Солтүстік Қазақстандағы тағы бір аудан орталығы карантинге жабылды
Солтүстік Қазақстандағы тағы бір аудан орталығы карантинге жабылды
202
оқылды

Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданының орталығы Явленка елдімекені коронавирустың таралуына байланысты карантинге жабылды.

Облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі Явленка ауылын жабу туралы қаулыға қол қойылғанын мәлімдеді. Есіл ауданының бас санитар дәрігерінің қаулысы бойынша Явленка ауылының тұрғындары үшін қатаң шектеулер 11 қазан сағат 00:00-ден бастап енгізілді. Ауыл тұрғындары үйінен жұмысқа, медициналық мекемелерге, дүкенге, дәріханаға, және өзге де шұғыл қажеттіліктер үшін ғана сыртқа шыға алады. «Автостансалар мен ашық сауда базарларының жұмысы тоқтатылады. Явленка ауылына округ әкімі берген рұқсатнама болғанда ғана кіріп, шығуға рұқсат етіледі», – деп жазылған қаулыда. Жерлеу шараларын өткізу кезінде 30 адамнан артық жиналуға болмайды, 2 метр арақашықтық пен маска режимі сақталуы керек. Мұнымен қоса Мамлют ауданының орталығы Мамлютка қаласына да карантин енгізу жоспарда бар. Белгілі болғандай, қазір карантинге жабу туралы қаулы дайындалып жатыр.