Үкіметте бірлік жоқ
Үкіметте бірлік жоқ
187
оқылды

Мәдениет қызметкерлерінің елу мың теңге жалақыға «шықпа жаным, шықпа» деп өлместің күнін көріп отырғаны туралы мәселе Парламенттің Жоғарғы палатасы жиынында талқыланды. Палата отырысында сенаторлар Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі заң жобасына түзету енгізіп, Мәжіліске кері қайтарды.

Құжатта өзіне бағынышты биік лауазымды шенеуніктер – саяси және әкімшілік мемле­кеттік қызметшілер жемқорлыққа қолын былғап, ұсталса және сотталса, ол үшін жоғары тұрған бірінші басшылардың жауап­кершілігі нақтыланады.

Сенат басшысы Д.Назарбаева дәл осы заң жобасына Жоғарғы палата мәдениет ұйымдарының «шаруашылық қызметі құқы­ғындағы республикалық мем­лекеттік кәсіпорын» заңды мәр­тебесін алу құқығын көздейтін түзету енгізуге бастама жаса­ғанын мәлімдеді.

– Біздің идеямыз мәдениет нысандарының материалдық-техникалық жабдықталуын жақ­сартуды, олардың қызметкерлері үшін жалақы деңгейін артты­руды, сонымен қатар мәдениет саласындағы қызмет сапасын көтеру үшін халыққа қосымша қызмет көрсетуге мүмкіндік беруді қарастырады, – деді Да­риға Нұрсұлтанқызы.

Палата төрағасы қазір мәде­ниет саласы қызметкер­ле­рінің жа­лақысы орташа республика­лық деңгейден 30 пайызға тө­менін, ал кітапханаларда, мұра­жай­ларда және театрларда жұ­мыс іс­тейтін қызметкерлер не­бәрі 50-70 мың теңге алатынын жеткізді.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бо­йын­­ша, қазір олардың жалақысы 1,72 коэффициентке ұлғайтылуда. Сонда да бұл шара жабдықтау мен сапа мәселесін түбегейлі шеше алмайды. Бұл мәселеде дау көп, Үкіметте бірлік жоқ: біреуі қолдайды, ал біреу қарсы. Өйт­кені бюджеттің шығыс бөлігін арттырады деп санайды. Пікір бірлігі жоқ. Сондықтан осы түзе­туді қарауды кейінгі кезеңге қал­дыру туралы шешім қабыл­дан­ды, – деді Сенат басшысы.

Дариға Назарбаева талқы­лауды аяқтай келе, мәдениет саласындағы өзекті мәселелерді парламенттік тыңдауда көтеруді ұсынды.

Отырыста сенаторлар елді мазалаған көкейкесті мәселе­лерді ортаға салып, оларды депу­таттық сауал түрінде жария етті. Мысалға, Үкімет басшысының орынбасары Б.Сапарбаевқа жү­гінген Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп дәрі­герлерді тек қана сол салаға маманданған универ­си­теттерде оқытуды ұсынды.

«Күнделікті өмірде науқас адамды емдеуден бұрын диаг­нозды дәл қою мәселесінің өткір тұрғанын көріп жүрміз. Диагноз дұрыс қойылмағандықтан, оның арты қаншама қайғылы жағдай­ға душар етуде. Жыл сайын ЖОО бітірген жүздеген жас маман келеді. Солардың көбісінің қа­жетті білімі мен дағдысы, дәрі­гер­лік машығы нашар. Тиісті сала­ға маманданбаған ЖОО-ларда дәрігерлерді даярлау ісіне жол беріп отырмыз. Елдегі бір­қатар педагогикалық, жекемен­шік университеттер дәрігер кадр­ларын оқытуға көшті», – деді сенатор. Басқа салада тәжірибе жасауға болар, бірақ дәл ме­дицина саласында мұндай сынақ қауіпті.

Сенатор Марат Тағымов Премьерге жолдаған депсауа­лында шетелдік инвесторлардың Ақтөбе облысындағы «Көк­жиде» қорығы аумағын бұр­ғылап, лас­тағалы отырғанына дабыл кө­терді. Көкжиде құмды алқабы­ның астындағы ауыз­сумен Қы­зылорда, Батыс Қа­зақстан, Маң­ғыстау, Атырау об­лыстары тұр­ғындарын жаб­дықтау жоспар­ланған. Бірақ соңғы жылдары зерттеулер «Көкжиде» жерасты суларының мұнай өнімдерімен мықты лас­танғанын көрсетуде.

Ақтөбе облысы Экология де­партаментінің дерегінше, көмір­сутек шикізатын барлап өнді­ретін «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «КМК Мұнай» АҚ, «Өріктау Оперейтинг» ЖШС, «Фирма Ада Ойл» ЖШС және «Қазақ Ойл Ақ­төбе» ЖШС секілді мұнай ком­паниялары Көкжиде жерас­ты суының сапалық құрамына теріс әсерін тигізуде. Бұдан бөлек, шетелдік инвесторлар да 3-5 жыл аралығында 300-ден асатын қазіргі барлау ұңғыма­ларына қосымша жүзге жуық ұңғыма жасауды көздеп отыр. Сенатор пікірінше, олардың ісін қатаң бақылауға алу керек. Әйткенмен, бұл салада да қо­жайын жоқ.