Түркістанның дамуы төрт бағытқа негізделген
Түркістанның дамуы төрт бағытқа негізделген
248
оқылды

«Балапанды күзде са­най­ды» дейді халқымыз. Әдет­тегідей, Нұр-Сұлтан қала­сын­дағы Орталық комму­ни­ка­циялар қызметінде облыс әкімдерінің БАҚ өкіл­деріне ұсынатын күзгі есебін тыңдау науқаны басталып кетті. Биылғы баспасөз кон­ференциясына бірінші болып Түркістан облысының әкімдігі келді. Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев кездесуде облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуы және сан түрлі салада атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

АЛЫП ҚҰРЫЛЫС АЛАҢЫ

– Өздеріңізге мәлім, Қазақ­станның Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың Жар­лығымен Түркістан қаласының облыс орталығы болғанына не­бәрі бір жылдан аса уақыт өтті. Ежелгі түркі әлемінің талбесігі – Түркістан дамудың жаңа саты­сы­на көтеріліп келеді. Бүгінде 2 мил­лионнан астам тұрғыны бар өңірдің тыныс-тіршілігі жаңаша қалыпқа еніп, облыс орталығы Түркістан алып құрылыс алаңына айналды,– деп бастады әңгімесін әкім.

Ө.Шөкеевтің айтуынша, Түр­кістан қаласындағы құрылыс барысы – өңірдегі ең маңызды басым бағыттың бірі. Бұл тұрғыда құрылысы төрт бағыт бойынша жүріп жатыр. Біріншісі – қаланың айналасына жасыл белдеу қалып­тастырып, ауа райы қолайлы ша­һар­ға айналдыру. Түркістанның жа­сыл белдеуінің жалпы аумағы – 7 700 гектар жер. Сондай-ақ тек облыс орталығы ғана емес, облыс бойынша 2021 жылға дейін 3,5 млн түп көшет егу жоспарланып отыр. Одан бөлек, Түркістан қаласының азық-түлік белдеуін құру қолға алынған. Бұл белдеу бойынша қаладан 15 шақырым шеңберінде жаңа технологияның көмегімен азық-түлік өндіретін кешендер салынбақ.  

Агроөнеркәсіп кешені сала­сындағы «Түркістан агро» ин­вес­тициялық жобасы аясында облыста егісті алқапты тамшыла­тып суаруға мүмкіндік беретін машина-трактор стансасы құрылуда. Осы мақсатта АҚШ-тан 18 бірлік суару машинасы және 27 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алыныпты. Өңірде жалпы құны 1,5 млрд теңгеге жуық ау­қымды жұмыс «Қазагроқаржы» АҚ тарапынан лизинг шарты негізінде несиелендірілген. Жоба аясында «1 200 басқа арналған тауарлы сүт фермасы» жобасы іске асырылады.


Екінші бағыт – Түркістан қала­сының өз басындағы құры­лыс. Яғни, әкімшілік-іскерлік орталығын қалыптастыру. Әкім құрылыс жұмысы талапқа сай жүріп жатқанын айтты. Көне шаһарда республика өңірлері әкімдіктері мен ұлттық компаниялар және бизнес өкілдері тарапынан 26 ны­санның құрылысы жүргізілуде. «Бір сөзбен айтқанда, жаңадан қала салынып жатыр деуге болады» деді Ө.Шөкеев.

Үшінші бағыт – туризм. Түр­кістан – қазақтың ғана емес, күллі түркі халқының қасиетті орны. Киелі мекен, шырайлы шаһар. Бұл тұрғыда құрылыстың маңызды бір тармағы тарихи-мәдени орталық салуға бағытталған. Өңір басшысы айтқандай, Түркістан туризмінің ерекшелігі – көлік-логистика қызметінің ар­зандығы, қонақүйлер бағасының қол­жетімділігі, құнарлы тағам және сапалы қызмет түрлері­мен ерекшеленбек. Түркістан облысы орталығы атанды деген хабардың өзі туристердің көбірек келуіне түрткі болған. «Биыл біздің өңір мен облыс орталығына АҚШ-тан, Түркиядан, Еуродан туристер көп келді. Сондай-ақ Өзбекстанның Самарқанд пен Бұқара қаласын көруге келген шетелдіктер мін­детті түрде Түркістанға соғып, ара­лауды мақсат ететінін байқап жүрміз. Себебі Ясауи кесенесі – өз дәуірінен бүгінге жеткен ай­рықша сәулет өнерінің жемісі. Ол дәуірдегі көне ғимараттардың бәрі бірдей бүгінге жеткен жоқ. Келу­шілерді ғимараттың ерек­шелігі мен Қожа Ахмет Ясауиге қатысты аңыз-әңгімелер, та­рих ерекше қызықтырады. Де­мек,Түркістанның туристік әлеуеті болашақта дами түсері анық» деді облыс әкімі.

Төртінші бағыт – тұрғын үй құрылысы. Жыл соңына дейін Түркістан қаласы әкімшілік-іскерлік орта­лығында 2 351 пәтер­лік 52 тұрғын үй пайдалануға бері­леді. Оның ішінде, алдағы қара­ша айында 205 пәтерді құ­рай­тын  7 үйдің құрылысы аяқтал­са, қалған 610 пәтерлік 19 үй жыл соңына дейін берілуі тиіс.                                                                                                                 


АРЫС – ЕЛДІК НАМЫС

– Биыл 24 маусымда Арыс қала­сында төтенше жағдай бол­ғанын білесіздер. Осындай қиын сәтте Қазақстан халқы елдігі мен бірлігін көрсете білді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы жедел қалпына келтіру жөнінде тапсырма берді. Осыған сәйкес, арыстықтарға Үкімет тарапынан да, халық тарапынан да үлкен кө­мек көрсетілді, көрсетіліп те жатыр. Премьер-министр Асқар Маминнің тапсырмасына сәй­кес, Арыс қаласын шұғыл түрде қал­пына келтіру үшін қала аума­ғын 17 секторға бөліп, рес­пуб­ли­ка­лық маңызы бар қала мен об­лыс әкімдіктері тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілді, – деді Ө.Естайұлы.


Айта кету керек, Арыс қа­ла­сында құрылыс қарқынды жүрді. Еліміздің 14 облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласы бірігіп, апаттан зақым келген үйлерді қысқа мерзім ішінде қалпына келтірді. Арыс қаласында жалпы 8 637 тұрғын үй (8 534 жеке, 103 көпқабатты тұрғын үй) нысаны болса, 24 маусымнан бері 7 163 тұрғын үй жөнделіп, 470 үй қайта салынған. Одан бөлек, қаланың инфрақұрылымы да күр­делі жөндеуден өтті. Қала кө­ше­леріндегі ақауларды жою бойынша атқарылған іс-шаралар аясында жалпы ұзындығы 59,7 шақырымды құрайтын көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жалпы 68 әлеуметтік нысанның жөндеу және құрылыс жұмысы қолға алынып, бүгінге дейін 62-сі пайдалануға беріліпті.


ҚЫЛМЫСПЕН КҮРЕС – ҚОҒАМ МІНДЕТІ

Баспасөз конференциясында журналистер тарапынан қойылған сұрақтың көбі өңірдегі қылмыс оқиғаларына және жемқорлық әрекеттерге байланысты болды. Әсіресе, Түркістан облысындағы Абай ауылында осы жылдың көк­темі мен жазында болған жантүршігерлік оқиғалардың (адам зорлығы) соңы не болғаны сұралды. Ө.Шөкеевтің айтуын­ша, қазіргі күні құқық қорғау органдары аталған іспен айна­лы­сып жатыр. «Орын алған қылмыс­тық іспен арнайы мекемелер айналысады, оған бөгет жасауға құқымыз жоқ. Біздің міндет – алдағы уақытта ондай оқиғаларға жол бермеу, алдын алу. Қазір әр ауданда, ауылда білікті мамандар жұмыс істеп жатыр» деді әкім.

Кездесу соңында Өмірзақ Шөкеев журналистер мен қоғам белсенділерін оңтүстік өңірге, Түр­кіс­тан облысына қатысты қалып­та­­сып қалған қасаң түсініктен ары­луға шақырды. «Біздің облыс – тұрғындары тығыз қоныстанған облыс. Екі миллионнан аса адамы бар аймақтың телісі де, тентегі де болары анық. Бүгінгі күні қылмыс та, жемқорлық та еліміздің әр аймағында кездеседі. Ол жалғыз оңтүстікке тән мәселе емес. Мен өзім де осы өңірдің тумасымын. Біздің бала кезімізде қазіргідей жан­түршігерлік оқиғалар бол­май­­тын. Меніңше, бұл – тұтас қо­ғамға кейін келіп қосылған «теріс әдеттер». Демек, онымен күресу – барлығымызға міндет» деді Ө.Шөкеев.