Лаңкестер шабуылынан жүрегі шайлыққан жаһан жұртшылығын қазір бірнеше мәселе алаңдатады. Біріншісі, «№1 терроршы» шынымен өлді ме? Екіншісі, кезінде халифат құруға ұмтылған лаңкестердің ендігі күрес стратегиясы қандай болады және одан әлемге қандай қауіп төнбек?
Бірінші сұрақты посткеңестік кеңістікте Шешенстан көшбасшысы Рамзан Қадыров ашық қойды. Алдымен АҚШ президенті Д.Трамп Twitter-дегі парақшасы арқылы «өте маңызды оқиға болды» деп интрига түзді. Ізінше 27 қазанда ресми мәлімдеме жасап, АҚШ әскерилері Сирияның Идлиб провинциясында жүргізген, әскери ұшақ, 8 тікұшақ және ұшақсыз ұшатын аппараттар жұмылдырылған операция нәтижесінде ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған) терроршыл ұйымының жетекшісі әл-Бағдадидың «ит өліммен өлгенін» жариялады.
«Өткен түнде АҚШ дүниежүзіндегі №1 терроршыл лидердің үстінен әділ сот төрелігін іске асырды. Операция барысында бірде-бір америкалық әскер опат болмады. Әбу Бәкір әл-Бағдадидың көптеген содыры жойылды. ДАИШ басшысы жерасты жолы арқылы қашуға талаптанды. Онысы іске аспағасын, әл-Бағдади беліндегі бомба арқылы өзін-өзі жарып жіберді» деді Дональд Трамп.
Бұл хабарды ести сала, Рамзан Қадыров оны келемеж етті. «Әбу Бәкір тағы да өлді дей ме? Бұл ретте Тарас Бульбаның өз ұлы Андрийге айтқан: «Мен сені тудырдым, мен сені өлтірем» деген сөзі ғана ойға оралады», – деп әжуа етті Шешенстан басшысы.
Расында, 2014 жылы ДАИШ содырлары халифат құру үшін Ирак пен Сирия жерін басып алғалы бері әлемдік ақпарат құралдарында әлдебір операцияда «Ислам мемлекеті» халықаралық лаңкестік ұйымының негізін қалаушы әл-Бағдадидың көзі жойылғаны туралы хабарлар дүркін-дүркін жарияланып тұрды. Бірақ оның бірде-бірі расталмады. Бұл жолы да ешкім ә дегеннен «100 пайыз кепілдік» бермеді. АҚШ Қорғаныс министрлігі Ақ үйге тек Сириядағы өз әскерилерінің рейді нәтижесінде «әл-Бағдади мерт болды деп зор сеніммен айта алатынын» баяндаған.
Әйткенмен 31 қазанда Пентагон ДНК-талдау өзін-өзі өлтірген адамның мүрдесі басқа емес, террористік топ басшысы Әбу Бәкір әл-Бағдадиге тиесілі екенін үлкен дәлдікпен растағанын жариялады. Бұл жайында журналистерге Құрама Штаттардың Қарулы күштері Орталық қолбасшылығының басшысы, генерал Кеннет Маккензи хабарлады. Оның ақпарынша, мәйіттің басқа адамдікі болуы мүмкіндігі өте төмен, «1х104 септиллионға тең».
Әлемдегі ең кең ауқымды іздеуге іліккен терроршыл жетекшінің басы үшін 25 миллион доллар сыйақы тігілген-тін. Ол қаражат енді Сириядағы жергілікті информаторлардың біріне беріледі деседі.
Дегенмен сарапшыларды ары қарай не болатыны алаңдатады. Себебі кезінде АҚШ «№1 терроршы» деп жариялаған Усама бен Ладеннің өлтірілгеніне де сегіз жылдан астам уақыт өтті. Алайда әлем қауіпсіз бола түскен жоқ. Ендеше, «жаһандық жиһад жетекшісінің» қазасы шын болғанның өзінде бұл жайт терроршыларды тоқтатпайды.
Оның үстіне кейінгі кездері бірқатар халықаралық ақпарат құралдарында «нөмір бірінші лаңкестің» содырлар арасында бұрынғы беделі жоқтығы жөнінде ақпарлар пайда болды. Ол сыртқы бейнесін өзгертемін деп, өз жолын қуушылар арасында бедел-ажардан айырылып қалған көрінеді. Өйткені сақалын қырқып, күрең қызыл түске бояған. Сондай-ақ екі жыл бойы шөлді шарлаған автокөлік ішінде өмір сүргендіктен, әбден семіріп кеткен. Бұған қоса, ауғандықтар киімін киюге әуестенген. Ал кезінде Ауғанстан тәліптерімен қатты қақтығысқан ДАИШ содырларына өз басшысының «жаңа» бейнесі мүлдем ұнамаған деседі. Биылғы көктемде оны лаңкестер де «қорқақ сатқын» деп санай бастағаны туралы мәліметтер таралды. Британдық Times дерегінше, жан-жақтан жойқын соққы көрген «халифатты» қорғау орнына «ұлы халифтің» шөлге жасырынғаны ДАИШ содырларының ашу-ызасын тудырған.
Халықаралық сарапшылардың пікірінше, «№1 лаңкестің» құруымен бірге оқиға ары қарай бірнеше сценарийде өрбуі ықтимал. Олар бойынша лаңкестер «халифат» құру идеясынан бас тартып, әр елде терактілер жасауға көшеді немесе лаңкестердің жаһандық қозғалысын қалпына келтіру үшін жаңа түр-қалыптар іздейді.
«Кеше Әл-Қаида, бүгінде ДАИШ, ертең тағы басқасы болады. Яғни, басшысы жойылып, ДАИШ-тың әскери жеңіліс табуымен бірге лаңкестік те құриды деу аңғалдық. Терроризмнің тамырына балта шабу үшін оны қоректендіретін, жақтаушылармен қамтамасыз ететін қайыршылық, әділетсіздік, әлеуметтік теңсіздік, қаптаған соғыстар мен қақтығыстар жойылуы керек. Бүкіл әлемде бейбітшілік пен бақуатты тірлік орнауы тиіс, – дейді саясаттанушы Юсеф Шериф.
Ол әлемде лаңкестік топтарды алып державалар, жергілікті билікке таласқан топтар өз мүдделерін жүзеге асырып, дегеніне жету үшін де пайдаланатынын ескертеді.
Айтылғанды түйіндесек. Тура екі жыл бұрын, 2017 жылғы қазан айының соңында еліміздің сыртқы саясат ведомствосы 500-дей қазақстандық Сирия мен Иракта ДАИШ жағында соғысып жатқанын хабарлады. Сыртқы істер министрінің сол кездегі орынбасары Ержан Ашықбаев бұл санға содырлардың өздері де, сондай-ақ әйелдері мен балалары да кіретінін нақтылады. Ал «Жусан» операциясының үш кезеңі аясында соғыс ошағынан барлығы 524 Қазақстан азаматы шығарып әкетіліп, елге қайтарылды. Оның 30-ы – еркек, 137-сі – әйел, 357-сі – кәмелетке толмаған балалар. Оның ішінде 27 баланың ата-анасы майдан даласында өліп, олар тұл жетім қалған. Мемлекет шиеленіс ошағынан оралғандарды реабилитациялау, қоғамға кіріктіру жұмыстарын жүргізуде. 2022 жылға дейінгі бес жылдық арнайы мембағдарлама қабылданып, мол қаржы бөлінуде.
Әйтсе де, жат ағымдар уағызына улануымен күрес бойынша үлкен жұмыс күтіп тұрса керек. Бұл жұмыстардың мектеп қабырғасынан басталғаны абзал.