Қоғамды қақ жарған дәрігерлер дауы
Қоғамды қақ жарған дәрігерлер дауы
294
оқылды

Алматыдағы «дәрігерлер ісі» жаңа деректермен толығып жатыр. Бұл жолы жәбірленуші тарап баспасөз мәслихатын өткізіп, №4 аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаевтың әйелінің Мемлекет басшысына жолдаған үндеуіндегі кей мәліметтерді жоққа шығарды. Олар Нұрсұлтан Күдебаев Алматыда қайтыс болған, Қанат Тезекбаев мұны біле тұра Германияға барып емделуді ұсынды деп мәлімдеді.

«Бәрі Күдебаев Германияда қайтыс болды дейді, ал ол іс жү­зін­де осында қайтыс болды. Қ.Те­зек­баевтың әйелі өзінің күйеуіне көмектесу үшін Президентке мә­лім­деме жасайды. Тезекбаев қа­маудан босатылады және осы істе қаһарман болып шыға келді. Қ.То­қаев оны босатыңдар, қыл­мыс­тық істі тоқтатыңдар деген жоқ. Ол істі заң шеңберінде анық­таңдар деді», – дейді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Айман Омарова.

Оның айтуынша, Алматы по­лиция департаментінің басшысы Серік Күдебаевтың баласы қайтыс болғанда қоғам екіге бөлінді. Бі­рінші топ – полицияны жек көре­тіндіктен дәрігерлер жағына шық­са, екінші топ – керісінше. Қ.Те­зекбаевтың жақтастары бірінші топтың ұстанымын тиімді пайда­ланды деп санайды.

«Қоғамның басым бөлігі по­лицияны жек көреді, бірақ солай екен деп дәрігерлердің немқұрай­лығын жай қателікке жатқызуға болмайды. Соңғы уақытта Алматы қаласында ғана медицина қызмет­керлерінің кәсіби міндетін тиі­сінше орындамау фактілері бо­йынша 136 қылмыстық іс тіркел­ген. Бұл не? Дәрігерлік қателік пе немесе немқұрайлық па? Неге дә­рігерлердің жұмысына деген нем­құ­райлыққа жазаны күшейтпейді?» дейді қорғаушы.

Баспасөз мәслихатында Нұр­сұл­тан ауруханаға түскеннен бас­тап жанында жүрген Бақтияр Әбді­райымов (Н.Күдебаевтың немере ағасы ) оқиғаны бастан-аяқ баяндап берді.

«Мен Нұрсұлтанның немере аға­сымын, Германияға алып бар­дым, бірақ оны елге басқа жағдайда алып қайттым. Германияға апар­ғанға дейін Нұрсұлтан үш апта бойы Алматыдағы №4 ауруханада жатты. Германияда ешқандай опе­рация жасалған жоқ» дейді.

Оның айтуынша, Нұрсұлтан Күдебаев 28 шілде күні ауылда квад­роциклдан құлап қалады да, жауырыны, бұғанасы мен бірнеше қабырғасы сынады. Әуелгіде оны Алматыдағы №7 аурухана қабыл­дап, операцияға дайындайды, бі­рақ наркоз берген соң инкубация жасай алмаған. Сонда Нұрсұл­танның әкесі қалалық денсаулық сақтау басқармасына хабарласады, олар №4 ауруханаға баруды ұсы­нады. №4 ауруханадан Қ.Тезек­баев­тың өзі келіп, науқасты алып кетеді. Нұрсұлтан операция жасал­ғанға дейін 1,5 күн №4 ауруханада жатады. Жақындары көңіл сұрап барып тұрған, жанында әйелі бол­ған. Баспасөз мәслихатында Нұр­сұлтан Күдебаевтың №7 қалалық ауруханаға да, №4 ауруханаға да өз аяғымен барғанын дәлелдейтін бейнежазбалар көрсетілді.

«Операция кезінде Қ.Тезекбаев Нұрсұлтанның ата-анасына шы­ғып, бәрі жақсы болады, опера­цияны менсіз істей береді деді. Бірақ оны дәрігерлер кері шақы­рып алды да, науқастың жүрегі тоқтап қалды деді» дейді Б.Әб­дірайымов.

Ол Қ.Тезекбаевтың Күдебаевты Германияға апарғаны туралы біл­меген деген сөзді де жоққа шы­ғарды. Оның айтуынша, Қ.Тезек­баев Нұрсұлтанды Германияға өзі шығарып салған.

« 21 тамызда Германияға ұшып кеттік. Тезекбаев Нұрсұлтанды қандай клиникаға алып бараты­нымызды да білді. Ол бізді ұшақ бортына дейін шығарып салды. Онымен бірге реаниматолог та болды» дейді.

Баспасөз мәслихатында адво­каттың сұрауы бойынша Алматы әуежайынан алынған бейнежазба көрсетілді. Онда дәрігер Қ.Тезек­баевтың Нұрсұлтанның туыстарын шығарып салып жүргені анық көрінеді.

«Нұрсұлтанды Германияға жет­кізген соң реанимация бөліміне жатқызды. Ол жерде миын томо­графияға түсіріп, төрт түрлі тест жасаған. Ол тесттің төртеуі де миын­да тіршілік белгісі жоқ екенін көр­сеткен. Дәрігерлер оның мүм­кіндігі жоқ екенін түсіндірді. Біз Германияда бір апта ғана болдық. Сәрсенбі бардық, келесі сейсенбі күні «ініңіздің жүрегі тоқтады» деген SMS-хабарлама келді. Мен неміс дәрігерлеріне «Сіздер үміт бар деп едіңіздер ғой, неге бұлай болды?» дедім. «Бізге науқас тура­лы толық мәлімет келгенде, сіз­дер­ді шақырмас едік. Өйткені үміт жоқ екен» деген жауап алдым» дейді.

Бақтияр Әбдірайымов Гер­ма­нияда мәйітті сойып тексерудің өз талаптары бар екенін айтады. «Ба­вария заңы бойынша, мар­құм­ның неке куәлігі, балаларының туу туралы куәлігі керек екен, ал ол құжаттар менде болған жоқ» дейді. Ол Н.Күдебаевтың Германияға тасымалдау шығынын марқұмның туыстары төлегенін жеткізді.

Адвокат Айман Омарова дәрігерлер қамауда болуы тиіс деп санайды. «Дәрігерлер сот-меди­циналық сарапшы жасар кезде әріптестерінің жағына шыға ма деп алаңдап отырмыз» дейді.

Есте болса, Қ.Тезекбаевтың қа­­мауда шашын алып тастағаны туралы ақпарат тарап еді. Адвокат онда тұрған дәнеңе жоқ деген пікір білдірді.

«Қамауға алынғандардың бар­лығының шашын алады. Себебі ол жерде неше түрлі қылмыскер бар. Біз – қорғаушылар шашты тақыр­лап алмай, жарты сантиметр кө­лемінде қиса деген ұсыныс айтып жүрміз. Әзірге ұсынысымыз өткен жоқ. Сондықтан Тезекбаевтың ша­шын алып тастады деп даурығуға себеп жоқ. Ол – бәріне ортақ талап» деді.

Баспасөз мәслихатында №4 аурухана дәрігерлерінің білік­сіз­ді­гінен туысымызды жоғалттық, мү­гедек болып қалдық дегендер де қа­тысты. Мәселен, Н.Аминованың қайтыс болғаны туралы іс бойынша жәбірленуші журналист Марат Шаханов, 6 жасар Э.Янушайтенің қайтыс болуы туралы іс бойынша жәбірленуші Иоланта Янушене, №4 аурухана қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орын­дамауы фактісі бойынша жәбір­ле­нуші Ай­қын Айсәулет пен Қарлы­ғаш Жы­лыс­бекова аталған ауру­ха­на дәрі­герлеріне қатысты пікір білдірді.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ