті қа­зақша сөйлеу күнә есебінде көрінетін,  өз мәдениетін, өз тіл­ін өзі қомсынып, төл дәстүрін кем­сітуге, келемеждеуге құмар аккультурациялық мешеулікте күн кешкен еді. Ал бүгінгінің балалары мүлдем басқаша ойлайды екен. Оған Конституциялық Кеңес құ­растырған «Бала өрген Ата заң» кі­та­бы дәлел. Жиырма бес жылда қоғам санасы қалай өзгерген, жас ұр­пақ өз өмірін Конституциямен байланыстырады, ол баян еткен құндылықтарды мол түсініп, ке­ле­шегіне бағдар етеді. Адам өмірі, әрине көп нор­мативтік жүйеде өрілетіні белгілі. Мораль, ұят, махаббат, тәлім, дін, дәстүр, заң, осының қайсысы жас адамның бойына берік ұяласа, тіршілік ету дағдысы сол бағытта келешегінде басымдық береді. Заңмен өмір сүретін қоғам ең ба­қытты қоғам екені ақиқат. Біздің болашағымыз – бала­лар,  Конституцияның жиырма бес жылдығына Ата заңды қалай түсінетіні туралы осы кітапта салған суреттері, жазған эсселері арқылы керемет көрсете білген.
Кеңес Төрағасы Қ.Мәми осы кітапқа жазған өзінің кіріспе сө­зінде «Конституциялық Ке­ңес «Рухани жаңғыру» ұлт­тық жобасы шеңберінде қо­ғамдық сананың құрамдас бө­­­­лігі ретінде азаматтардың кон­­ституциялық мәдениетін жаң­ғырту бойынша шаралар қа­былдап келеді. Осы мақсатта оқушы жастармен де мақсатты жұмыс жүргіземіз. Соңғы жыл­дары олардың қатысуымен бір­қатар конкурс, іскерлік ойын­дар, кездесулер, ашық есік күн­­дері өткізілді, оқушы жастар ке­ңестің отырыстарына және басқа шараларға шақырылды. Конституцияның 25 жылдығын мерекелеу аясында жалпы білім беру мектептері оқушыларының арасында сурет салудан рес­публикалық тақырыптық интер­нет-конкурс ұйым­дастырылды» деп көрсетіпті.
Жинақтың құндылығы бала­лардың таза сезімімен бейне­ленген Ата заңға құрметі еш­кім­ді бейжай қалдырмайды. Өр­ендер жазған Негізгі заңға үміт, сенім бізде конституциялық демократияның қанат жаю мөл­шерін байқатады. Ұлы Абай айтқандай, «Мен кешегінің соңы, сен ертеңгінің басы» екенін мойындатады. Қос­танайдан Жаннұр Шәкір­ованың салған суретінде ақша бұлттың фонында үш би өткеннің, ата дәстүр, ұлттық құқықтық әділ­еттілігінің императив ес­керткіші болса, Конституцияға 25 жылды көрсетіп тұрған жас қыз туындап келе жатқан кон­ституциялық демократияның өкі­лі. Аспандағы ақ бұлт – туар тәуелсіздіктің үміті, алтын күн мен қыран – жарқын дербес елдің символы.  Теміртау қаласынан 13 жасар Айсана Жаумитова салған суретте Қазақстан аумағын көк Ту бүркеп, бабалардың қа­нымен суарылған қызыл түсті алтынданған Кон­ституция көсіліп тұр. Мұнда еліміздің, жеріміздің үстемдігі құламайтын Туымыз, тұғырымыз Конституция екенін бала жүрек қалай терең сезінген?! Ата заң ұлттық сананың қай­­та жаңғыруына жол ашады демекпін. «Конституция заңмен  өрнектелген жалпыұлттық идея», деп жазыпты 10-сынып оқушысы Ботагөз Қажыбекова.
«Менің өмірімнің баға жет­пес қазынасы еліміздің Конс­титуциясы деп толық негізде айтар едім. Себебі туғанымнан бастап құқықтарым мен бостандықтарым әбден қорғалған. Тегін орта бі­лім, тегін медициналық жәр­дем пайдаланамын. Мемлекетіміз талантты балаларға то­­лық қам­қорлық жасаған. Мен робо­тотех­никадан республикалық, қала­лық сайыстарға, әртүрлі бағ­дарламамен қатысып жеңімпаз атандым» депті 11-сы­нып оқу­шысы Рамазан Тұтқабаев.
Конституция қанатына байлап, шаңырақта қалқып тұрған қыранды салған қостанайлық 12 жасар Романова Елизаветаның Отанын қалай сүйетініне риза боласың. Жас өрендер Ата заңды хал­қымыздың өткен тарихымен са­бақтастықта қарастыруы да қызы­ғушылық тудырады. Әулиекөлдің Құсмұрынынан 12 жастағы Драгун Романның суретінен байқаймыз, ашылған Конституция бетінің бір өңірінде көне түрік, Алтын Орда, Кенесары хан, ал ашылған бетінде қазақ елі, Тәуелсіздік монументі, Бәйтерек пен Ақорда, Әнұран, жел­біреген көк Туымыз бейнеленген. Өткен мен бүгінгі тарих ұр­пақ санасында Конституция қуатымен қабылданады.  Демек, конституциялық мәдениет бала­лардың санасына жол табуда, олардың дүниетану талғамына заң үстемдігі деген ұғым берік бекиді деген сенімдеміз. Елімізде конституциялық заң­дылықтың қанат жаюы, қо­ғамдық өмірде оның норма­ларына сүйеніп, ол баянды ет­­­кен еркіндікті сезіну, оның қор­­­­ғаушылық қуатының арта түс­кенін де көрсетіп отыр. Өткен жиырма бес жылда Қазақстан Конституциясы қо­ғамды алға сүйреуші, оның бірлігі мен ынтымағын жарастырушы, ұлттық идеясының қайнар көзі, мемлекеттілігімізді нығайтушы құжат болып қалыптасты. Оны ба­ла­лар шығармашылығынан да айқын көруге болады.  

Ардақ СҰЛТАН