Қалауын тапса, «жел» жанады
Қалауын тапса, «жел» жанады
180
оқылды

Ғалымдар «әлдеқандай жағдай бола қал­са» деп, Жер ғаламшарына балама ретінде қарастырып жүрген Шолпан мен TRAPPIST-1d экзопланетасының беті парник эффекті кесірінен бірнеше жүз градусқа дейін қызып кеткен. Ол қызу түссе ғана Жер­дегідей өмір­ге жарамды бола түседі деп бол­жануда. Әйт­песе, оған аяқ басқан адам­зат қып-қы­зыл табаға түскендей қуырылып қалады. Бұл – Жердегі парник эффектін ойыншық са­найтындарға жауап.

Премьер-министр Асқар Маминнің төраға­лы­ғымен өткен жиында Үкімет мүшелері Жер қызуы­ның көтерілуіне тосқауыл қою бағытындағы жал­пыадамзаттық қозғалысқа Қазақстанның үлесін талқылады. Әзірге қазақтың еншісі айтуға да тұр­майды, тым мардымсыз. Керісінше, республикадағы ескі технологияларды қолданатын көнерген алып зауыт-кәсіпорындар ауа мен айналасына мил­лион­даған тонна зиянды шығарындылар тастап лас­тауда. Еліміздегі қарапайым үй пештерінен бастап жылу-электр орталықтарына дейін көмір жағып, пла­не­тамыздағы парник эффектін күшейтуде. Мемлекеті­міз әзірге бұл тәжірибеден бірден және үзілді-кесілді бас тарта алмайды. Тек қалатыны – жаңғыратын қуат көздерін өрістете беру.

Энергетика министрі Қ.Бозымбаев жаңар­ты­ла­тын энергия көздерін (ЖЭК) дамытуға едәуір ин­вес­тиция салынып жатқанын жеткізді.

Оның мәліметінше, бүгінде елімізде энер­гетиканың осы жаңа секторы және «жасыл» энер­гия нарығы қалыптасты. Қаржы-есеп айы­рысу орталығы құрылып, ол ЖЭК-тер өндірген қуатты сатып алатын бірыңғай операторға айналды. Орталық аукцион ұйымдастырып, тариф белгілеп, сол бойынша 15 жылдық келі­сім­шарт арқылы жаңғыратын энергетика нысан­дарынан электр қуатын кепілдендірілген түрде сатып алады. Ғимараттар мен кәсіп­орын­дарды таза қуат желілеріне қосуды қамтамасыз етуге де сол міндетті.

– Тарифтер жыл сайын инфляция мен доллар бағамының өзгеруін ескере отырып, ұдайы индексацияланады. Энергия өн­діру­шілер электр энергиясын жеткізу бойын­­ша энергия жеткізуші ұйымдардың қыз­метіне ақы төлеуден босаты­лады. Кә­сіпкерлік кодексі аясында инвести­циялық артық­шы­лықтар да беріледі, – деді Қанат Бозымбаев.

Бірақ қарапайым бұқара да, бизнес те баламалы қуат көздеріне құлшынып отырған жоқ. Біріншіден, 90-жылдары электр то­ғы­ның тұрақсыз берілгені жадтан өшпеген. Ал ЖЭК-ке тұрақсыздық тән: жел тынып қалады, күн ұясына батады. Екіншіден, күн мен жел энергиясы көмірден алынғанға қарағанда қымбатырақ.

– Қазіргі кезде жел және күн электр энер­­­гиясының бағалары төмендеуде. Жаңар­тылатын энергия көздерін кеңінен қол­дану үшін олардың дамуын ынталан­ды­ратын мемлекеттік қолдау шараларын әзір­леуді тапсырамын, – деді Үкімет бас­шысы Асқар Мамин.

Ал Экология, геология және табиғи ре­сурстар министрлігіне Париж келісіміне сәйкес мін­деттемелердің орындалуын және қоршаған ор­таға шығарындыларды азайту бойынша мо­ниторинг жүргізуді қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді.