Қазақстандықтар мен шетелдік мамандардың еңбекақысындағы сәйкессіздік мәселесі бүгін пайда болған жоқ. Бұл мәселенің тамыры да, тарихы да тереңде. Өркениетті елдер бұл мәселенің шешімін тапқан. Ал бізде әлі күнге шешілген жоқ. Мұнай-газ және тау-кен өндірісі саласының жұмысшылары еңбекақы сәйкессіздігін жиі көтеретін контингентке айналды. Себебі шетелден мамандар дәл осы салаларға жиі тартылады.
Министр бүй деді,
жұмыс беруші не деді?
Шетелдік кадрларды елге кіргізбеуге құқымыз жоқ, бұл – әлемдік практика. Оның үстіне, шетелден маман тарту отандық кадрлардың білімін көтеріп, кәсібилігін шыңдайды. Бірақ солай екен деп, оларды шектен тыс тартуға тағы болмайды. Осы алтын аралықты сақтау үшін Қазақстанға келетін шетелдік мамандар санына квота белгіленген. Бүгінгі таңда аталған квота бойынша, Қазақстандағы 2 425 компания шетелден жұмысшы тартып, жұмыс істеп жатыр. Бір ғана Атырау облысында жыл басынан бері 364 жұмыс беруші 9 мыңнан астам шетел азаматын жұмысқа шақырған. Оның ішінде басшылар және орынбасарларының үлесі – 63 адам. Қалғандары – қатардағы жұмысшылар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, шетелден жұмыс күшін тартқан жұмыс беруші отандық азаматтарға да, шетелдік жұмысшыларға да бірдей еңбек жағдайын жасап, бірдей жалақы төлеуі керек. Алайда әзірге олай болмай тұр. Күні кеше министр Біржан Нұрымбетов Атырау облысындағы мұнай және газ өңдеу зауытына барған сапарында өзі басқаратын ведомство мен Бас прокуратураның бірлесіп жүргізген тексеру нәтижесін хабарлады.
«Осы жылдың 8 қазанында 49 кәсіпорында тексеріс аяқталды, 791 еңбек және көші-қонзаңнамасын бұзу дерегі анықталды. Оның ішінде жалақы және сыйақы төлеміндегі сәйкессіздік те бар – 24 кәсіпорында 476 дерек. Мысалы, Атырау облысында «Нефтестройсервис ЛТД» ЖШС жергілікті инженерге бір сағаттық тарифтік мөлшерлемені 568 теңге, ал осыған ұқсас қызметтегі шетелдік жұмысшы үшін 6 500 теңге етіп белгілеген. Мұндай тәжірибеге жол берілмейді», – деді министр.
Бізді министрдің соңғы цифры елең еткізді. Себебі 568 теңге мен 6 500 теңгенің айырмашылығы 10 еседен асады! Батыс өңірдегі жергілікті ірі құрылыс компанияларының бірінен саналатын «Нефтестройсервис ЛТД» ЖШС-на хабарластық. Компания директоры Бекет Оспановтың айтуынша, халықаралық деңгейге шығу үшін шет мемлекеттерден белгілі бір мамандық бойынша мамандар тартуға тура келетінін айтады.
«Ондағы негізгі мақсат – олардың халықаралық стандарттарды қолдану іс-тәжірибесін үйрену, жергілікті мамандарды техникалық шет тіліне үйрету, атқарушы құжаттамаларды тапсырыс берушінің талаптарына сәйкес құру және жүргізу. Жұмыс орнының шалғайлығын, климаттық жағдайды, шетелдік мамандардың әлемдік жобалардағы сұраныста екенін ескере отырып, жергілікті мамандардың білім деңгейін арттыру үшін біз сырттан мамандар тартып, қосымша шығындарға баруға мәжбүрміз», – дейді ол.
Ал министр айтқан сағаттық мөлшерлеме жөніндегі берген жауабы бізді, шын айтқанда, таңғалдырды.
«Министр айтқан мәліметте нақты жағдайда жұмыс тәжірибесі жоқ жергілікті маманның сағат мөлшерлемесі мен әлемдік деңгейдегі жобаларда көп жылғы тәжірибесі бар шетелдік маманның мөлшерлемесі салыстыра алынған. Ал бізде компанияда көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан кадрлардың сағаттық мөлшерлемесі шетелдік маманның сағаттық мөлшерлемесімен бірдей. Жас маман біліктілігін шыңдап, дағдысын жетілдірген сайын оның сағаттық мөлшерлемесі көбейе береді», – дейді ол.
Осы тұсқа баса назар аудардық, себебі министр «Нефтестройсервис ЛТД» ЖШС жергілікті инженерге бір сағаттық тарифтік мөлшерлемені 568 теңге, ал осыған ұқсас қызметтегі шетелдік жұмысшы үшін 6 500 теңге етіп белгілеген» деп отыр, ал компания басшысы «...бізде компанияда көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан кадрлардың сағаттық мөлшерлемесі мен шетелдік маманның сағаттық мөлшерлемесі бірдей» дейді. Кімге сенеміз?
Қалай болғанда да, министр мәлімдемесінен бері екі күн өтті, барлық БАҚ «Нефтестройсервис ЛТД» серіктестігін сынап үлгерді.
Егер өзге елде осындай жағдай болса, компания министрдің сөзін жоққа шығарып, компания имиджіне нұқсан келгені үшін жауапкершілікке тартуға дейін барар еді. Ал атыраулық компания әзірге министр мәлімдемесіндегі деректерге қатысты наразылық білдіруге асықпайтын сияқты.
Туған жердің гастарбайтерлері
Еңбекақы арасындағы айырмашылықтың он есеге дейін жететінін жуырда Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы мәлімдеген болатын. Оның дерегіне сүйенсек, Қызылорда облысындағы ірі мұнай компанияларында лауазымдары мен атқаратын функционалдық міндеттері бірдей қазақстандық және шетелдік қызметкерлердің жалақысында сәйкессіздік фактісі анықталып отыр, яғни шетел қызметкерлеріне лауазымдық еңбекақысы мен шетелдегі жұмысы үшін аумақтық үстемеақысынан басқа, заңмен көзделмеген үстемеақы түрлері және сыйақы мен өзге де төлемдер төленетіндігі, кейбіреуіндегі жалақы айырмашылығы 10 есеге дейін жететіндігі белгілі болған.
«Мысалы, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясында жұмыс істейтін қазақстандық учаске шеберінің жалақысы 315 мың теңге болса, осы лауазымдағы шетелдік маманның жалақысы 3 млн теңгеден асады. Мұндай мысалдар Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында да жеткілікті. Өкінішке қарай, еліміздегі еңбек және жұмыспен қамту заңнамаларында сәйкессіздік фактісі орын алған, жұмыс берушіге қатысты әсер ету тетіктері қарастырылмаған», – дейді депутат. Сол себепті сенатор жуырда Үкімет жетекшісіне жергілікті және шетелдік қызметкерлерге еңбекақы төлеу жөніндегі халықаралық тәжірибелерді тұжырымдап, еңбекақыдағы сәйкессіздікті қысқарту, оның ішінде шетелдік жұмыс күшін тарту кезінде міндеттемелерді орындау жауапкершілігін күшейту, мұнайды терең өңдейтін мұнай-химия саласын дамыту жөнінде кешенді шаралар қабылдауын сұрап, депутаттық сауал жолдады.
Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, соңғы он жылда Қазақстан тікелей шетелдік инвестиция тартудан Шығыс Еуропа елдері мен ТМД елдері арасында алдыңғы орынға шыққан. Тәуелсіздікке ие болғаннан бері елімізге әлемнің 120-дан астам елінен 320 млрд астам доллар тікелей инвестиция тартылған, бұл елдің жалпы ішкі өнімдегі үлесінің 0,8 пайызын құрайды. Мұндайда «Ақшаны кім төлесе, музыкаға тапсырысты сол береді» деген тәмсіл жүзеге асады. Яғни, шетел инвестициясы құйылған жобалардың бас мердігерлері мен қосалқы мердігерлері шетелдік компаниялар болады, мұндай табысы, жалақысы, әлеуметтік пакеттері бар ірі шетелдік компаниялар өз мамандарымен келісімшарттар жасап, қаржысын шетелге алып кетіп жатыр. Ал біздің қосалқы мердігерлер ыстық күннің астында қара жұмысты сөткелеп істейтін табаны құмға, маңдайы күнге күйетін қазақстандық жүздеген бригада, яғни он мыңдаған қарапайым жігіттер туған жерінің гастарбайтерлері сияқты күн кешіп, жалақысы төмен қара жұмысты қанағат тұтуға мәжбүр. Салдарынан шетелдік инвесторларға деген жақтырмаушылық, өз жерінде өздері алданған құқықсыз және қажетсіз сезіну пиғылдары көрініс бере бастады», – дейді сенатор.
Осы көрініске не себеп немесе кім кінәлі? Әлгінде айтқанымыздай, шетелдік инвесторлар мұнай өңдеу зауытын салуға құлықсыз. Өйткені инвесторлар бізден шикідей алып кетіп, өзімізге бірнеше есе жоғары бағаға сатқанды жөн көреді.
Білімді мыңды жығады
Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, тәуелсіздік жылдарында елімізде 1,5 млрд тонна мұнай мен газ конденсаты өндіріліп, экспортқа шығарылған. Нәтижесінде, Қазақстан әлем бойынша мұнай-газ экспорттаушы елдердің алғашқы қатарына кірді. Шынын айтсақ, бұл мақтанатын дерек емес, себебі біз экспортқа шығарылған өнімнен өңделген өнімді кері сатып алу арқылы импорт үшін қыруар қаражатты шетел экономикасына құйып жатырмыз.
Бұл мәселенің бір ұшы білім беру саласына, соның ішінде техникалық кадрларды даярлауға келіп тіреледі. Биыл оқу грантына қосымша 20 мың грант бөлінді. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге бағытталды. Аталған грантты иеленгеннің бәрі техникалық кадр болып кетеріне кепіл жоқ әрі биыл студент атанғандар диплом алғанша 4-5 жыл уақыт керек. Сондықтан шетелдіктермен тайталасатындай кадрлар шоғыры жуық арада пайда болады дей алмаймыз. Олай болса, осыдан үш жыл бұрын енгізілген дуалды оқыту жүйесінің қалай жұмыс істеп жатқанына мән беруіміз керек.
Теорияны өндіріспен ұштастыра оқытатын дуалды оқыту жүйесі алғаш Германияда пайда болған. Мұнда оқушылар уақытының үштен екі бөлігінде еңбек ете жүріп, өндірістен қол үзбей оқиды. Қазіргі кезде әлемде оқытудың дуалды жүйесі техникалық және кәсіптік мамандар даярлаудың ең тиімді әдісі саналады. Бұл жүйе Қазақстан үшін тиімді деген соң 2016 жылы арнайы заң қабылданды. Бір жылдан соң дуалды оқыту жүйесі техникалық, технологиялық, ауылшаруашылық бағыттары бойынша 421 колледжде (республикадағы колледждердің жалпы санының 51,5 пайызы) жүргізіле бастады. Бағдарламаға 2 433 кәсіпорын қатысып, 27 мың студент қамтылды. Осы жүйемен жұмыс істеп жатқан компанияның бірі – «ҚазТрансОйл» АҚ мұнай саласына маман дайындайтын Назарбаев университеті, Қазақ-Британ техникалық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-мен өзара келісімшарт жасаған. Аталған оқу орындарының студенттері компанияда өндірістік тәжірибеден өтеді.
«Биыл аймақтардағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан жалпы 430 студент практикадан өтті. Практиканың ерекшелігі – студенттерге еңбекақы төленеді. ЖОО-ның студенттері – 100-120 мың теңге, колледж студенттері – 70-80 мың теңгеден еңбекақы алады. Тегін тамақ, жұмыс киімі, қауіпсіздік құралдарымен толықтай қамтамасыз етеміз. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін студенттердің жұмыс жүктемесі өзге жұмысшылардан 1-1,5 сағатқа аз. Жатын орнынан бастап толық жағдай жасалды», – дейді «ҚазТрансОйл» АҚ бас директорының орынбасары Орал Ыдырысов. Оның айтуынша, оқу бітіретін студенттер өндірісте жүріп, диплом жұмысын жазады. Практикадан жақсы өткендер байқау негізінде жұмысқа қабылданады. Бұл – жоғары білімді кадр тапшылығын шешудің бір тетігі. Біз сөз ортасында тілге тиек еткен «Нефтестройсервис ЛТД» ЖШС да дуалды оқу жүйесі бойынша жұмыс істеп келеді. Бірақ қолға алынғанына 2-3 жыл ғана болған бұл жүйенің жемісін көруге әлі бірнеше жыл керек. Сондықтан отандық кадрлар мен шетелдік мамандардың еңбекақы сәйкессіздігі туралы мәселе әлі біраз жыл көтеріле бермек. Ол мәселе шешілгенше атқарушы билік пен жұмыс беруші өз аргументтерін алға тартумен болады.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ