Дәрінің жауы – жемқорлық
Дәрінің жауы – жемқорлық
184
оқылды

Бюджеттің миллиард­таған қаржысы тасқындап ағатын кей салада жем­қор­лар өздерін суда жүз­ген балықтай сезінеді, ер­кін қимылдап, молынан қарпуға тырысады. Ары таза емес шенеуніктердің мемлекет қалтасына қол салуының, қол салғанда да мол салуының кезекті схемасы Денсаулық сақ­тау министрлігінде анық­талды.

Ведомствоның өзі әшкереле­гендей, алаяқтық схема ақысы бюджеттен өтелген тегін дәрілер айналасында құрылған екен. Шамамен сегіз мыңдай сырқат қазақстандық құжаттар бойынша «берілді» деп көрсетілген тегін дәрілерді шынында алмаған­дарын мәлімдеген.

Денсаулық сақтау вице-ми­нистрі Олжас Әбішевтің мәлі­ме­тінше, кейінгі жылдары медици­налық қызметті тек қағаз жүзінде ғана көрсету фактілері мәлім болуда. Бұл ретте өзіне ондай қыз­мет көрсетілгенінен аза­маттар бейхабар.

– Былтыр азаматтарды тегін дәрі-дәрмек алғаны туралы құлағдар ететін SMS-хабарлама жүйесін іске қостық. Осылайша, 100 мыңнан астам SMS жолдан­ды. Соның ішінде сегіз мың адам­нан аталған дәрінің қолына тимегені туралы кері хабарлама алдық. Яғни, цифрландыру кө­ме­­гімен алаяқтық әрекеттер әш­кереленді, – дейді вице-министр.

Мәселен, биылғы тамыз айында прокурорлар Қызылорда облысының Арал ауданында қант диабетімен ауыратын бес адамға бөлінген өмірлік маңызды дәрілерін дәрігердің бермей қойғанын анықтады. Диабе­тик­терге арналған виктоза атты дәрінің бір қорабы 45 мың теңге тұрады. Рас, ол дәрігердің өзі сол дертке шалдыққан көрінеді. Бір сырқатқа бір жылда 18 қорап виктоза қажет. Ендеше, алақол дәрігер өзіне екіжылдық қор жасап алса керек. Жөнсіздікке жол бергендер тәртіптік жазаға тартылған.

Бұл әрине, мұзтаудың ұшы ғана. Әйтпесе, тегін таратылуға тиіс дәрі-дәрмек арасында бір қорабының құны 2 миллион теңге тұратыны да бар.

Әлгіндей сорақылықтарды министрлік электрондық ден­саулық паспортын жаппай енгізу арқылы да анықтамақ ниетте. Сонымен қатар ЭДП көмегімен халықтың көрсетілген меди­циналық қызметтерге қанша­лықты қанағаттанғанын талдау­ды, қазақстандықтардың тіркел­ген емханасымен не тікелей ем­деуші дәрігерімен өзара бай­ланысын жолға қоюды жоспар­лауда.

– Цифрландыруға дейін кі­тап­ша не дәптер түріндегі амбу­латориялық карталар және қағаз жазбалар жүрді. Мұндай жағ­дай­да адамның дербес құ­пиясы са­налатын медициналық мәлімет­тің сақталуын ешкім де кепіл­ден­­діре алмайды. Кез кел­ген еден жуушы немесе ғимарат жұ­мыс­шысы ол деректерді ақта­рып, адамның немен ауыратыны тура­лы дәрігер жазбаларымен таны­сып, тіпті фотоға түсіріп ала ала­­тын. Ал цифрландыру дең­ге­йін­де елімізде «алтын стан­дарт» – қауіпсіздіктің 99,6%-ға сақталуы қамтамасыз етілуде. Біз Денсау­лық сақтау министрлігінде Ұлт­тық қауіпсіздік комитетімен бір­лесіп, ай сайын ақпараттық қа­уіпсіздікке тексеріс жүргізіп тұ­рамыз, – деген Олжас Әбішев цифрландыру жүйелері ендіріл­гелі мемлекет тарапынан меди­циналық деректердің сыртқа «ағып кетуінің» бірде-бір оқи­ғасы тіркелмегенін мақтана жеткізді.

Биылғы жазда жүздеген мың сырқаттың медициналық дерек­тері интернетте жария болып қалғаны есте. Бұл туралы «Кибер шабуылдарды талдау және тергеу орталығы» бірлестігі хабарлады. Дегенмен бұл ақпараттар мемле­кеттен емес, Damumed клиника­лар желісінің ұялы қосымша­сынан ұрланғаны айтылды.

Дәрі-дәрмек мәселесіне ора­лар болсақ, қазіргі кезде бюджет­тен кезекті рет миллиардтар бө­лініп, келесі жылы халыққа тегін таратылатын дәрілерді сатып алу жүзеге асырылуда. «СҚ-Фар­ма­ция» ЖШС-ның дерегінше, бұл мақсатқа алдымен 66,5 миллиард теңге жұмсалады. Осынша қар­жыға препараттардың 308 ата­лымы электронды сатып алу порталындағы тендерлік рәсім­дер арқылы алынады. Тендер нә­тижелері 6 қарашада шығары­лады. Кейін осы жылдың со­ңында медикаменттер бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына түсуге тиіс.

Айта кетсек, 2018 жыл қоры­тындысында сатып алынған 915 дәрі-дәрмектің 29 пайызы Қа­зақстанда жасалыпты. 14%-ы – Германияда, 10%-ы – Фран­ция­да, 7%-ы – Ирландияда, 5%-ы – АҚШ-та, 4%-ы – Италияда, 3%-ы Үндістан, Швейцария, Австрия, Данияда өндірілген екен. Биыл бұл тізімнің қалай өзгеретіні тек сатып алу қоры­тындысы шығарылғаннан кейін белгілі болады.

«СҚ-Фармация» ақпаратына жүгінсек, 2020 жылы ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйе­сінде қазақстандықтарға дәрілік заттар мен медициналық бұйым­дардың жалпы алғанда, 1 318 ата­уын тегін беру бекітіліп отыр.

2020 жылға арналған меди­каменттердің жалпы тізімінен 596 аталым отандық фармацев­тикалық фабрикалардан сатып алынады: олар қазақстандық фар­мацевтикалық саланы да­мытудың мемлекеттік бағдар­ла­масы аясында теңдессіз артық­шылық-преференцияларға ие болды және олармен мемлекет азаматтарды дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз ету бойынша ұзақмерзімді шарттар жасасқан.

«СҚ-Фармация» өз қойма­ларына жыл соңында келіп түсе­тін дәрілер тек 2020 жылдың қаңтарынан бастап еліміздің әр түкпіріндегі емханалар мен ауру­ханаларға жөнелтілетінін ха­барлады. Демек, дәрі жетпей­ті­ніне қатысты даулар қайта бас кө­теруі ғажап емес. Бұл тапшы­лыққа саладағы сұғанақ қол шенділер де сүбелі үлесін қоспаса болғаны.