Қарапайым тілмен айтсақ, мемлекетте ағымдағы шығындарға арналған «әмиян» бар, ол бюджет аталады. Сондай-ақ болашаққа арналған жинақтар сақталатын «сейф» те бар, оның аты – Ұлттық қор. Үкімет дәл осы осы сейфтегі қаражатқа қол салып, қол салғанда мол салып, қорды қарқынды жұмсауда.
Үкімет бұдан бұрын Ұлттық қордан алынатын қаржы көлемін азайтуға уәде еткен. Алайда сөзінде тұра алмапты және бұл мақсаттың жүзеге асуын үш жылға ары ысырды. Мәселен, биылғы 2019 жылы билік келер ұрпақ үшін сақталған мұнай жинағынан 2 триллион 700 миллиард теңге алды. Осы орайда, трансферттер ауқымын алдағы жылдары кем дегенде 100 миллиардқа азайтатынына сендірген. Алайда Мәжіліске енгізілген үшжылдық басты қаржылық құжатта аталған межені тек 2022 жылы бағындыру болжанып отырғаны анықталды.
Атап айтсақ, «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасында Ұлттық қордан республикалық бюджетке құйылатын кепілдендірілген трансферт мөлшері 2020 және 2021 жылдары 2 трлн 700 млрд теңге көлемінде айқындалды. 2022 жылы ғана 2 трлн 600 млрд теңгеге дейін төмендейді деп күтілуде.
Министрлер мен әкімдерге салса, қордан триллиондарды бұдан да көп тасып әкетпек. Бірақ заңмен оған шектеу қойылған. Сондықтан қосымша қаржыны Үкімет шетелден қарызға алады.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың мәліметінше, үшжылдық жаңа бюджет жобасында 2020 жылғы бюджет тапшылығы 1,6 триллион теңге деңгейінде белгіленді. Салыстыру үшін: 2019 жылғы бюджетте тапшылық бұдан бірнеше жүз миллиардқа аз болған және 1 трлн 364,6 млрд теңгені құрады.
– Біз Ұлттық қордан жылда трансферт қаражат аламыз. Биыл шынында алынатын қаражат көлемі көбейтілді. Тек трансферт қана емес, сонымен қатар бюджет тапшылығы да арттырылды. Мұның барлығы Үкіметтің алдына қойылған жаңа міндеттерді жүзеге асыру үшін қажет. Біріншіден, әлеуметтік қорғау саласына мол қаржы қосымша бөлінді. Бұдан бөлек, әртүрлі салаларда жалақыны көтеру бойынша тапсырмаларды орындауға көп қаржы жұмсалады. Басқа да әлеуметтік мәселелерді шешуге қаражат көзделуде. Бірақ бірте-бірте Ұлттық қордан трансферттердің көлемін қазіргі 2,7 триллионнан 2025 жылы 2 триллион теңгеге дейін кеміту жоспарлануда, – деді бізге берген сұхбатында бірінші вице-премьер.
Оның мәліметінше, Ұлттық қорға салмақ салуды азайту арқылы ондағы жинақ көлемін 2020 жылы 60 миллиард доллардан 2025 жылы 80 миллиардқа жеткізу мақсаты қойылуда. Ал 2030 жылы 100 миллиард долларлық белес бағындырылуы тиіс.
Жалпы, 2014 жылы Ұлттық қор өзінің шырқау шегіне жетіп, 77 миллиард долларға лықа толған. Алайда одан кейін мұнай бағасының екі еседей құлдырауы және мемлекеттің қарқынды шығындауы кесірінен, қаражаты кеми берді.
«Содан Ұлттық қор таяуда түгесіледі екен деген пікірлер бас көтере бастады. Ол негізсіз де емес, себебі мемлекет оны тым көп жұмсауда. Мысалы, ҰҚ-дан алынатын нысаналы және кепілдендірілген трансферттер кейінгі жылдары республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің шамамен 50%-ын құрайды. Мұнсыз қазір қолға алынған көптеген даму бағдарламалары жүзеге аспай қалар еді», – дейді экономист Рақым Ошақбаев.
Осыған орай, журналистер Әлихан Смайыловтан «Сонда бұл бюджеттің өзінде оған қажетті ақша жоқ дегенді білдіреді ме?» деп сұрады. Бас қаржыгер қосымша шығыстар шығару қажет болғандықтан, осындай қадамға баруға мәжбүр екенін жеткізді.
– Қосымша міндеттер қосымша шығысты қажет етеді. Оны қаржыландыру үшін қаржы көзін табуымыз керек. Оның бірнеше көзі бар. Біріншісі – кірістерді, яғни салық түсімін көбейту. Біз мүмкіндігінше, оны арттырдық. Биыл былтырғыдан 1,2 триллион теңгеге көп салық жинадық. 2020 жылы салық түсімдері 1,4 триллион теңгеге ұлғаяды. Яғни, салықты барынша мол жинауға тырысудамыз. Бірақ шығындарды жабуға ол да жеткіліксіз. Тиісінше, бюджет тапшылығы да өсірілді. Ол үшін біз қарыз аламыз. Үшінші қаржы көзі – Ұлттық қор, – деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.
Мәжілістің жалпы отырысында үшжылдық бюджетті талқылау барысында бірқатар депутаттар онда бизнесті қолдауға арна тартатын қаржылық ресурстар күрт азайтылып, оның орнына әлеуметтік шығыстар еселеп арттырылғанына назар аудартып, сын айтты.
Осының мән-жайын білу үшін палатада бюджетке жауап беретін құрылым – Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарақұсоваға сұрақпен қайырылдық. Ол осы жолғы бюджет жобасын талқылау оңайға түспегенін мойындады.
– Оны біздің комитетте талқылаудың өзі 3,5 сағатқа созылды. Мәжіліс бюджет жобасын қайта жазып шықты. Соның арқасында берілген барлық тапсырмаларды қаржыландыруға қол жеткіздік. Оның бәрі қосымша миллиардтарды қажет етеді. Оны қайдан аламыз? Кейбір шығыстарды қысқартуға тура келді. Барлық депутаттарға және жеке өзіме осы ауыртпалыққа төзіп, шыдап, абыроймен аяқтап шыққанымыз үшін алғыс айтқым келеді. Ал бизнесті қолдауға қаражаттың азайтылуына келсек, бізде нарықтық экономика екенін ұмытпаңыз. Нарықтық жүйеде дамыған елдер бизнесті қолдамайды. Бизнес өз бетінше дамуы тиіс. Әйтпесе, бізде олар мемлекеттің мойнында масыл болуға жаман үйренген. Кәсіпкерлердің 30 пайызы банктен емес, мемлекеттен несие алған, – деп кейіді Г.Қарақұсова.
Ә.Смайылов Мәжілісте бюджет жобасын талқылау барысында оған біраз түзетулер енгізіліп, параметрлері қайта қаралғанын растады.
– Түзетулердің бір бөлігі Мемлекет басшысының Жолдауын, сондай-ақ оның жекелеген тапсырмаларын қаржылық қамтамасыз етеді. Шығыстардың негізгі бөлігі мұғалімдер мен мәдениет қызметкерлерінің жалақысын ұлғайтады. Бұл 3 жылда шамамен 1,1 трлн теңгені талап етеді. Осы өзгерістерді енгізу үшін салықтық түсімдер ұлғайтылады, шығыстар оңтайландырылады және бюджет тапшылығы өсірілді, – деді бірінші вице-премьер.
Түзетулердің екінші бөлігін депутаттар ұсынды және олар халықтың тұрмыс сапасын жақсартпақ және аймақтарды өркендетпек. Тарата кетсек, ауылды таза ауызсумен, кәріз жүйесімен жабдықтауға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарын және көлік инфрақұрылымын дамытуға қосымша қаражат қарастырылды. 2020 жылы өңірлерге республикалық бюджеттен 3,8 трлн теңге жолданады. Бұл – бюджеттің жалпы шығыстарының 29%-ы.
Өзгерістер нәтижесінде бюджет көрсеткіштері келесідей болды: 2020 жылдағы түсімдер Мәжіліске енгізілген бюджеттің бастапқы жобасынан 108 млрд теңгеге ұлғайтылып, 11,3 трлн теңге сомасында белгіленді. Ол 2021 жылы – 12 трлн, 2022 жылы – 12,8 трлн теңгені құрайды.
Республикалық бюджеттің шығыстары 3 жылдық кезеңде әу бастағыдан 329 миллиард теңгеге өсті. Осылайша, бюджет шығыстары 2020 жылы – 12,9 триллион теңге болса, 2021 жылы – 13,2 трлн теңгеге, ал 2021 жылы 13,7 трлн теңгеге дейін ұлғая береді.
Қоғамның қысымымен бюджеттегі шығынның басым бөлігі әлеуметтік проблемаларды шешуге жұмсалады. 3 жылда республикалық бюджеттен әлеуметтік шығыстарға 20 триллион теңге шығындалмақ.
Соның ішінде 2020 жылы – 6 трлн теңге немесе шығыстардың жалпы көлемінің 46,4%-ы осы бағытқа арна тартады. 2022 жылға қарай бұл көрсеткіш 53,8%-ға жетеді.
Осы орасан зор қаражаттың үлкен бөлігі – 11 триллионы 3 жылда аз қамтылған және осал топтарға әлеуметтік жәрдемақы, көмек түрінде таратылады.
2020-2022 жылдары денсаулық сақтау жүйесіне арналған шығыстар 4,7 трлн теңгені, оның ішінде 2020 жылы 1,5 трлн теңгені құрамақ. Сөйтіп, 299 млрд теңгеге жоғарылады. Бұл өсім негізінен МӘМС жүйесіне көшуге және медицина қызметкерлерінің еңбекақысын көтеруге байланысты.
«Педагог мәртебесі туралы» заң жобасындағы міндеттерді іске асыруға 3 жылғы бюджетте 2,2 трлн теңге көзделген.
«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыруға 368 млрд теңге бөлінеді.
Мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқықтық тәртіпті қорғауға және ішкі тұрақтылықты сақтауға, дағдарысты жағдайларда басқарудың тұрақтылығын қамтамасыз етуге 3 жылдық кезеңге 4,3 трлн теңге бекітілді. Елбасы қойған міндеттерді, сондай-ақ Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларды орындау үшін 3 жылғы бюджеттен 8,5 трлн теңге бағытталады.
Елдос СЕНБАЙ