Айыппұл төлеттірмек
Айыппұл төлеттірмек
258
оқылды

Парламенттің Жоғарғы палатасы бюджеттің тиімсіз орындалғаны үшін шенеуніктердің жауапкершілігін арттыруды ұсынды. Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Бюджет заңнамасын жетілдіру жөніндегі кеңестің отырысын өткізді.

Жиында Ұлттық экономика министрі Рус­лан Дәленов бюджет процесін рефор­ма­лау жөніндегі жол картасын таныстырды. Министр көтерген мәселелердің бірі – мем­лекеттік бағдарламаларға бөлінетін бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуы.

– Біз 2011-2018 жылдары жүзеге асырылған 10 мембағдарламаға талдау жүргіздік. Олар аясында жалпы алғанда шамамен 9 триллион теңге игерілген. Соның ішінде 608 миллиард теңге бюджет қаржысы тиімсіз жұмсалған. Өйткені олар нәтижесінде кіріс көбеймеген, жұмыс орындары ашылмаған және тағы басқа көрсеткіштер іске аспаған. Сол себепті мемлекеттік қаржыны тиімсіз игергені үшін жауапкершілік белгілеу қажет. Ал мем­бағдарламаларды іске асыру туралы есеп­терді төленген салықтар, табыстар, жаңа жұмыс орындары, өнім шығару көлемі және тағы басқа көрсеткіштермен толықтыру қажет, – деді ол.

Бас экономист мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы қаулыға бағдарламалардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігін ба­ғалауға, алдыңғы бағдарламаларды іске асыру нәтижелері бойынша қорытындылар әзірлеуге, сондай-ақ бағдарламаларға жос­пардан тыс бағалау жүргізуге қатысты түзетулер енгізуді ұсынды. Мұның сыртында мемлекеттік қолдау алатын жеке кәсіп­керлер мен кәсіпорындар үшін сайма-сай міндеттемелер енгізу көзделіп отыр.

Сенат басшысы Дариға Назарбаева бағдарламалар қаражатын тиімсіз пайда­лан­ғаны үшін жауапкершілікті күшейту жө­нінде ұсыныстар әзірлеу қажетін құп­тады.

– Бізде көбінесе бір адам тұтас саланы басқарады, мемлекеттік бағдарламаны әзірлейді, ал біраз уақыттан кейін оның бәрі тиімсіз болғанын, басымдықтар қате таң­дал­ғанын, мемлекеттік қазынаға залал келгенін көреміз. Бірақ ешкімнен сұрай алмайсың, себебі мамандар ауысып, орнына басқа адамдар келген болып шығады. Жауапты адам да жоқ, қожайын да жоқ. Біздің тәжірибемізде қаншама рет сондай жағдай қайталанды. Сондықтан ұсыны­сы­мыз бар: жұмыс орнын ауыстырғанына қа­ра­мастан, бұрынғы қызметі үшін жауап­кершілік ар­қалауға тиіс! – деп нықтады Д.Назарбаева.

Бұған қоса, бюджетті тиімсіз пайда­лан­ғаны үшін әкімшілік айыппұл салу қарас­тырылуда. Депутаттардың байламынша, оның мөлшері формальды болмауы және келтірілген зиянға шамалас есептелуі тиіс.

Қазіргі кезде Сенат Есеп комитетімен бірлесіп, осы айыппұл түрін Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне енгізу мә­селесін пысықтауда.


Елдос СЕНБАЙ