Заң тілімізді өзектен теппесін
Заң тілімізді өзектен теппесін
392
оқылды

Формализмнен арылатын уақыт жетті. Сенатта «Заң шығару процесін одан ары жетілдіру» тақырыбында өткен парламенттік тыңдауда палата төрағасы Дариға Назарбаева осылай мәлімдеді. Оның байламынша, заңшығарушылық үдеріске деген көзқарасты түбегейлі, тұжырымдамалық қайта қарау қажеттілігі туып отыр.

– Заң мен құқық күнделікті өмірімізді реттейді. Заң мемле­кеттің бюджетімен бірдей маңыз­ды. Ал бюджеттің дұрыс орын­далуын Есеп комитеті, мемле­кеттік аудит секілді тексеруші органдар, Парламенттің өзі қа­дағалайды. Одан кейін қара­жат­тардың қалай игерілгені және неге қол жеткізгені жөнінде Үкі­меттен есеп талап етеді. Алайда бүгінде не Үкіметте, не Парла­ментте қабылданған заңдардың орындалуына мониторинг жүр­гізудің пәрменді құралы жоқ. Фор­мализмнен арылатын уақыт келді, – деді Сенат спикері.

Ол құқықтық мониторинг тәсілдерін түпкілікті өзгерту керегін айтты. Оның пікірінше, келесі парламенттік тыңдауды құқық қолдану тәжірибесіне арнап, оған сот және прокуратура органдарының өкілдері мен адвокаттарды шақырған жөн.

– Өйткені осы үш инстанция сот процестерінде тікелей жұмыс істейді және адамдардың, биз­нестің, компаниялардың тағды­рын шешеді. Сондықтан мазмұн­ды әңгіме жүруі тиіс, – деді Сенат төрағасы.

Жоғарғы палата басшысы құқықтық сараптама сапасының сын көтермейтініне назар ау­дарт­ты. Ол құқықтық сараптама са­пасына қатысты өлшемшарттарды қайта қарау және сарапшыларды іріктеудің нақты тетігін түзу мәсе­лесі пісіп-жетілгенін атап өтті.

– Әділет министрі жаңа заң жобаларына сараптама жасауға құқылы тұлғалар санын арттыру көзделіп отырғанын мәлімдеді. Бір жағынан бұл жақсы. Біз ашық, демократиялық қоғам құ­рудамыз. Бірақ сараптама сапасы үшін кім жауапкершілік арқа­лайды? Оның үстіне құқықтық сараптамаға Үкімет тапсырыс береді және ел қаржысынан ақы­сы төленеді. Әзірге оның сапасы сын көтермейтініне куә болуда­мыз. Біз тіпті заң жобасына қоса берілетін құқықтық сарап­та­маларды оқуды да қойдық. Себебі бір-біріне егіз тамшыдай ұқсас келеді. Олардағы ең басты кри­терий – заң жобасының бюджет шығысын арттырмайтыны. Басты өлшем осы ма?! Ендеше құқықтық сараптама сапасының өлшем­шартын толығымен қайта қарау керек. Сонымен қатар сарапшы­лардың жауапкершілігі туралы да ойласқанымыз абзал, – деді Да­риға Нұрсұлтанқызы.

Спикер сондай-ақ заңгерлер мен талдаушылар жұмысының әлсіздігіне екпін түсірді және олардың біліктілігін көтерудің арнайы бағдарламасы болуы керегін жеткізді.

– Біз Парламент жанынан инс­титут құру туралы ұсынысы­мызды қолдағаны үшін Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевқа ризашы­лығымызды білдіреміз. Ол инсти­тут осы жұмысты сапалы әрі дер­бес жүргізуімізге мүмкіндік бе­рер еді. Бұл Парламент мәрте­бесін нығайтуда және күшейтуде зор қадам болады, – деп түйді Д.Назарбаева.

Парламенттік тыңдауда заң жобаларын алдымен мемлекеттік тілде жазу мәселесі көтерілді. Се­натор Нұртөре Жүсіптің пайым­дауынша, аударма арқылы қабыл­данған заңның жүзеге асуы, өмір­де қолданылуы, халықтың қа­былдауы өте қиын.

– Қазақстан Президенті «ести­тін мемлекет» құрамыз деді. Менің ойымша, бізге «көретін мемлекет» деген де керек болады. Қабылданған заң жұмыс істеуге тиіс. Ол үшін заңның тілі жұмыс істеуі шарт. Аударма арқылы қа­былданған заңның жүзеге асуы, өмірде қолданылуы өте қиын. Мәселен, бүгінгі дайындалған ақ­параттық-анықтамалық мате­риалдардың 48-ші бетінде: «Од­нако в настоящее время одной из главных бед казахстанской законотворческой деятельности называется пресловутое «мел­ко­темье» делінген. Енді осының қазақшасы қалай? «Қазіргі уа­қытта қазақстандық заң шығару қызметінің басты бедінің бірі «ұсақ-түйек» деп аталады» дейді. «Главных бед» дегенді «басты беді» деп аударады. Осылай ұсақ-түйек деп отырған нәрсеміздің барлығы мемлекеттік тіліміздің мәртебесін төмендететін нәрсе. Сондықтан кез келген заңды қабылдау кезінде мемлекеттік тілді құрметтеуді өтінер едім, – деді Н.Жүсіп.

Расында, заң жобаларын алдымен орыс тілінде әзірлеп, кейін асығыс түрде мемлекеттік тілге тәржімалау секілді кесір құбылыс тиылмай, керісінше, ары қарай белең алуда. Салда­рынан, аз уақытта аударыла ­са­лынған заңдарды халық тү­сінбейді. Бұл ақыры заңның қазақша және орысша мәтін­дерінде сәй­кессіздік туа қалса, соттың орыс тіліндегі нұсқасын басшы­лық­қа алатын тәжіри­бесіне соқтырды.

Сенат депутаты Мұрат Бақ­тиярұлы мемлекеттік орган­дар­дың мемлекеттік тілді қолда­нудағы, мемлекеттік тілде заң жобаларын дайындаудағы жа­уапкершілігі төмен екенін нұсқады.

– Шындап келсек, заңдар алдымен мемлекеттің өз тілінде дайындалып, содан кейін ғана қажет болса, орыс тіліне ауда­рылуға тиіс. Бұрынғы кеңестік республикалар ішінде тек Қа­зақстан мен Беларусьтен басқа­сы­ның барлығы қазір осылай іс­тейді. Бұл мәселені түпкілікті қол­ға алып, заңдар мен норма­тив­тік құжаттарды алдымен мем­лекеттік тілде әзірлеуге көшетін уақыт жетті, – деген сенатор ол үшін Әділет министрлігі жа­нындағы осыған жауапты құры­лым, Рамазан Сәрпеков басқа­ратын «Заңнама және құқықтық ақпарат институтымен», тіл мамандарымен бірлесіп жұмыс істеуді ұсынды.

Сенаттың Халықаралық қа­тынастар, қорғаныс және қауіп­сіздік комитетінің төрағасы Мұх­тар Құл-Мұхаммед халыққа заң­дардың орындалуын қадағалауға мүмкіндік беруді ұсынды.

– Парламент депутаттарының басты міндеті – мемлекетке де, ел азаматтарына да пайдалы, сапалы заң актілерін даярлау, жетілдіру және қабылдау. Ал олардың тиім­ділігін анықтаудың басты өлшем­шарт-критерийі – қоғамдық мониторинг жүргізу. Біз қабыл­даған заңдарды қоғам, БАҚ, әлеуметтік желі қалай қабылдады? Жетістігі неде? Кемшілігі қандай? Оның бәрін «Әділет» құқықтық жүйесі, Парламентаризм инсти­туты арқылы қадағалап, қоғамдық пікірді ұдайы басшылыққа алып отыруымыз керек. Екіншіден, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ел пікіріне құлақ асу, ескеру керегін нықтады. Ол үшін заң жоба­сын алдын-ала талқылаудан өт­кізіп, ұсыныс-пікірлерді жинақ­тап, қажет болса заңға енгізуіміз керек, – деді сенатор.

Ол заң нормалары бірден, ке­дергісіз жүзеге асуы үшін заңмен бірге Үкімет қаулысы, тағы басқа нормативті актілердің уақтылы қабылдануын ұдайы бақылауда ұстау қажетін баса айтты.

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волковтың байламынша, сенаторлардың заң жобасын Мәжіліске кері қайта­руын болдырмау үшін шенеу­нік­тер онда жетілдірілмей не мүлде көрініс таппай қалған жайттарды Үкімет қаулысы немесе басқа да қосымша заңнамалық актілер қабылдау арқылы шешуге уәде ете салады екен. Осыған сеніп, сенаторлар мақұлдайды. Бірақ заң қабылданып кеткесін, одан шет қалған мәселе шешімін таппайды.

– Заң жобаларын қарау ба­рысында Сенат депутаттары заң­намалық реттеуді талап ететін олқылықтарды анықтап жатады. Алайда заң жобасының Мәжіліске қайтарылуынан қорыққан әзір­леушілер заңнамалық актілер аясында сол олқылықтардың тү­зетілетініне сілтеме жасайды. Олай болса, заң жобасын Мәжі­ліске енгізу кезінде онымен қоса заңнамалық актілердің де әкелі­нуі тиістігін заң жүзінде бекіту керек, – дейді В.Волков.

Ол Үкіметтің Парламентке заң жобаларын енгізу мерзімдерін сақтамайтынына қынжылды. Ми­нистрлер кабинеті заң жоба­сын депутаттар дәл каникулға кетер кезде әкеліп, тез қабылдау қажеттігін айтып, қалаулылардың екі аяғын бір етікке тығады, әбден састырады. Осы асығыс пен қар­баласта өздері қалаған талаптар мен нормаларды енгізіп ала қоя­ды. Мысалға, «Кейбір заңна­ма­лық актілерге мемлекеттік қыз­меттер көрсету мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықты­рулар енгізу туралы» заңының жобасы Үкіметтен Мәжіліске небәрі 64 бап болып, «арық» күйде келіпті. Ал Сенатқа 390 тү­зетумен толығып, қап-қалың болып, «семіріп» жеткен.

– Заң жобаларын біздің қа­рауымызға жыл аяқталып қалған­да немесе дәл сессияның тамам­далуы қарсаңында енгізу жиі­леуде. Уәкілетті органдар түзету­лерді ел күтіп отырғанын, шұғыл қабылдануға тиістігін алға тар­тады. Өздері қалаған баптар тіпті тақырыбы басқа болса да, кез келген заң жобасына тезірек еніп кетуі үшін фантастикалық тә­сілдерді пайдаланады. Заң жо­баларын қараудың басымдылы­ғы мәселелері Ата заңда реттел­генін және осы ережелерді ұстану керегін Үкіметке ескерткім ке­леді, – деді сенатор.

Парламенттік тыңдау қоры­тын­дысында Үкіметке жолда­на­тын тиісті ұсынымдар әзір­ленді.