Өркендеуде озық кеткен елдерде Интернет желісіндегі блогтар мен арналар дәстүрлі телеарналармен терезесі тең тайталасып, бұл сында жетістікке жетіп жатыр. Оларда интернет медиамагнаттардай шалқыған байлығы жоқ, бірақ дарыны мол адамдарға өз бетінше төл контентін жасап, жұртқа танылып, қомақты табыс табатын аймаққа айналған.
Мамандардың мәліметінше, Қазнеттің парадоксі сол, жаһандық виртуалды желінің қазақстандық бөлігін қарапайым таланттар емес, тағы да телеарналар жайлауда. Тиісінше, Интернетке арна тартқан табыстың 90% да дәстүрлі телеарналарға тиюде.
Бұл байламды TNS Central Asia зерттеуі растай түседі. 2018 жыл қорытындысында, яғни қаңтар-желтоқсан аралығында жарнамалық табысының үлесі жөнінен телеарналардың ТОП-10 рейтингі келесідей қалыптасты: 1 арна Еуразия үлесі – 19,8%, 31 арна – 18,5%, КТК – 15 %, НТК – 11,6 %, Astana TV – 10,8%, 7 арна – 8,4 %, Qazaqstan – 4,3%, МИР24 –
6,8%, Алматы арнасы – 1,5%, Той думан – 0,3%. Телеарналардың жарнамадағы жалпы үлесі 97 пайыздан асады.
ТНС Гэллап Медиа Азия есебінше, телеарналардың аудиторияны дәстүрлі эфир және ғаламтор арқылы қамту үлесі 2019 жылғы тамыз айында мынадай болды: КТК – 64,43%, 1-арна Еуразия – 61,90%, 31 арна – 56,85%, НТК – 56,09%, 7 арна – 51,72%, Хабар – 47,29%, Astana TV – 45,72%, Мир24 – 43,09%, Qazaqstan – 41,31%, Хабар24 – 34,40%, СТВ – 32,77%, Tamasha TV – 31,34%, Almaty TV – 30,52%, ОҢ TV – 25,51%, Balapan – 25,16%, Hit TV – 22,53%, Qazsport – 20,29%, Gakku – 19,78%, Той думан – 18,55%,
Туран ТВ – 9,61%, Новое Телевидение – 9,47%, Atameken Business – 8,20%.
Әрине, бұл зерттеулердің қай-қайсысында да ағаттықтар кетеді және өмір шындығын дәлме-дәл көрсетпеуі мүмкін. Себебі зерттеушілер ауылға көп бармайды. Әрі кетсе, халқының саны көптеу қала-кенттермен шектеледі. Қазақстандықтар, әсіресе, қазақтілді аудитория 100% есепке алынса, жағдай мүлдем басқаша болуы да ықтимал. Әйтсе де, басқасы болмағандықтан, жарнама берушілер осындай беделді зерттеулерге сүйенуге мәжбүр.
Жалпы, еліміздегі барлық жарнаманың жартысынан астамы телеарналар үлесіне тиетіні белгілі болды. Орталық Азияның жарнама қауымдастығының есебіне жүгінсек, Қазақстанда жалпы ауқымдағы телевизиялық жарнама көлемінің үлесі 2014 жылы 50% болса, 2018 жылы – 52%-ға жеткен. Интернет-жарнама да үдемелі дамуда: еншісін 2014 жылғы 7%-дан былтыр 16%-ға дейін арттырды. Баспасөздегі жарнама осы аралықта 13%-дан 6 %-ға дейін құлдыраған. Радио жарнамасы 8 пайыздық деңгейден өзгермеуде. Сыртқы көшедегі жарнама үлесі 22-ден 18 пайызға дейін түсті. Яғни, жарнаманың газеттегі үлесі ақырындап ғаламторға ауысқан.
2012 жылы VidCon жыл сайынғы бейнеконференциясында YouTube атқарушы директоры Тим Шэй «YouTube алтын түймесін» таныстырған болатын, сонда бұл марапат жаһандық желіде 1 миллион жазылушы жинаған адамдар мен арналарға табысталатыны мәлім етілді. Содан бері Қазнетте бұл сыйлықты негізінен, телеарналар олжалауда: Qazaqstan ұлттық арнасы, Gakku TV, «1 арна Еуразия», «Хабар» агенттігі және басқасы алды.
YouTube Genesis MCN рейтингі бойынша, 2018 жыл қорытындысында тек Qaznet-тегі «бірегей көрермендерінің саны жөнінен ең танымал арналар» келесідей қалыптасты:
1. Gakku TV – 3,7 млн
2. Информбюро – 3,5 млн
3. Той Думан – 2,4 млн
4. 1 арна Еуразия – 2,3 млн
5. Вайнер Әмина Малғаждар «Аминка Витаминка» – 2,2 млн
6. Хабар – 2,1 млн
7. Qazaqstan – 2,1 млн
8. 7 арна – 1,9 млн
9. Алматы ТВ – 1,5 млн
10. Astana TV – 1,2 млн
Қазақстан мен Орталық Азия аумағындағы Youtube-тің жалғыз сертификатталған серіктесі саналатын Youtube Genesis MCN әріптестік бағдарламасының директоры, Youtube Kazakhstan даму жөніндегі менеджері Самсон Безмятежный әлемдегі басқа елдерден Қазнетті ерекшелер парадоксті байқағанын айтады.
– Интернеттің қазақстандық бөлігінде биыл 1 айдағы бірегей жазылушылар саны 11 миллион адамнан асты. Бұл қомақты көрсеткіш. Бірақ бір ғажабы, қазақстандық интернетті пайдаланушылар ғаламторға, соның ішінде Youtube-ке көбіне танымал телеарналардың жаңалықтарын, ойын-сауық бағдарламаларын қызықтау үшін кіреді. Бұл бізді де қатты қайран қалдырады. Дамыған елдерді айтпағанда, ТМД елдерінен де басты айырмашылығы сол. Қазақстанда күні бүгінге дейін Youtube-те дәстүрлі телеарналар үстемдік етуде. Қазнеттегі барлық көрілімнің және жарнаманың 90%-дан астамы да – солардың еншісінде. Ал дұрысында, халықаралық тәжірибе бойынша Youtube-тегі табыстар негізінен, өз блогын жүргізіп, төл контентін түзетін қарапайым адамдар, видеоблогерлер қалтасына кетуге тиіс, – дейді С.Безмятежный.
Сарапшылар пікірінше, бұған Қазнеттің дамуда артта қалуы да себепкер болып отыр. Демек, алдағы жылдары отандық видеоблогерлер, интернеттегі арналар, вайнерлік қозғалыс күш алған сайын телеарналар да басымдықтан айырылмақ.
– Қазақстанда интернет контент өз дамуы жолындағы тәй-тәй қадамдарын жасауда. Біз оның қалыптасуына куә болудамыз. Осы орайда, біз Qaznet-ті зерттеп, талдау жасадық. Оның қорытындысында, кейінгі 5 жылда онда жаңа көкжиектері ашылып жатқаны анықталды. Солардың бірі «өзің жаса» немесе «ди-ай-уай» (DIY, Do it yourself) контенті. Бұл бағыттағы қазақстандық видеоблогерлер саны тіпті бір қолмен санауға да жетпейді. Тек 800 мың жазылушысы бар Fancy smth ғана еске түседі. Тағы бір оралдық жігіт бар-тын. Алайда ол Прагаға көшіп кетті. Қазақ тілінде бұл сала әзірге бос тұр. Ал әлемдік ғаламтор болса, контенттің пайдалы жағына көбірек ден қоюда. Яғни, өз қолыңмен қолжетімді нәрселерден жаңа зат жасау, hand-made, лайфхактар және басқа да пайдалы контенттің Қазақстанда перспективасы зор, – дейді Самсон Безмятежный.
Оның дерегінше, көптеген қазақстандықтар интернетті сүйікті әншілерінің әндерін, не той-томалақтардағы айтылған әндерді тыңдау үшін сүзеді. Музыкалық арналардың көп көрілім жинайтыны да содан.
– Қазнетте «Гәкку», «Той думан» және басқа отандық бес музыкалық телеарна дәуірлеп тұр. Бұл ретте «Той думан» биыл көрілім жөнінен «Гәккуді» басып оза бастады. Бұдан бөлек, интернеттің қазақтілді бөлімінде сериалдар кең сұранысқа ие болуда. Бір жақсы жері жергілікті, яғни отандық өндірістегі телехикаялар осы сұраныстың жартысына жуығын иеленеді, – дейді С.Безмятежный.
Үштікке жаңалықтар да кіреді. Бұдан бес жыл бұрын ол тек 8-орында болған. Сарапшы бұған Қазақстандағы билік транзиті ықпал еткенін, саясат сахнасындағы қауырт қимыл мен сүрлігіс азаматтардың саяси ахуалға деген ынта-ықыласын туғызғанын және Қазнетке жаңа аудиторияны әкелгенін айтады.
Бұл жерде де телеарналар әзірше алға шығуда. Олар теледидардан тарататын жаңалықтар блогын шағын роликтерге «кесіп», жылдам Youtube-ке тастайды. Ал сол бұрынғыдай «интернет-тақтаға» курсорды үйкелеп, әлеуметтік желіде жазбаша пост қалдырудан көп аспай жүрген саяси блогерлердің жаңалықтар туралы сауатты видеоблогинг әзірлеуге, саяси ахуал не оқиғаға қатысты шолу жасап, түсініктеме беріп, бейнежазба жазуға қауқары көп жетпеуде.
Айта кету керек, Qaznet түгіл, дәстүрлі телеарналар да саяси сатира жанрынан қазір құралақан. Егер кезіндегі Серік Аббас-Шахтың «77 күн» танымал циклы немесе шетелден көшірілген, 2002-2006 жылдары шыққан «Куклы KZ» сияқты шенеуніктердің мәнсіз ісін, орынсыз әрекеттерін, жүріс-тұрысын және жемқорлықты сынайтын өткір контент өркендесе, бұл қазақстандық интернеттің дамуына қуатты серпін беруі ықтимал. Рас, бүгінде бұл жанрдың өңірлерде өрлеу әлеуеті бар. Біраз уақыттан бері Карина Шәйкенова есімді ақтаулық қыз Қазнетте «Небеси ньюс» сатиралық жобасын жүргізіп, елдегі оқиғаларды басқаша көзқараспен, әзілмен түсіндірді. Алайда ол «Әблязов тарапынан болған ақпараттық шабуыл» кесірінен біраздан бері бұл жобадан бас тартқанын және Алматыға қоныс аударғанын айтады.
Қалай болғанда, отандық телеарналар бәрінен бұрын Youtube форматқа жедел трансформациялана алды. Көбі онлайн-эфирлерін іске қосты, соның арқасында көрермендер олардың жаңалықтарын және басқа бағдарламаларын Live режимінде тамашалауға мүмкіндік алды. Бірқатар телеарналар тіпті Қазнет үшін арнайы жасалған бірегей контент түзуде. Мәселен, Hit TV интернет пайдаланушыларға ғана бағдарланған ток-шоу жүргізеді, ондағы K-pop және өзге де эстрада жұлдыздарымен, танымал адамдармен еркін, ешбір телевизиялық цензурасыз әңгіме, сыр сұхбаттар дәстүрлі эфирден көрсетілмейді.
Бірқатар интернет жобалардың контент-продюсері Ақбота Салғараеваның тұжырымдауынша, Қазнет парадоксі мемлекеттік тілдегі контенттің тапшылығынан туындаған.
– Шынында, қазақтілді оқырман интернетте өте көп және олар желіге кіргенде не оқып, не көрерін білмейді. Сондықтан олар теледидар қосылмаған кезде телеарналар көрсетіп кеткен жаңалықтар мен телебағдарламаларды, телехикаяларды қайтадан YouTube-тен қарайды. Нәтижесінде, интернеттегі жарнама табысының көп бөлігін тағы да телеарналар қанжығалайды. Себебі жалғыз бір видеотуындының сценарийін жазу, түсіру, монтаждау және басқа жұмыстарының шығыны ең кем дегенде 30 мың теңгеден асады. Егер сіз жарнамадан, демеушілерден қырып ақша алатын, мемлекеттен қыруар қаржылай қолдау көретін телеарна болмасаңыз, не танымал блогер саналмасаңыз, осы шығыныңыздың өзін YouTube арқылы өтей алмайсыз, – дейді ол. Сарапшы мұны уақытша тоспа деп есептейді.
– Қазнеттің қазақтілді сегментіне жүргізген талдау көрсеткендей, Қазақстанда видеоконтентті көп тамашалайтын аймақ – еліміздің батысы болып шықты. Бұлар – Ақтөбе, Орал, Атырау. Одан кейін оңтүстік өңірлер – Алматы, Шымкент, Қызылорда тұр. Тек содан соң Орталық, Шығыс және Солтүстік Қазақстан пайдаланушылары орналасады. Бұл талдау тағы бір үрдісті аңғартты: интернеттегі контентті пайдаланушылардың басым көпшілігі – қазақтілді аудитория. Олай болса, Qaznet бұдан былай қазақ тіліндегі контентке басымырақ мән бергені абзал, – дейді А.Салғараева.