Экстремизм – ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіп
Экстремизм – ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіп
1,584
оқылды

«Қазіргі кезде үдеп келе жатқан зорлықшыл экстремизм халықаралық терроризмнің идеологиясы ретінде діни үндеулерді жамылып, адам құқығы мен бостандығын белден басуда, адамзаттың діни, сондай-ақ мәдени және рухани мұраларына елеулі нұқсан келтіруде, діннің беделін жоққа шығарып, конфессияаралық қатынастарға қауіп төндіруде» деп Елбасы Н.Назарбаев елдегі дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында атаған болатын.

Бүгінде діни экстремизм мен терроризм қаупі бүкіл әлемге жантүршігерлік қауіп төндіріп тұр. Лаңкестік әрекеттерді қазіргі уақытта Еуропадан да, Азиядан да, АҚШ-тан да кез келген аймақтан көре отырып, оның құрлық таңдамайтын тажал екенін түсінудеміз. Күні кеше ғана Мысыр елінде мешіт ішінде орын алған жарылыс салдарынан үш жүзден астам жазықсыз жанның өмірі қиыл­ғаны лаңкестердің ештеңені қасиет тұтпайтын, өте қатыгез екенін көрсетті. Елбасымыз да Астанада өткен бір жиында экстремизм мен терроризмнің қаупіне қатты алаңдап, «Халық­аралық терроризм апатты ау­қымға жетті. Ол үшін шекара қалмады. Бүгінде әлемнің кез келген нүктесі жойқын соққы объектісіне айнала алады. Үшінші мыңжылдық басталғалы бері терактілер мен қаза болғандар саны он есеге өсті. 2016 жылы 104 елде теракт болды, бұл – әлем­нің жартысынан көбі. Яғни, география және ауқымдылық тұрғысынан біз шартты түрде үшінші дүниежүзілік соғыс жағдайында тұрмыз деуге болады. Террорға қарсы соғыста...» деген болатын.

Экстремизм – «әсірелікке, зорлық-зомбылыққа үндейтін, дiни өшпендiлiкті жандандырушы және азаматтардың қауіпсіздігіне, өміріне, денсаулығына, көзқа­расына немесе құқықтары мен бостандығына қатер туғызатын кез келген діни тәжірибені» өз мақсатына пайдалануды көз­дейтін іс-әрекет немесе қалыптан тыс шетін көзқарастар.

Дін түсінігіндегі экстремизмді дінге сыймайтын шектен тыс көзқарастар мен іс-әрекет­тер құрайды. Мұндай экстремизм­нің соңы зорлық-зомбылыққа, агрессияға апарады. Экстре­мизмнің кең және нақты өл­шемдеріне баға берген ре­сей­лік эксперт М.Краснов. Оның ойынша, экстремизмге мы­надай идеяны, бағыты, доктриналарды таратуға бағыт­талған әрекетті жатқызуға болады: адамдарды таптық, мен­шіктік, нәсілдік, ұлттық немесе діндік ерекшеліктеріне байланысты бөлу; адам құқығын конституциялық құндылық ретінде жоққа шығару; ашық плюрализм мүмкіндігін, идея­ларды еркін тарату және айыр­бастауды жою; бір идеологияны мемлекеттік ретінде орнату.

Отандық ғалым Н.Байтено­ва­ның түсіндіруінше, экстремизм­нің пайда болу себебі әр қоғамда әртүрлі болады. Ол сол қоғамдағы объективтік және субъективтік жағдайға байланысты. Әйтсе де, экстремизмнің пайда болуы мен таралуының базистік жағдайы бар. Ол кез келген қоғам мен мем­лекетке тән. Қазіргі ке­зең­де экстремизм­нің пайда болуы­ның негізгі факторды ретінде эксперттер: әлеуметтік эконо­микалық тоқырау; жергілікті тұр­ғындардың көп бөлігі өмір сүру деңгейінің күрт түсуі; мемлекеттік басқару жүйесі мен саяси инс­титуттардың деформациясы; олар­дың қоғамдық дамудың пі­сіп тұрған мәселелерін ше­шуге қабілеті жетпеуі; саяси ре­жим­нің тоталитарлық сипат алуы бар. Осыған қоса, ғалым­дар экстремизмнің пайда бо­луы мен дамуына әсер ететін қо­сымша факторды атады. Олар: халықаралық немесе мем­лекеттік жүйеде экстремизм көріністеріне қарсы күрестің осалдығы, тұрғындардың, жеке топтардың саяси және құқықтық мәдениетінің төмендігі, мемле­кетаралық қатынастың әлсіреуі, әлеуметтік шиеленістің өсуі, т.б.

Елімізде діни экстремизм және терроризмге қарсы ел­дегі билік органдарын тегіс жұмыл­дыра отырып, мемлекеттік дең­­гейде күрес жүргізілуде. Мә­­селен, 1999 жылдың 13 шіл­­де­­сінде «Терроризмге қар­сы іс-қимыл» туралы заң қабыл­­данды. 2005 жылдың 18 ақ­па­нын­да «Экстремизмге қарсы іс-қи­мыл» туралы заң қабыл­дан­ды. Бұдан бөлек, 2013 жыл­дың 24 қыр­күйегінде №648 Жар­лықпен Қазақстанда діни экс­тре­мизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылға арналған мемлекеттік бағ­дарламасы қабылданып, сол бағытта жұмыстар жүргізілді.

Оның ішінде «Экстремизмге қарсы іс-қимыл» туралы қабыл­данған заңның 6-бабына сай мемлекеттiк органдар өз құзы­ретi шегiнде экстремизмнен сақ­­тан­­­дыруға бағытталған біраз жұ­­­мыстар iске асуда. Мысалы, ді­ни қыз­мет саласында мем­ле­­кет­тік реттеуді жүзеге асы­ра­­тын мем­­ле­кеттiк орган ел ау­­­ма­­ғында құ­­рыл­­­ған дiни бiр­лес­тiк­­тер мен миссионер­лер­дiң қыз­метiне зерделеу мен тал­дау жүргiзуде. Өз құзыретiне жа­та­­тын мәсе­лелер бойынша ақ­па­рат­тық-насихаттық iс-ша­ра­лар­ды жүзеге асыруда. Оған қоса Дiни қызмет және дiни бiр­­лес­­тiктер туралы заң­наманың бұзылуына қатысты мәселелердi қарап, экстремизмге қарсы iс-қимыл туралы заңнамасын бұ­­затын дiни бiрлестiктердiң қыз­­метiне тыйым салу туралы ұсы­­ныс енуде. Ал бiлiм сала­сын­дағы орталық атқарушы орг­ан бiлiм беру ұйымдарында оқу­шы­лардың экстремизм идея­ларын қабылдамауын, халық­ара­лық құқық пен iзгiлiктiң көп­шілік таныған принциптерiн құрметтеуiн қалыптастыруға ба­ғытталған тәрбиелiк бағдар­ла­малардың бекiтiліп, жастар арасында насихаттау жұмыстары жүргізілуде.

Қорыта келгенде, бүгінде ел­де­гі тұрақтылық пен тыныштық – бар­шаға ортақ құндылық. Оны қорғау тек мемлекеттік ор­ган­­дардың міндеті болмауы тиіс, оған әрбір Қазақстан аза­маты өзінің жауапкершілігін терең се­зініп, экстремизмге жол бермеуі тиіс.


Құдайберді БАҒАШАРОВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Дінтану және мәдениеттану
кафедрасының аға оқытушысы