Зейнетақы жинағы – туыстарға ортақ
Зейнетақы жинағы – туыстарға ортақ
265
оқылды

Мәжіліс 14 кодекс пен 67 заңды өзгертетін бірегей құжатты құптады. Нұрлан Нығ­ма­тулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар «Кейбір заңнамалық актілерге экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасын І оқылымда мақұл­дады. Ол қазіргі қиын шақта экономиканы көтеруге және халық жағдайын жақсартуға бағытталған.

Жоба бюджет, жер және еңбек қатынастары, эко­логия, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, сәулет және қала салу, құрылыс, денсаулық сақтау, білім беру, сақтандыру, микроқаржы ұйымдары, тіпті жасанды зердені дамыту салаларындағы заңнаманы жетілдірмек. Талқылау барысында депутаттар қазақстандықтарға төл зейнетақы жинақтарын пайдалануға мүмкіндік беретін баптарға ерекше назар аударды. Осы орайда мұның тікелей Мемлекет басшысы­ның тапсырмасы екенін еске салған Мәжіліс спикері осы заң жобасы қабылданған соң ел көп жыл күткен мәселені шешу үшін заңнамалық база түзілетінін жеткізді. – Бұл дегеніміз, 2021 жылдан бастап, БЖЗҚ са­лымшылары өз зейнетақы жинақтарының бір бө­лігін баспана сатып алуға, қымбат емдеудің ақысын төлеуге пайдалана алады деген сөз. Сондай-ақ салымшыларға оны қаржы компанияларының бас­қаруына тапсыруға мүмкіндік беріледі, – деді Нұрлан Зайроллаұлы. Яғни, өсімді екпінді акция­ларға салып, жинағын жылдам көбейтуіне жол ашы­лады. Дегенмен депутаттар зейнетақы жинақтарының «ең төменгі жеткіліктілік шегін» анықтаудың әдістемесіне қатысты алаңдаушылық білдірді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің түсіндіруінше, ол әдістемені Үкімет бекітеді. «Жеткіліктілік шегі» азаматтарды болашақта, зейнеткерлік жасқа толғанда лайықты зей­не­тақымен қамсыздандыруға мүмкіндік қал­дыру үшін қажет көрінеді. Егер жинағын тегіс қо­тарып алса, не есепшотында жеткілікті қаражат жи­налмаса, қамсыз қарттық болмайды. Осы орайда Мәжіліс төрағасы зейнетақы жи­нақ­тарын пайдалану тетігі баршаға қолжетімді әрі түсінікті болуы тиіс екенін атап өтті. – Ең бастысы, мемлекеттік органдар осы заң нормаларын орындау үшін халыққа ұғынықты, нақты, пәрменді тетіктерді қалыптастыруы қажет, – деді Н.Нығматулин. «Жеткіліктілік шегі» (ЖШ) дегеніміз – салымшының табысынан БЖЗҚ-ға алдағы уақытта аударылатын 10% тұрақты зейнетақы жарналарын қоса алғанда, ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аз болмайтын зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін зейнетақы жинақтарының ең төменгі қажетті сомасы. Заң жобасы бойынша ЖШ әйелдер мен ерлер үшін бірдей белгіленеді, бірақ әрбір жас үшін жеке есептеледі. Бұл ретте ол кірістілік, инфляция, ең төменгі төлем мөлшері секілді өзекті көрсеткіштерге қарай жаңа алушылар үшін қайта есептеліп отырады. Яғни, үнемі өзгереді. Бұған дейін жинақты тек бір рет қана алуға бо­лады екен деген сөз шыққан. Шынында, алып қою саны шектелмейді. Сондай-ақ азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін өздері үшін ғана емес, жақын туыстары, ата-әжелері, әке-шешесі, ба­лалары, немерелері, аға-інілері, апа-сіңлілері үшін тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында немесе емделуге ақы төлеуге пайдалана алады деп көз­делген. Осы мақсатта туыстарға алынатын жи­нағын біріктіруге болады. Жинақты тұрғын үй жағдайларын жақсартуға жұмсау тәртібін – Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрлігі, медициналық көмек алуға шығындау қағидаларын – Денсаумині, ал се­німгерлік басқаруға беру қағидаларын Қаржы на­рығын реттеу агенттігі бекітеді.

Айхан ШӘРІП