Қазақстан ядролық қарудан бас тартып, әлемге бейбітшіліктің үлгісін көрсетті – Мұхтар Тілеуберді
Қазақстан ядролық қарудан бас тартып, әлемге бейбітшіліктің үлгісін көрсетті – Мұхтар Тілеуберді
Фото: СІМ-нің баспасөз қызметінен алынды
931
оқылды
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев 1991 жылы 29 тамызда халықтың қалауымен Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойып, бүкіл әлемге бейбітшілік пен адамзатты сақтауға жауапкершілік пен шешуші көзқарастың үлгісін көрсетті. Бір жарым миллион адам зардап шеккен Семей полигонындағы ядролық жарылыстардың барлық сұмдығын басынан өткеріп, Қазақстан әлемдегі ядролық қарудың жойқын 4-арсеналынан толық бас тартып, ерікті таңдау жасады. Бұл шешім өте қиын уақытта қабылданды. Ол кезде Кеңес Одағының және жалпы биполярлық әлемдік тәртіптің күйреуі аясында жаңадан құрылған тәуелсіз елдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі өте өткір болды. Қазақстанда ядролық қарудың болуын көпшілік республиканың тәуелсіздігі мен тұтастығының кепілі ретінде қабылдады. Сонымен қатар, Қазақстанның әскери-өнеркәсіптік кешенінің басшылығы арсеналды сақтауды қолдады. Планетадағы ең ірі полигондардың бірін жабу 1996 жылы Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы келісімге (ДВЗЯИ) жол ашты. Сол өтпелі кезеңде Қазақстан басшылығының алдында жаңа мемлекет құру, мемлекеттік шекараны дұрыс рәсімдеу, өзінің ұлттық валютасын құру, экономикалық дамуды қамтамасыз ету және елдің дәйекті сыртқы және ішкі саясатын құру міндеттері тұрды. Тарих көрсетіп отырғандай, Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік маңызы бар оқиғаға айналған бірден-бір дұрыс шешім қабылдады. Мұны 2009 жылғы 2 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялау туралы қарар қабылдауы растайды. Біздің еліміз ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы барлық негізгі халықаралық шарттардың қатысушысы болып табылады. Өткен жылы Қазақстан ядролық қаруды заңсыз деп санайтын Ядролық қаруға тыйым салу туралы келісімді (ДЗЯО) шегендеп, қазіргі шындыққа жол ашты. Бүгінде бүкіл әлемде жүз мыңдаған адам Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған «АТОМ» Халықаралық жобасын (Abolish Testing: Our Mission) қолдады, бұл жоба ядролық сынақтарды түпкілікті тоқтату және ядролық қарудан толық бас тарту үшін бүкіл планета тұрғындарының бірлескен күш-жігерін шақыруға бағытталған. Семей полигонының жабылуы, ядролық арсеналдан бас тарту және Н.Назарбаевтың ядролық қарудан азат әлемге жету жөніндегі кейінгі бастамалары жаһандық антиядролық қозғалыс процесіне қуатты серпін берді. Бұл үдерісті қолдаушылардың бірлескен күш-жігері Латын Америкасы, Оңтүстік Тынық мұхиты, Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка және Орталық Азия аймақтарын қоса алғанда, ядролық қарудан азат аймақтардың географиясын кеңейтуде. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев жаһандық ядролық қарусызданудың тұрақты жақтаушысы бола отырып, Елбасының антиядролық бастамаларын үнемі жалғастырып келеді. Қ.Тоқаев Мемлекет басшысы ретінде БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінде сөйлеген алғашқы сөзінде-ақ бұл мәселеге басым назар аударды. Ол Н.Назарбаевтың 2045 жылға қарай әлемді ядролық қарудан толықтай азат ету туралы бастамасы бүкіл әлемдік қоғамдастықта да басым қолдауға ие болғанын алға тартты. Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының 30 жылдығы қарсаңында Қ.Тоқаев әлемдік қауымдастықты ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға бірдей декларациясының ережелерін қолдауға шақырды және бұл қауіпсіз болашаққа жол картасы екенін атап өтті. Ол сондай-ақ Қазақстанның ядролық қарудан азат аймақтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және бүкіл әлемде осындай аймақтарды құруға ұмтылатындығын атап өтті. Өткен 2019 жыл жарқын іс-шаралармен есте қалды: «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығының» тұсаукесері мерейтойлық іс-шараларға орайластырылды; оның лауреаттары - Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының (ОДВЗЯИ) Атқарушы хатшысы Лассина Зербо және Халықаралық Атом Қуаты Агенттігінің (МАГАТЭ) директоры Юкия Амано болды. Сондай-ақ, 2019 жылдың 29 тамызында Нью-Йоркте Қазақстанның Тұрақты өкілі Қ.Омаров БҰҰ Хатшылығына салтанатты түрде ЯҚТШ-ты (Ядролық Қаруға тыйым салу туралы Шарт) ратификациялау туралы құжатты тапсырды. Осы жылғы COVID-19 пандемиясына байланысты Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күніне арналған іс-шаралар онлайн режимде өтеді. 26 тамызда БҰҰ Бас ассамблеясының Төрағасы М.Бандэ, Финляндияның бұрынғы президенті Т.Халонен, ОДВЗЯИ атқарушы хатшысы Л.Зербо, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутеррештің салтанатты құттықтауын оқыған БҰҰ-ның қарусыздану істері жөніндегі жоғары өкілі И.Накамитцудың қатысуымен бейнеконференция өтті. Маған Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың атынан сөйлеу мәртебесі бұйырды. Осы конференция барысында Л.Зербо Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев пен Финляндияның экс-президенті Т.Халоненді «Ядролық сынақ пен ядролық қарусызданудан азат әлем үшін Чемпиондар» жаңа мәртебесінде ресми түрде таныстырғаны ерекше болды (Champions of nuclear test free world for a nuclear weapons free world). Сонымен қатар, Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орай, АҚШ пен Ұлыбритания астаналарында ресми бейнеконференциялар шаралары жоспарланған. 2020 жылдың 2 қыркүйегінде Вашингтонда Arms Control Association және Center for Policy Research (SUNY-Albany) америкалық ҒӨҰ (ғылыми-өндірістік ұйым) «Ядролық сынақтарға тыйым салу ережесін нығайту» тақырыбында вебинар өткізеді. 2020 жылдың 8 қыркүйегінде Лондонда «Поствковид кезеңінде көпжақты ынтымақтастық - ядролық қарусыз әлемге қол жеткізу мүмкіндігі» тақырыбында вебинар өтеді. Осылайша, Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні басқа іс-шаралармен қатар, ядролық қарудан азат әлемге жылжудың оңтайлы перспективаларын ашатын жаһандық ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.

Мұхтар ТІЛЕУБЕРДІ, Қазақстанның Сыртқы істер министрі