Во Ван Тхыонг: Біздің болашағымыз жарқын
Во Ван Тхыонг: Біздің болашағымыз жарқын
284
оқылды

Nur Otan партиясының Орталық аппаратында Саяси бюроның мүшесі, Вьетнам Коммунистік партиясының хатшысы, ККП Орталық Комитетінің үгіт-насихат және саяси ағарту бөлімінің меңгерушісі Во Ван Тхыонг Nur Media холдингінің тілшілеріне сұхбат берді. Іс-шара барысында Вьетнамнан келген делегаттар партияның бұқаралық ақпарат құралдарының қызметімен танысты. Өз кезегінде Ван Тхыонг Nur Media ақпараттық ресурстарының жұмысына жоғары баға берді.

– Бұл сіздің Нұр-Сұлтан қала­сына алғаш келуіңіз екен. Алған әсеріңізбен бөліссеңіз.

– Сән салтанаты жарасқан әдемі қала. Құрылғанына 20 жыл­дай уақыт өтсе де Нұр-Сұлтан қарқынды түрде дамып, уақыт өткен сайын ажарлана түскенін көпшілік көзбен көріп, естіп-біліп отыр. Ең алдымен, Нұр-Сұлтан қаласының көшелерінде жүріп келе жатып қазақтар мен вьетнамдардың бір-біріне қатты ұқсайтынын байқадым. Содан кейін бе, бұл қалада мен өзімді Ханойда жүргендей сезіндім. Қазақстанда екенім есімнен шығып кеткені соншалықты, таңертең жанармай құю бекетін­дегі адамға вьетнам тілінде сөй­леппін (күлді).

– Екі ел арасындағы қазіргі жағдайды қалай бағамдар едіңіз?

– Қос мемлекет арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде. Кеңес өкіметі кезінде, шетелдік агрессорларға қарсы күрескен кезде және социализмді құру ке­зінде қазақстандықтардың біз­ге көрсеткен көмегін ешқашан ұмытпаймыз. Вьетнам мен Қа­зақстан арасында, әсіресе, эко­номикалық мәселелер бойынша ынтымақтастықтың келешегі зор. Өздеріңіз білетіндей, біздің елі­міз ЕАЭО-мен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Таяу уақытта екі мемлекет арасындағы байланыс әлде де нығая түседі деп ойлаймын.

Вьетнам Коммунистік партия­сының VI съезінде «Кешенді жаңару» – «Дой мой» қажеттілігі туралы идея айтылды. Оны жүзеге асыру барысында біз Еуропа мен Азияның социалистік елдеріндегі тәжірибені мұқият зерттеп, қате­ліктерді қайталамауға тырыстық. Соңғы 39 жыл ішінде вьетнам халқы жақсы нәтижелерге қол жеткізді.

Жаңарту барысында нарық­тық экономика дегеніміз – капи­талистік модельге көшу дегенді біл­дірмейді. Жалпы, біз тауар өн­дірісінің ұлғаюы социалистік қағи­даларға қайшы келмейді деген тұжырымға келдік. Мұның бәрі – адамзат өркениетінің дамуындағы объективті дүние. Социализмнің құрылуы реформалармен бірге болуы мүмкін және болуы да керек. Мұны жалпы социалистік бағыттағы нарықтық экономика деп атайды.

– Қазақстан мен Вьетнам арасындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары туралы не айтасыз?

– Экономикалық ынты­мақ­­тастықтың бағыттарының әлеуеті өте зор. Вьетнам – ай­мақ­тың агроөнеркәсіптік сала­сын дамытудағы көшбасшы мем­ле­кеттердің бірі. Біз ауыл­шаруа­шылық өнімдерін, мы­салы, күріш, теңіз өнімдерін экс­порттауда үлкен тәжірибе жинадық. Ең қиын деген на­рық­тарды сәтті игердік. Қа­зіргі кезде АҚШ, Батыс Еуропа, Жапония елдерімен ты­ғыз қарым-қатынастамыз. Қазақ­станды өнімдерімізді алға жыл­жы­тудың перспективалы бағыты деп санаймыз және сіз­дердің өнімдеріңіз біздің елде де үлкен сұранысқа ие болатынына сенімдімін.

– Ұзақ жыл бойы Вьетнамдағы жастар саясатымен айналысып келесіз. Қазіргі жастар интернет дәуірінде, әлеуметтік желілерде, кез келген ақпараттың ашықтығын көріп өсіп жатыр. Вьетнамда жастар жаһандық сын-қатерлерге қарсы қалай тәрбиеленуде?

– Өте жақсы сұрақ. Біз бұл мәселеге ерекше мән береміз. Осы орайда бірнеше негізгі ба­ғытты айта кетейін. Жастар ең алдымен, өздеріне жүктелген жауап­кершілікті сезінуі тиіс. Біз жастарға күрделі міндеттерді жүктейміз. Сынақтардан өткізіп, олардың өсуіне жағдай жасаймыз.

Келешекте кадрлар резер­він даярлауға көп көңіл бө­лінеді. Сол себепті үздік жас мамандарды халықаралық тәжірибе жинақтауы үшін шет елдерге жібереміз. Ал ин­тер­нет пен әлеуметтік желі­лерге келетін болсақ, біз цифр­лық экономика жағдайында өзі­мізді және қоғамды қалай қор­ғауға болатынын және жал­ған ақпаратқа қарсы тұру дағ­ды­ларын үйренуіміз керек. Барлық ірі ха­лықаралық әлеуметтік желілер Вьетнамда да жұмыс істейді. Біздің елде 55 миллион адам Фейсбукті тұтынады. Әлеу­меттік желілерде азаматтар ең кемінде күніне 3 сағаттай отырады. Бұл – әлем бойынша жақсы көрсеткіш.

Интернеттегі дұрыс емес ақ­парат ресми ақпаратқа қарағанда тез таралатыны анық. Оны өздеріңіз де күнделікті өмірде кө­ріп жүрсіздер. Есесіне, әлеуметтік желілер жағымды жаңалықтарды жариялауға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Классикалық бұқаралық ақпарат құралдары қазір үлкен міндеттермен бетпе-бет келді. Ресми ресурстар кәсіби және объективті болғандықтан, олар жалған ақпарат таратушылардан асып түсетінін де ескерген жөн.