Депутат соры – салғырттық
Депутат соры – салғырттық
5,197
оқылды

Халықпен жұмыста атүс­тілік пен салғырт­тық­тан ары­лу керек. Бұл тура­лы Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Ақтөбе облы­сына жұмыс сапары ба­ры­сында облыстық мәслихат депутаттарымен кездесу кезінде айтты.

Парламенттің жоғарғы пала­тасының басшысы жергілікті де­путаттарды елімізде мәслихат­тар­дың құрылғанына 25 жыл то­луы­мен құттықтады. Д.Назарбаева­ның айтуынша, өкілді органдар жер­гі­лікті мемлекеттік басқару жүйе­сінде аса маңызды рөл атқа­рады.

Аймақтармен өзара ынты­мақ­тастығын арттыру мақсатында бүгінде палата жанынан Жер­гілікті өкілді органдармен өзара іс-қи­мыл жөніндегі кеңес жұмыс іс­тей­ді. Сенат мәслихаттардың рөлін одан ары нығайту, мәсли­хат хат­шысының мәртебесін арттыру, сондай-ақ босатылған негізде қыз­мет атқаратын депу­таттар инс­титутын енгізу жөнінде үкі­метке ұсыныстар топтамасын әзірледі.

Әйтпесе, сенаторлардан айыр­машылығы сол, аймақтардағы депутаттарға жалақы төленбейді, сондықтан олардың әрқайсысы сессиядан тыс уақытта еңбека­қысы мен табысы бар өзге жұмыс­тармен шұғылданады.

Жоғарғы палата ұсыныс­та­рының бәрі «Қазақстандағы жер­гілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға түзетулерде көрініс тапты. Дариға Назарбаева мәслихат депутат­тарын аталған заң жобасын бел­сенді талқылауға шақырды.

Спикер мәслихат жанындағы Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесуде олардың жұмысының дербестігін арттыру қажетін нық­тады.

– Біз Сенаттың жанында Жер­гілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрдық және оған зор үміт артып отырмыз. Мәслихатпен байланыс тығыз әрі белсенді және екіжақты болғанын қалар едік, – деді Дариға Нұрсұл­танқызы.

Оның пікірінше, халықпен жұмыс жасаудың жаңа форматын жолға қою керек болады: жұрт­шы­лықтың қатысуымен көшпелі оты­рыстарды үздіксіз өткізіп, жасалған жұмыстар туралы ресми сайттарда ғана емес, әлеуметтік желілерде де кеңінен жариялау қажет.

Д.Назарбаева бұл ретте осы жұмыстар атүсті жасалмай әрі сөз жүзінде қалмай, нақты маз­мұн­ға ие болуға тиістігіне назар аудартты.

Бұдан бөлек, Сенат төрағасы ұлттық мәдени орталықтар бас­шыларымен кездесуде аймақ­тардағы ассамблеялардың мәрте­бесін нығайту, атап айтқанда, жастарды мәдени орталықтар жұмысына тарту, сондай-ақ түрлі ұлт өкілдері үшін «әлеуметтік лифт» жүйесін құру мәселелерін талқылады.