Келер жылдан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылатыны белгілі. Шымкент қалалық денсаулық сақтау саласына 2020 жылдың бюджетіне 62 млрд теңге қарастырылып отыр. Оның 37 млрд теңгесі кепілдендірілген медициналық көмекке жұмсалса, 25 млрд теңге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға кетпек.
Медициналық ұйымдар өтінімдеріне сәйкес, халыққа амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша 5,5 млрд теңгеге дәрілік заттар сатып алынуы тиіс. Бұл туралы Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев қала әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте мәлімдеді.
Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне 531 997 адам қамтылған. Бұл қала халқының 77,6 пайызын құрайды.
– Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жүзеге асырылуы медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға бағытталғанын ерекше атап өтті. «Үшжылдық бюджет аясында денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосымша 2,3 триллионнан астам теңге бөлінеді. Үкімет әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің беделіне тағы да нұқсан келтірмеу үшін оны жүзеге асыру мәселесіне зор жауапкершілікпен қарауы қажет. Біздің қателесуге құқымыз жоқ» деп атап өтті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды құжатта. Иә, кез келген азамат, яғни медициналық сақтандырылған, тіпті ол сақтандырылмаған азамат болса да оған барлық шұғыл көмек тегін көрсетіледі. Бұрынғыдай алғашқы медициналық көмек, жедел жәрдем шақыру, санитарлық авиация және басқа да науқастың өмірін құтқаруға қажетті дәрігерлік көмектің барлығы ақысыз жүреді. Әрбір азамат осыны ескеруі қажет, – деді Асхан Мархабайұлы.
Брифингте сондай-ақ, мемлекеттің халық денсаулығына қажеттіліктің барлығын басты назарға ала отырып, науқастың дертін анықтау мен толықтай емдеуге қажетті шығынды жабуы бұдан былай МӘМС жүйесі арқылы іске асыратыны да айтылды. МӘМС жүйесі енгізілгенде стационарлық ем алу түрі мен дәрі-дәрмек тізбесі ұлғайып, қажетті диагностикалық құрылғылар мен қондырғалар қызметі де қолжетімді болмақ. Демек, қазіргі таңда тұрғындардың қосымша қаржы шығындап отырған медициналық қызметтің барлығы да міндетті сақтандыру жарнасы есебінен төленетін болады.
«Шымкент қаласында халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тартуды жандандыру үшін қала әкімінің өкімімен штаб құрылған. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жөніндегі ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу шеңберінде іс-шараларды өткізудің жоспары, медиа жоспар бекітілді. Бекітілген кестеге сай қаладағы 18 ірі кәсіпорын базасында, емханада МӘМС ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде», – деп атап өтті басқарма басшысы.
Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық басқармасының мәліметінше, бүгінге дейін қала аумағындағы 375 кәсіпорын мен 35 базарда, 10 сауда орталығына бекітілген жоспарға сәйкес түсіндіру жұмыстары жүрген. Ал, мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметіне сүйенсек, түсіндіру шаралары 22 188 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен 58 870 жеке кәсіпкердің жалдамалы қызметкерлеріне жүргізілуде.
Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша порталға тіркелген халық саны 2019 жылдың 1 қаңтарында 1 034 555 болды. Оның 66 пайызы мемлекет өз қарауына алатын әлсіз топтағы азаматтар санатында.
Қазіргі таңда алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медицина ұйымдары тарапынан халықты тұрғылықты жері бойынша медицина ұйымына тіркеу бойынша үй аралау жұмыстары жүргізіліп, статусы анықталып жатыр.
Басқарма басшысы БАҚ өкілдерімен өткізген брифинг барысында мемлекеттік медициналық ұйымдарында техника тапшылығы бар екенін жасырмады. Тіпті жекеменшік медициналық ұйымдарда да осындай проблема туындауда. Жуырда қала әкімі Е.Айтахановтың қатысуымен өткен жиында бұл мәселенің толық шешімі табуы тиістігі тапсырылған.
Жиын соңында басқарма басшысы БАҚ өкілдері қойған сауалдарға жан-жақты жауап берді.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы