Президент Қ.Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында Белсенді азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру қажеттігін айтып, Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеуді назарға алған болатын.
Осы орайда, Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов үкіметтік емес ұйым жетекшілерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Қала басшысы үкіметтік емес ұйымдардың белсенді өкілдерімен бірлесе жұмыс істеп, өңірдегі азаматтық секторды дамыту мәселелерін пысықтау жайын талқылады. Шымкент қаласында 432 үкіметтік емес ұйым тіркелген болса, бүгінгі таңда оның 50-і нақты қызмет атқаруда.
Ерлан Қуанышұлы елімізде үкіметтік емес ұйымдардың дамуына толық мүмкіндік қарастырылғанын атап өтті. «Елімізде азаматтық қоғамды дамыту, үкіметтік емес ұйымдарды қолдауға бағытталған оң саясаттың нәтижесінде мыңдаған азаматтарды біріктіретін қоғамдық сектор еліміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси дамуына ықпал ететіндей күшке айналды. Жалпы, азаматтық сектор қоғаммен қарым-қатынаста маңызды орын алып, қоғамның мәселелерін шешуде мемлекеттік органдарға әділ әріптес деген көзқарас қалыптасты» деді қала әкімі.
Басқосуда «Шымкент қаласының Азаматтық альянсы», «Интеллект» экономикалық және азаматтық білім беру» қоғамдық бірлестігі және «Қазақстан әйелдерінің республикалық кеңесі», «Серпіліс», «Шаңырақ жастар мен жас кәсіпкерлерді қолдау орталығы» мен «Соотечественник» қоғамдық бірлестіктерінің басшылары сөз алып, өңірдегі маңызды мәселелерді көтерді.
Шымкент қаласының «Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Ж.Білісбеков үкіметтік емес ұйымдарды толғандырып жүрген бірқатар мәселе бар екенін жеткізді. Бүгінгі таңда үшінші мегаполисте 38 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат бар екенін, алайда олардың мәселесін шешуге үкіметтік емес ұйымдарының қауқарсыз болып отырғанын атап өтті. «Паралимпиадалық спорттың түрі болғанымен арнайы шұғылданатын жаттығу залы жоқ» деді ол. Сонымен қатар бірлестік президенті «Қоғамдық кеңес» мүшелерінің құрамына үкіметтік емес ұйым өкілдерінің белсенді топтарын қосуды ұсынды. Е.Айтаханов мүмкіндігі шектеулі жастардың паралимпиадалық спортпен шұғылдануына мүмкіндік қарастыруды назарға алатын болды.
Кездесу барысында Қайрат Рысқұлбековке ескерткіш орнату, зейнеткерлердің жолдама алуын оңтайландыру, балаларды отансүйгіштікке тәрбиелейтін лагерь ұйымдастыру және ішімдікке салынған ер-азаматтарды емдеу, оларды сауықтырып, отбасына қайтаруды жүйелендіру шаралары қолға алынуы қажеттігі де айтылды. Шағын бизнеске қолдау көрсету, қоғамдық көлік қызметі сапасын арттыру да басқосудың басты тақырыптарына айналды.
«Шымкент қаласы бойынша азаматтық қоғам институттарының мемлекеттік құрылымдармен әлеуметтік серіктестігі, олардың қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысуы жоспарлы және мақсатты процесс ретінде жүзеге асырылуда. Алайда атқарылған жұмыстармен қатар кемшіліктер де бар екенін атап өткен жөн. Өңір халқының бірлігін сақтап, аймақты дамытуда азаматтық сектор өкілдерінің әлеуетін пайдалану қажет-ақ. Сонымен қатар олардың пікірлері мен ұсыныстары тыңдалу керек» деді әкім жиын соңында.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы