Қоғам бейнесін құбылтқан технология
Қоғам бейнесін құбылтқан технология
350
оқылды

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарла­ма­сында жасанды интеллект еліміз бағыт алған Төртінші индустриялық төңкерістің ажырамас бір бөлшегі ре­тінде көрсетілген. Бұл тех­нология экономиканың көптеген саласын дамыту­ға ден бермек. Қазір жа­сан­ды интеллект біздің де өмірімізге ептеп еніп келе жатқанын байқаймыз.

Мысалы, жай ғана Egov пор­та­лының виртуалды көмек­ші­лерін алып қарасақ, бұрынғыдай порталға кіріп әуре болмайсыз. Белгілі бір анықтама алу үшін Telegram арнасындағы ботқа тапсырыс бере саласыз. Жалпы, боттар Supervisedlearning алгорит­мі арқылы өз-өзін оқыта алады, одан бөлек сall-орталықтарға деген жүктемені азайтуға көмек­те­седі. Қытайда жасалған жасан­ды интеллект технологиясы 2012 жылдан бастап 8 721 сыбайлас жемқорлық фактісін анықтаған екен. Бұл тенденция мемлекеттік қызмет көрсету саласында ғана емес, сонымен бірге бизнесте де кең қолданысқа ие. Ал Денсаулық сақтау министрлігі өткен жылы онкологиялық ауруларды емдеуде жасанды интеллектке (ЖИ) не­гіз­дел­ген платформаны іске қос­­қан. Қазір интернеттегі «жүріс-тұрысыңызды» боттар бақы­лауында ұстайды. Сол арқы­лы сізге тауар немесе қызмет түр­ле­рін жарнамалап отырады.

Осы уақытқа дейін алпауыт елдер көптеген салада бақ сына­ды, сол үшін соғысты да. Қазіргі бақталастық жасанды интеллект саласында жүріп жатыр. Әлемдік көшбасшы мемлекеттер адам­зат­тың көкейкесті мәселелерін шешу үшін жасанды қанат жайып келе жатқан интеллект техно­ло­гия­лары мен терең аналитиканы қолдану мүмкіндіктеріне назар аударып отыр. McKinsey & Company компаниясының зерттеуіне сүйенсек, Қазақстанда өнеркәсіп­тік әлеует жоғары.

АҚШ – дүниежүзі бойынша ЖИ технологияларын дамыту­дағы көшбасшы. Мұнда жасанды интеллект секторындағы инвес­ти­ция көлемі 2019 жылы 5,3 млрд доллардан асып кетті. Ал Америка Құрама Штаттарында, тіпті ЖИ-ді қолдана отырып, бизнес істерін дамытатын мемлекеттік қызмет­кер­лер қауымдастығы бар. Соны­мен бірге цифрлы үкімет те жұ­мыс істейді.

Жапонияда ЖИ технология­ла­рын дамыту саласындағы зерт­теу­лер мен инновацияларға са­лын­ған инвестициялар көлемі 8 мил­лиард долларды құрады. Күн­шығыс елінде жасанды ин­тел­­лект пен ауқымды деректер сала­сында ғылыми инновациялар және зерттеулермен айналысатын ком­панияларға салықтық жеңіл­дік­тер қарастырылған.

Ұлыбританияда ЖИ техно­ло­гия­сын қолдана отырып, шағын және орта бизнес пен стартап­тар­ды дамыту үшін қолайлы жағдай жасалған. Елде жасанды интел­лект зерттеулеріне 1,3 миллиард доллар, ЖИ инфрақұрылымында 1 миллиард доллар қоғамдық инвес­тиция салынды.

Қытай 2030 жылға қарай ЖИ тех­нологиясын дамытуда көш­бас­шы болуға ниетті. Елде жасан­ды интеллекттің дамуына қажетті технологияларды дамытуға ар­нал­ған мемлекеттік қор құрыл­ды. Оның капиталы шамамен 23 млрд АҚШ долларына тең. Германия­лық IPlytics зерттеу компания­сы­ның мәліметінше, жасанды ин­тел­лект бойынша патент алған компаниялардың басым бөлігі АҚШ-қа тиесілі. Мысалы, ЖИ сала­­сындағы патенттер саны бо­йынша Microsoft (АҚШ) 18,365 компаниясы көш бас­тай­ды. Одан кейін, IBM (АҚШ) – 15,046, үшін­ші орында – Samsung (О.Корея), мұндағы патент саны 11,243. Ал Google (АҚШ) жасанды интел­лект бойынша 9,536 дана патент жасаған. Сонымен бірге бұл саладағы алғашқы сегіздіктің құрамында Philips (Голландия), Siemens (Германия) және Sony (Жапония) компаниялары да бар. Ал 2030 жылға таман көшбасшы болуды көздеп отырған Қытай алғашқы сегіздіктің құрамына енбей де қалыпты. Бұл елдердің барлығы осы саланың әлеуетін түсінеді және жасанды интел­лект­тегі бәсекелестігін арттыруға барынша күш салуда. Мұны осы салаға салынып жатқан инвес­ти­ция көлемінен де аңғаруға бола­ды. CB Insights мәліметтеріне сәй­кес, 2018 жылы үшінші тоқ­сан­ның аяғында технология­лық секторға жалпы қаржы­лан­ды­ру 32,6 млрд долларды құраған, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 82 пайызға артық.

Ал жасанды интеллект Қа­зақ­стан экономикасына қандай әсер етуі мүмкін? McKinsey компания­сы­ның Қазақстандағы басқарушы серіктесі Джохен Бербнердің мәлім­деуінше, «ЖИ технология­ла­ры мен терең аналитика 2030 жылға дейін Қазақстанның ЖІӨ-нің жылдық 5-6% өсуіне мүмкін­дік беретін негізгі факторлардың бірі бола алады. Бұл экономика­лық өсудің маңызды факторына ай­налатын еңбек өнімділігінің артуына байланысты болуы мүм­кін».

Компанияның зерттеулеріне сүйенсек, жасанды интеллект тех­нологиялары мен терең анали­ти­ка­ны тау-кен өндіру өнеркәсі­бі­не енгізуден жыл сайынғы та­быс мөлшері 5-7 млрд долларға өсуі мүмкін. Бұл көрсеткіш қыз­мет көрсету саласында 9-13 млрд доллар, білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару және қорғаныс салаларында бұл тиім­ді­л­ік салыстырмалы түрде төмен, деген­мен 1-2 млрд АҚШ долла­рын құрамақ.

Экономикалық даму әлеуеті­мен қатар, жасанды интеллект технологиялары мен үлкен дерек­тер­ді терең талдау азаматтардың өмір сүру сапасын едәуір жақсарта алады. Мысалы, қазірдің өзінде әлемде көру қабілеті нашар адам­дарға арналған навигациялық жүйе бар. Бұл өмір сапасын едәуір жақсартуға және 50 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуға мүм­кін­дік берді. Көру қабілеті на­шар­лар тобына жатқызылған 25 мың­нан астам Қазақстан аза­мат­тары үшін мұндай жүйе сөзсіз пай­далы болар еді. Қалалық көлік жүйесін басқаруға келетін болсақ, техно­ло­гия кептеліс жағдайында қала­дағы орташа жылдамдықты 13 па­йызға арттыру­ға мүмкіндік бер­ді.

McKinsey зерттеулері Жаңа технологияларды енгізу арқылы 2030 жылға қарай Қазақстанға 5-10 мың деректерді талдаушы, 20-25 мың деректер жүйесін жа­сау­­шы, 2-5 мың мәліметші (де­рек­­терді зерттеушілер) қажет бола­ды деген долбар жасаған. Бұл қазіргі жастар көңіл бөлуі тиіс болжам деп есептейміз. Өйткені қазірдің өзінде еңбек нарығында қажетсіз болып қалған мамандық­тар тізімі күн санап артып келеді. Әсіресе, сату бөлімінің кеңес­ші­ле­рін виртуалды көмекшілер айыр­бастауы әбден мүмкін. Тіпті, маркетологтар роботтармен бәсе­кеге түскенде адам баласы игеруі тиіс қасиеттерге көңіл бөле баста­ды. Мысалы, Дәурен Көбеев жеке парақшасында: «Сатып алу­шы үшін өнім туралы мәлі­мет­ті қаншалықты білетінің емес, креа­тивтілігіңмен қалай еліктіре алатының маңызды. ЖИ біздің бәсекелесіміз дегеннен гөрі кө­мек­­шімізге айналады деген дұрыс шығар. Меніңше, ол сату бөлі­мін­дегі келіссөздерді бағам­дап, келісімшарттың сәтті болатынын болжауы мүмкін. Осылайша, біз де қызмет сапасын жақсарта ала­мыз» деген ой бөліскен.

ЖИ қызметі қажет болатын тағы бір сала – киберқауіпсіздік. 2021 жылға қарай компания­лар­дың 40 пайыздан астамы алаяқ­тық­пен күресу үшін жасанды ин­теллект пен машиналық оқы­ту­ды пайдаланатын болады. ACFE (алаяқтық пен ұрлықты тер­геу мамандарының қауым­дас­тығы) мен SAS компаниясы өз зерттеулерінде осындай болжам жасаған. Алаяқтыққа байланысты қыл­мыстар Қазақстан эконо­ми­касына да үлкен қауіп төндіреді. Бизнес пен мемлекеттік секторға жасалған бір ғана алаяқтық ша­б­уыл миллиондаған теңге залал кел­тіруі мүмкін. Алаяқтар өз әдіс­терін жетілдіріп отырады. Сон­дық­тан оларды анықтау қиынға соғады. Машиналық оқыту технологиялары мен жасанды интел­лекттің үнемі дамуының арқас­ында бизнестегі алаяқ­тық­тың алдын алу мүмкіндіктері артып келеді.

Жоғарыда айтып өткен зерт­теу­ге сәйкес, әлемдегі әрбір 4 ұйым биометрияны қолданады, ал сауалнамаға қатысқан мың­да­ған компанияның 16 пайызы 2021 жылға дейін осы технологияны енгізуді жоспарлайды. 2021 жылға қарай ұйымдардың 72%-ы алаяқ­тық­пен күресу үшін деректерді автоматты бақылауды пайда­лан­бақ. Әлемдегі ұйымдардың 52%-ы жұмыс процесінде болжамды ана­литиканы қолданса, деректер­ді визуализациялау үрдісі 12 пайыз­ға артады.

Алаяқтықпен күресте ЖИ, ма­шиналық оқыту және болжам­ды аналитиканы қолдану тенден­ция­сы ел аумағында да байқалады. Геоақпараттық жүйелердің мәлі­мет­теріне сүйенсек, 2019 жылдың тамызына дейін елімізде 10 377 алаяқтық факті тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыс­тырғанда 14 пайызға аз.


Кәмила ДҮЙСЕН