Арыстағы жауынгерлер марапатталды
Арыстағы жауынгерлер марапатталды
370
оқылды

Арыс қаласындағы жары­лыс кезінде әскери борышын орындау­да ерлік көрсеткен әс­керилерді құр­меттеу жиы­ны өтті. Сал­­танатты шараға Қорғаныс ми­нистрі мен жергілікті билік өкіл­дері, әс­­керилер қатысты.

Жиынға келгендер қаза тап­қан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алып, 44 859 Арыс әскери бөлімінің же­ке құрамы жауынгерлік жол­дастарын еске алу үшін салта­нат­ты шерумен жүріп өтті.

Шарада сөз сөйлеген Қорға­ныс министрі Нұр­лан Ермекбаев әскери қызмет­ші­лер­дің қызметі мен өмірі белгілі тәр­тіппен қауіп-қатермен бай­­ланысты болатынын атап өтті.

– Оқ-дәрілер арсеналында қыз­мет етіп жатқан сарбаздар мен офицерлер өздерінің ел ал­дын­­дағы міндетін абыроймен атқа­рып жүрді. Аға сержант Бауыржан Әлімбеков пен сержант Әбдіқұл Ахметов көзсіз ерлік танытып, қыз­мет орнында ақтық демі қал­ғанша өртке қарсы күресіп, әскери борышын орындау ке­зінде қаза тапты. Нағыз ба­тыр­­лар қатарынан көрініп сол кезде болып жатқан жаңа жа­­ры­лыс кезіне қарамастан, өрт­ті ауыздықтау сәтінде қай­сар­лық танытқан әскери қыз­мет­­шілерімізді ерекше атап өт­кім келеді. Олар танытқан ер­жүректіктің, табандылықтың арқасында басқа адам шығын­да­ры болмады. Қарулы күш­тер­дің өрт сөндірушілері, өзге де қызметшілер қауіпке қа­ра­­мастан, оқиғаның алғашқы сә­тінен бастап осы күнге де­йін бөлімшедегі қоймаларда жа­рылғыш заттар мен қару-жарақ­тар­ды көшіруге атсалысып жа­тыр. Еліміздің нағыз патриот ұл­дарын тәрбиелеген ата-аналарға ерекше алғыс білдіремін. Әскери қыз­метшілер ардақты әке, өне­гелі ұл ретінде жауапты сәтте жан­қияр­лықпен ерлік жасады. Олар өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге болды. Марқұмдардың жар­­­­қын бейнесі есімізде мәңгі сақ­­талады, – деді Қорғаныс ми­нистрі.

Қазақстан Пре­зи­денті – Қарулы күштер­дің Бас қол­бас­шысының Жарлығымен 44 859 әскери бөлімі оқ-дәрілер бөлімінің бөлімше командирі, аға сержант марқұм Бауыржан Әлімбеков пен оқ-дәрілерге техникалық қызмет көрсету бөлімшесінің командирі, взвод сержанты марқұм Әбдіқұл Ах­ме­тов­тің қызметтік борышы ке­зінде көрсеткен ерлігі мен жан­­қиярлығы үшін ІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен мара­пат­тал­ғанын жеткізді. Мемлекеттік наградалар марқұм сарбаздардың аналарына табысталды.

Түркістан облысы әкімінің бірін­ші орынбасары Қосман Айт­мұхаметов бұл оқиғаның қа­зақ елінің қабырғасын қайыс­ты­рып кеткенін атап өтті.

– Сіздер ержүрек, намысшыл, қайсар мі­нез­ді сарбаздарды өсірдіңіздер. Оның нақты көрінісі арыстай екі азаматымыз апат орын алған күні қызметтік борышын өтеу ке­зінде ерлікпен қаза тапты. Бұл – бәріміз үшін сынақ. Олардың ерлік­ке толы әрекеттері – жас ұр­паққа, кейінгі толқынға үл­гі. Халқымызда «ер – елінің қор­ға­ны» деген сөз бар. Бар ғұмырын Отанын қорғауға арнаған әскери қызметкерлерге алғыс білдіремін, – деді Қосман Қайыртайұлы.

Жиын соңында Қорғаныс ми­нистрі қаза болған жауын­гер­лер­дің отбасымен кездесіп, басу айтты. Мар­құм­дардың артында қал­ған ба­ла­ларына қамқор болат­ын­ын жеткізді.

 

Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы