Еуропадағы сепаратизм
Еуропадағы сепаратизм
695
оқылды
Осы аптада Испанияның жо­ғарғы соты 2017 жылы ел құ­рамындағы Каталония ай­ма­ғының тәуелсіздігін жа­рия­ла­мақ болған 12 сая­саткерді 9 жылдан 13 жылға дейін бас бос­тандығы­нан айырды. Мад­рид бөлінгісі келген ката­лон­дықтарды осылайша жа­за­­лап отыр. Алайда өрке­ниет­ті деген Еуропада еге­мен­­дік­ке ұмтылған жалғыз Ката­ло­ния емес.

Шотландия. Елден елдің бө­лі­нуі­не қатысты Еуропадағы соңғы ең ірі заңды процестің бірі – Шот­лан­дияның тәуелсіздік алуына орай референдум өткізуі. 2014 жыл­­­ғы таңдау барысында шотлан­дық­­­тардың 55 пайызы Ұлыбри­та­ния құрамында қалуды құп көрса, 44 пайызы Англиядан азат болуды қалаған. Оның өзіндік себептері де бар. Шотландияның ел ретінде қазіргі саяси мүмкіндіктері аз емес. Өз үкіметі, парламенті, тіпті жеке валютасы да бар. Алайда Ұлыбри­та­ния 2016 жылы Еуроодақтан шығу туралы шешім қабылдағанда шотландықтардың басым бөлігі еге­мендік алуды қайта ойлай бас­та­ды. Себебі шотланд эконо­ми­ка­сы үшін Еуропамен кедергісіз сау­­да жасау маңызды. Бұл бастама­ны елдегі ұлтшыл күштер қостап отыр. Шотландияның ұлттық пар­тия­­сы (SNP) тәуелсіздік мәселесі бо­­йынша референдумды екінші рет өткізуді мәселе етіп қоя баста­ды.

Фландрия. Бельгия құрамын­да­ғы бұл провинция елдің өзге өңірлеріне ұқсамайды. Мәселен, Фландрия жұрты нидерланд ті­лін­де, Валлония француз және не­міс тілінде сөйлейді. Ал ел аста­насы Брюссель көшелерін жаяу араласа­ңыз, тұрғындардың басым бөлігі французша тілдескенді жөн көреді. Бельгияда әр провинцияның өз пар­­ламенті, өз үкіметі бар. 2014 жы­лы Фландриядағы жергілікті сайлауда «жаңа фламандық альянс» ұлттық партиясы жеңіске жет­­ті. Оның жетекшісі Барт де Ве­вер­дің пікірінше, Бельгияның мем­­­лекет ретінде болашағы жоқ. Алайда жер көлемі бар-жоғы 30 мың шақырым болатын елдің (Солтүстік Қазақстан облысының аумағына 3 Бельгия сыйып кетеді) тарап кетуіне Еуропа елдері жол бере қоюы екіталай. Себебі Бель­гия­­­ның бас қаласы Брюссельде Еуро­одақ, НАТО және басқа да ха­лықа­ралық ұйымдардың штаб-пәтерлері орналасқан. Мұндай стратегиялық маңызды қала елсіз қала қоймас.

Басктер елі. Испаниядағы сепа­ратистік түйткіл тек Катало­ния­мен шектелмейді. Мадридтен аза­т­тығын талап ететін келесі ха­лық – басктер. Оларды Еуропа аборигендері деп те атайды. Фран­ко диктатурасы орнағанда баск тіліне тыйым салынды. Ал 1961 және 2011 жылдары аралығында баск халқының тәуелсіздігі үшін күрескен ETA (Euskadi Ta Askatasuna — «Бастер елі және бостан­дық») сепаратистік тобы түрлі те­рак­тілерде 800 адамды ажал құш­тыр­ды. Алайда баск халқы қанша ұмтылса да, Мадрид оларға тәуел­сіз­дік алу үшін референдум өткізу құ­қығын берген жоқ. Есесіне, қа­зір өзгелерге қарағанда баск авто­номиясының құзыреті кеңдеу. Айта­лық, олардың орталық бюд­жет­­ке беретін қаражаты мар­дым­сыз. Түскен салықтың негізгі бөлігі автономия қазынасында қалады. Басктер енді азаттық алу орнына автономияның құқықтық шекара­сын кеңейтуді көздеп отыр. Испа­ния­да әр аймақтың салт-дәстүрін, ерекшелігін әспеттейтін өз футбол клубтары бар. Ресми Мадридтің сим­волы – «Реал Мадрид», Ката­ло­­нияның мақтанышы – «Барсе­ло­на», ал басктер елінің атынан «Атлетик Бильбао» клубы ойнай­ды. Егер өзге клубтарда шетелдік футболшыларды сатып алу қалып­ты жағдай болса, «Атлетикте» 1912 жыл­дан бастап тек баск елінде өс­кен азаматтар ғана доп тебеді.

Падания. Егер жоғарыда ай­тыл­­ған аймақтар тарихи, ұлттық фак­­торлар бойынша іргесін бөлек сал­ғысы келсе, Италияның солтүс­тік аймағы экономикалық себеп­тер бойынша бөлініп, Падания деген ел құруды көздейді. Мәселен, солтүстіктегі Ломбардия, Пьемонт, Лигурия, Венето, Эмилия-Рома­нья секілді өңірлерде өндіріс, банк секторы қарқынды дамыған және Ита­лияның ІЖӨ-дегі үлесі мол (30%). Сондықтан осы өңірдің тұр­ғындары өз салықтарымен орта­лық және оңтүстік Италия хал­қын асырап отырмыз, орталық бюджет­ке көбірек қаражат жіберіп, азырақ аламыз деп налиды. Ал «етіктің тө­менгі жағы» экономика­лық тұр­ғыда кенжелеп қалған провин­ция­лар саналады. «Солтүс­тік лигасы» (Lega Nord) партиясы Паданияның бөлінуін алдына мақсат етіп қой­ған. 2017 жылы күзде символи­ка­лық түрде өткен референдумда Ломбардия (астанасы Милан) және Венето (астанасы Венеция) тұрғындары автономия құзыреті­нің кеңеюіне дауыс берген. Ресми Римнен еркіндік алғысы келетін келесі аймақ – Оңтүстік Тироль. Олар өзге аймақтардың қарызын төлеу үшін өз бюджетінен қаражат бөлгісі келмейді. Сондықтан бұл авто­номияда «Римнен азаттық» де­ген ұран жиі естіледі.

Корсика. Франция заңдары бойынша тұрғындардың барлығы француз болып есептеледі. Бірақ заңға бағынғысы келмейтіндердің бірі – Корсика аралының тұрғын­дары. Олар өздерін Францияның бір бөлігі санамайды. Әрине, бәрі емес. Бірақ аралдың азаттығын ар­ман­дайтындар Корсиканы мате­рик­тегі Франциядан бөлгенді жөн көреді. Сондай топтың бірі – «Кор­­сиканы ұлттық азат ету май­да­ны» ұйымы. Бұл сепаратистік ұйым мақсатына жету үшін талай қылмысқа барған. Тек 2014 жылы ғана қарулы қақтығыстан бас тар­та­тынын мәлімдеді. Корсикан­дық­­тардың қасарысып, еркіндігі үшін жан аямай күресуінің себебі де жоқ емес. Француз билігі кезін­де корсика тілін қоғамдық қолда­ныс­тан, мектептерден ығыстыруға тырысты. Бүгінде қос тарап Кор­си­­каға басқарудың ерекше мәрте­бе­­сін беруге келіскен. Қазіргі жағ­дай осы келісіммен шектеліп тұр.

Сөз соңында. Жоғарыда көте­ріл­ген мәселе қашан да екіұдай болған. Бір жағынан, белгілі бір территориядағы халықтың азаттық алып, жеке-дара өз мемлекетін құ­ра­тын құқығы бар. Екінші жағы­нан, бұл қарсы тарап үшін бүлік, сепаратизм, елдің бүтіндігін бұзу. Тарихқа көз салсақ, сан ел атал­ған күрделі мәселені қолға қару алып шешуге мәжбүр болған. Же­ңіс қай тарапта болса, соның ұстанымы заңға айналған. Алайда азаттыққа ұмтылған халықтар көп жағдайда ашық қарсылықтан тай­сақ­тап, партизан күресіне көш­кен. Бұл жолдың жеміс бер­мей­тінін жо­ғарыдағы нақты мысалдар көр­сет­ті. Бұған дейін халықтар тарихи себеп­тер­мен егемендікке ұмтылса, соңғы он жыл­дықта эконо­микалық фактор алға шықты. Бавария жері, Калифорния, Техас штаттары, Италия провинциялары секілді әлемнің әр тарапындағы аймақтар өзге­лер­ге салығын жы­рып бергісі келмей, орта­лықтан автономия, тәуелсіздік талап ете бастады.

Нұрмұхамед БАЙҒАРА