Мемлекет міндетін орындауда
Мемлекет міндетін орындауда
202
оқылды

Ел Парламенті биылғы жыл бюджетін қайта қарап, нақтылады. Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында сенаторлар «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын құптады.

Республикалық бюджетті қайта нақтылау пандемиямен күрес жұмыстарын қаржы­ландыруға, мемлекеттің әлеуметтік міндеттерін орындауға, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мем­­бағдар­ламалары аясында экономиканың нақты салаларын қолдауға, агро­өнеркәсіптік кешенді да­­мытуға және индустриалды-ин­нова­циялық даму бағдар­ла­ма­­ларын іске асыруға бағытталған. Сенат басшысы заңның еліміз үшін маңызы зор екеніне тоқталды.
– Республикалық бюджетті нақ­тылау Президентіміздің биыл­ғы Жолдауында айтылған әлеу­­меттік тапсырмаларды орын­дауға, эко­номикалық өсуді қалпына келтіруге және пандемиямен кү­ресуге бағытталған. Шын мә­нінде, биылғы жыл індетке байланысты оңайға тиіп жатқан жоқ. Соған қарамастан Президентіміз мем­­лекеттің халық алдындағы әлеу­­меттік міндеттерін орындау үшін бар мүмкіндікті жасауда, – деді Мәулен Әшімбаев.
Оның айтуынша, құжатта әлеу­меттік мәселелерді шешуге, эко­­номиканың нақты секторларын қолдауға баса мән берілген. Сонымен қатар сенаторлар «Ұлттық қордан 2020-2022 жыл­дарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңын өзгертті. Құжатта Ұлттық қордан 2020 жыл бюджетіне 4 триллион 770 млрд теңге сомасында кепілдендірілген трансферт қаражат алу белгіленген. Ұлттық банк төрағасының орынбасары А.Баймағамбетовтің мәліметінше, биыл Үкімет Қа­зақстанның ЖІӨ-сі -2,1%-ға кемиді деп күтуде.
«Бұл -2-ден -2,3% деңгейіндегі Ұлттық банктің жаңартылған бол­жамына сәйкес келеді. Қата­рынан екі ай бойы инфляция 7% болды. Оған азық-түлік инфляциясы негізгі үлес қосуын жалғастыруда: ол биыл­ғы қыркүйекте 10,8%-ды құрады. Азық-түлікке жатпайтын инфляция 5,5%. Ақылы қызметтер бағасы соңғы айда 3,4%-дан 3,6%-ға дейін өсті. Реттелетін ком­­­­муналдық қыз­меттің 0,7%-ға, электр энер­гия­сының 6,6%-ға қымбаттауы ақы­лы қызметтер инфляциясы жедел­деуі­нің негізгі факторына айналды», – деді Ақылжан Баймағамбетов.
Яғни, Ұлттық банктің ба­ға­лауынша, азық-түлік өнімдері қымбаттауының сақталуы, тең­генің құнсыздануы және ақылы қызметтер инфляциясының жыл­­дамдауы аясында инфляция 2020 жылы 8%-ға дейін ша­рық­тамақ.

Елдос СЕНБАЙ