Қазақ тілі этнос жастарының ортақ тіліне айналды
Қазақ тілі этнос жастарының ортақ тіліне айналды
697
оқылды

Қазақстанның Тұңғыш Прези­ден­ті – Елбасы, Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назар­баевтың  «Қазақ тілі баршаны біріктіретін, жастарды жақын­да­с­ты­ратын татулық тіліне айналуы тиіс» де­­ген тапсырмасы бүгінгі таңда өз нә­тиже­сін бере бастады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы жылы халыққа арнаған Жол­дауында:  «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қа­ты­нас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есеп­теймін» дей келе,   мемлекеттік тіл мұн­дай дәрежеге жету үшін бәріміз даң­ғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізу кере­гін атап өткен болатын. Бұл межелі міндет те қазірдің өзінде қазақ тілін жатық білетін, күнделікті тұрмыста қолданып, мемлекеттік тілдің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген этнос жастары арасында қызу қолдау тауып, қарқынды жүзеге асуда. Қазақстан халқы Ассамблеясы түрлі ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді дамытуға арналған «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» республикалық форумын тұрақты ұйымдастырып келеді. Нұр-Сұлтан қаласында жүзеге асқан алғашқы форумға барлық облыстан 100-ден астам делегация келді. Соңынан «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» челленджі басталып, Алматы қаласы және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Қарағанды облыстарында жалғасын тапты. қазақ тілі Эпидемия жағдайында онлайн форматқа ұласып, көтерілген мәсе­­­лелер әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Форумда ортаға са­­лынған тіл проблемаларының маңы­­зы мен ауқымын ескере келе, жа­қында Алматы қаласында «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумы аясын кеңейтіп, І республикалық тіл конгресі ұйымдастырылды. Бү­гін Ассамблея мүшелерінің мем­лекеттік тілді дамыту ба­ғы­тындағы ой-пікір­лері мен ұсы­ныстарын назарла­рыңызға ұсы­намыз. ЭлимхановЖамалаил ЭЛИМХАНОВ, «Емир-Ойл» ЖШС директоры, Ақтау қаласы (шешен):

Қазақ тілін үйретудің ақтаулық үлгісін ұсынамын

– Қазақстан халқы Ассам­блея­­сының «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумы республикалық деңгейде үшінші рет өтті. Алдыңғы шараларда қазақ тілін Қазақ­стандағы ұлтаралық қатынас тілі құралына айналдырудың көптеген қызықты тәсілдері ұсы­­­нылған бо­латын. Өзім Маңғыстау об­лысының тәжірибесімен бөлістім. Маңғыс­тауда орыс тілін жетік меңгерген қазақ басқа этнос өкілін көрген бетте әңгімені алдымен қазақ тілінде бастайды. Өзге ұлт өкілі орысша жауап бергеннің өзінде де қазақ тілін түсінеді деген сөз. Сол себепті менің жерлестерім әңгімені әрі қарай қазақша жал­ғастырады. Осылайша, ол өзге этнос өкіліне қа­зақ тілін үйренуге түрткі болады. Біз, қазақ халқы және өзге этнос өкілдері, мемлекеттік тілді үйренгісі келетін жандарға осылай көмек­тесуіміз керек. Олармен қазақша сөйлесейік! Бұл олардың тіл үй­ренуге зор ынтасын тудырады деп сенемін. Егер біз, керісінше толе­ранттылық деген сылтаумен өзге этнос өкілдері­мен орыс тілінде сөйлесетін болсақ, олардың кей­біреуі қазақ тілін үйре­нуге тырыс­пайды да, өйткені олар үшін бұл өте ыңғайлы. Жалпы, мемлекеттік тіл туралы неғұрлым көп ойланған сайын, қазақ тілін енді ұлтаралық қатынас үшін ғана емес, Отан алдындағы пары­­­зыңды ұғыну үшін білу керек деген ойдамын. Бұл – туған жерге деген құрмет! Егер адам Қазақстанда өмір сүргенімен, қазақ тілін үйрене алмаймын десе, онда ол мұны шын ниетімен қаламайды деген сөз! Сол себепті қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың ҚазТЕСТ жүйе­сін қоғамның әртүрлі са­ласында ен­­гізу қажет. Жұмысқа тұру бары­сында міндетті түрде мемлекеттік тіл­ді білу деңгейі ескерілуі тиіс. ЮлияЮлия ЛАГУТКИНА, «Оберег» украин қоғамы жастар қанатының мүшесі:

Қазақ тілі – тәуелсіз Қазақстан жастарының тілі

– Қазақ жері – әр этностың алтын бесігі. Қаймағы бұзылмаған табиға­тымыз, көркем тіліміз, бай тарихымыз және ұрпақтан-ұрпаққа келе жатқан салт-дәс­түріміз, табиғатымыз – осының бәрі қазақ жерін мекендейтін 130-дан астам ұлт өкілдерін біріктіріп, Отанға деген ыстық махаббатымызды тудырады. Қазақ, орыс, украин, әзербайжан, башқұрт, татар бәріміз бірлікте өмір сүріп, этносаралық тұ­­тастықты сақтауға тырысамыз, себебі Қазақстан – біздің ортақ үйіміз. Менің ағам Ресейге көшіп кетті. Мектеп бітіргеннен кейін мені Ресей­ге оқуға түсуге ша­қырды. Бірақ мен туған жерімнен кеткім келмеді. Менің Отаным – Қа­зақстан, сон­­дықтан өз елімде қалып, өз Отаныма пайдамды тигізгім келді. Қазақ тілін үй­ренуге, оны білуге, қазақша сөй­­­леуге деген талпыныс әр адамның ішкі сезімімен, сол тілге деген сүйіс­пеншілігінен басталады. Мемле­­кетін сүйетін әр қазақ­стандық айлығына үстеме қосу үшін емес, ұлы елдің азаматы, адал перзенті болу үшін өзінің ана тілін білгені жөн. «Балық басынан шіриді» дегендей, қазіргі жастар шұбар­­­­лы, құнарсыз тілге үйреніп бара жа­тырмыз, қазіргі ұрпағымыз осылай болса келешегіміз не болмақ? Сон­­дай-ақ жастар – мә­дениетті сөйлеуі тиіс, өйткені тіліміз аралас сөз­дермен азап шегуде, сондықтан да таза тілде сөйлегеніміз жөн болар. Қазақ халқының мақтанышы, жазушы, Кеңес Одағының Ба­тыры Б.Момышұлының өне­гелі сөздері ел ішіне таралған. «Ана­мыздың ақ сүтімен бойы­мызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-баба­мызды, тари­хымызды ұмыту. Ана тілімізге мән бер­меушілік, оны құрмет­те­меу­шілік – шынайы пат­риоттарды тәрбиелеу жұмысына үлкен зиян. Кейбір ұл-қыздары­мыз­­дың ана тілімізді білмеуі, не шала білуі мені қатты қынжылтады. Қолы­­на қалам ұстаған әр азамат ана тілінің бай қорын игерумен бірге басқа, әсіресе көрші ұлт тілінің де асыл қа­­зы­­­­насынан сусындауы, оны кәдеге жарата білуі абзал. Тіл тазалығы үшін күрес ешқашан толастамақ емес» де­­ген еді. Тіл тазалығы үшін бірге кү­ресуге ша­­қырамын. ЕлизаветаЕлизавета СЕДЫШЕВА, «Берегиня» орыс этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі:

Балалардың тілі қазақша шығуы тиіс!

– Ұлтым қазақ болмаса да, жүре­­­гім – қазақ. Қазақ тілін ана тілімдей құрметтеп, ойымды қазақ­­­ша жеткіз­генде талайы таңға­­­лады. Әрине, мен осындай қасиетті елде дүниеге кел­дім. Қасиетті елдің қас­­терлі тілі бойы­ма дем алған ауамен, ішкен суымен бірге дарыды. Тіпті, осыған дейін қамқор болып, қасымнан табылған ізгі ниетті адамдар да ба­сым­нан сипап, жақсы тілектерін осы тілде жеткізген екен. Тағдырдың жа­зуымен Теміртау қала­сындағы балалар үйінде тәр­бие­леніп, қазақ­тың тілімен қа­тар, көркем дәс­түріне қанып өстім. Әр кез қасымнан табы­­латын дос­тарымды да қазақ орта­­сынан тап­тым. Осы жерде туып, осы елдің азаматы болған­дықтан, тілді біл­меу – мен үшін ардың ісі. Мен жаспын, алдымда – үлкен даңғыл жол! Елімізде біз үшін барлық мүмкіндік жасалған. «Бола­шақ – жастардың қолында!» деген сөзді үнемі жадымда ұстап, Абайдың: «Сен де бір кірпіш дүние­ге кетігін тап та, бар қалан!» деген­дей, еліміз­дің өркен­деуі жолын­да мен де білі­міммен, білігіммен бір кірпіші бо­луды көк­сеймін. Ол үшін, әлбетте қазақ тілін білу – міндетті! Замандастарымды қазақ тілін жетік меңгеруге, ойын қазақ ті­лін­де ашық әрі еркін жет­кізуге наси­хаттаймын. Себебі бола­шақ қазақтың тілінде екенін әлде­қашан сезінгенмін. Қазақстан Президенті қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керегін жиі айтады. Тілді дамыту әрқайсысымыздың тікелей мінде­тіміз. Тіл – халқымыздың тари­хы­ның, мәдениетінің айнасы. Ал мем­­­­­ле­кетімізге қызмет ететін аза­мат­тар осы құндылығымызды қас­­терлесе – еліміз әрі қарай қа­рыштап дами түсетіні сөзсіз. Күл­тегін дәуірі­нен негіз ала­тын баба тіліміздің мәр­­­тебесі биік, ешқандай дәуір желі түбірін қозғай алмай­­­тындай болсын деген тілегім жайдан-жай айтыла салған сөз емес. Ол менің шын ті­легім! Біздің болашақ бала­лары­мыз­­дың тілі қазақша шығуы тиіс. Сон­дықтан ең алдымен теледидар тілін мем­лекеттік тілге 100 пайыз көші­руіміз керек деп есептеймін.

 width=Зульфия ТАИПОВА, Каспий университетінің лекторы, «КУЯБ» этномәдени бірлестігінің мүшесі:

Барлық ақпарат жас ұрпаққа қазақ тілінде жетуі тиіс

– Қазақстанда тұрып жатқан бір­де-бір адам тіл мәселесінен тыс қала алмайды. Мемлекеттік тілге байла­нысты маңызды мәселелерді назардан шығармай оларды ашық айтып, талқылау қажет. Пре­зи­дентіміз Қ.Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұх­батында: «Те­левизиялық және радио ха­бар­ларының сапасын арт­тыру қажет. Бұл ақпарат өнімдері қо­ғамдық ойдың қайнар көзіне айналуы тиіс, ұлттық идеяға қызмет ететін то­­пырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет» деп айтқан еді. Менің ойымша, ақпарат өнімдеріне әлеу­меттік же­лілерді де қосуға болады. Қаласаңыз да, қаламасаңыз да қоғам әлеуметтік желілерге же­лімденді. Дүние күйіп бара жатса да желілерге көз қырын са­лып, вир­туалды өмірден алшақ­тамайтындар саны күн сайын артып келеді. Енді бізге осы құбы­лысты мәдениетті, сапалы, ұлт пен мем­­лекетке, мем­лекеттік тілге пай­далы жағынан қолдану керек. Әркім өз оқыр­­­мандары алдындағы жауапкер­шілікті барынша сезініп, әлеуметтік желілерді мемлекеттік тілді наси­хат­тайтын ортаға ай­налдыру орын­ды болмақ.  width=Руфина УСАНОВА,  Алматы облыстық «Туған тіл» татар-мәдени орталығының жетекшісі, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы  аймақтық штабының төрағасы:

Тілі мен тыныштығы бұзылған мемлекеттің болашағы жоқ

– 2017 жылдан бері Талды­қорған қаласындағы «Туған тіл» татар-мәде­ни орталығының же­тек­­шісімін. Со­нымен қатар «Жаң­ғыру жолы» рес­публикалық жастар қозғалысы ай­мақтық шта­бының төрағасымын. Екі бірдей жоғары дипломым бар. Алайда маған Ассам­­­блеяда жұмыс істеген ұнай­ды. Маған жастармен жұ­мыс істеген, олардың бойында адамгер­шілік қасиеттерді терең сіңіру үшін қайы­рымдылық шаралар ұйымдас­тырған өте ұнайды. Сондай-ақ менің мем­лекеттік тілді еркін бі­луім жұмыс барысында көп көме­гін тигізеді. Негізі, екі жоғары бі­лім­­­ді де орыс тілінде алғанмын. Бірақ үйде қазақ тілінде сөйлесеміз, дос-құрбы­ларым да қазақша сөй­лейді. Қырғыз халқының заңғар жазу­шысы Шыңғыс Айтматовтың: «Ха­лықтың мәңгі ғұмыры – тілінде. Әрбір тіл халқы үшін – ұлы» деген ұлағатты сөзі бар. Мен үшін менің Отанымның тілі – ұлы. Ұлы тілі­мізді көзіміздің қарашығындай сақтау – біздің азаматтық мін­детіміз. Құдайға шүкір, біз бақытты ұрпақпыз. Өйткені соғыс көрген жоқпыз. Бұл біздің басты жетістігіміз деп білемін. Өзара достығы, келісімі жоқ мемлекет – болашағы жоқ мемлекет деп са­наймын.  width=Эльнара ТАШТАНОВА, Алматы облысы Қарасай ауданы Қошмамбет мектебінің бастауыш сынып мұғалмі (әзербайжан):

Тіл меңгеруде әдістемелік топтамаларды жинақтау керек 

– Қазіргі техника даму за­манында әртүрлі тақырып ая­сында чат-боттар мен мара­фондар ұйымдастырылуда. Осы жүйеде тіл төңірегінде де онлайн топтар ұйымдастырып, адамдарды қы­зықтырса, қазақ тілін үйренуге де қызығушылық пен сұраныс өсер еді. Бірақ тілді меңгеру деңгейі әртүрлі болғандықтан, кішкене қиын­­­шы­­лықтар туып жатады. Сондықтан қа­зақ тілін оқытуда тілді меңгеру деңгейіне көңіл бөлу керек шығар. Сонда әр деңгейдегі адамдарға белгілі бір әдістемелік ұстанымдар дайын­­­дауға жеңілірек болар еді. Мә­селен, ағылшын тілін мең­гергенін А1, А2Б В1, В2,С1, С2 деңгейлері арқылы көрсетеді, осы жүйеде жұмыс істесек қалай болар еді?! Осы орай­да, Прези­дент өз сұхбатында бастауыш сынып бағдар­лама­сындағы пәндер қа­тарына қазақ тіліне де басымдық беруге тоқ­талған. Бұл дегеніміз – кемел келешекке білімді жастың кір­пішін қалау бағытында рөлі зор екенін екшелеп тұр. ЭмильЭмиль КУРБАНОВ, Алматы облыстық «Огни Алатау» газетінің тілшісі: (әзербайжан)

Әзербайжан отбасында дүниеге келген қазақпын

– Менің кіндік кескен жерім – Алматы облысы Талдықорған қаласы. Жасым – 25-те. Анам маған аяғы ауыр кезінде теледидардан Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті – Елбасы Нұр­сұлтан Назар­­баевтың «Қазір өз тағ­ды­рын Қазақстанмен байла­нысты­ратын адамның бәрі баласына қазақ тілін үйретіп жатыр» деген сөзін ести­ді. Сол сәтте анам «ме­нің балам осы­дан аман-есен дү­ние­ге келсе, тек қазақша сөй­лей­тін бо­лады» деп серт береді. Анам осы сөзінде тұрды деп айтсам болады. Бірақ бір қызығы, бала кезім­нен қазақша сөйлеп, қа­зақтардың орта­сында өскендіктен, өзімді әзер­бай­жан сезінген жоқ­пын. Сұра­ған адамға үнемі «қазақ­пын» деп жауап бере­тінмін. 3 жа­сымда қазақ бала­бақ­шасына бардым. Анам тәр­биешіге: «Ме­кен­жайын, есімін өзі біледі. Қа­жет болса телефон нө­мірімді де айта алады» деп та­быстап кетеді. Топтағы ба­лалардың бар­лығы жина­лып, өздерін таныстыра бастайды: Се­рік, Берік, Данияр, Сәуле, Мер­уерт де­генді естіп, «Эмиль деген менің атым қате қойылған ба?» деп жан-жағыма аң-таң болып қарадым. Кезек маған келгенде еш ой­лан­бастан «Жандос» дедім. Түріме қарап сенбеген кейіппен тәр­биешіміз «Ұлтың қандай?» деді. Еш мүдір­­местен: «Қазақпын. Әзер­байжан от­басында дүниеге келген үлкен көзді, аққұба өңді, жирен шашты жалғыз қазақпын» дедім. Содан кешке қайтатын уақыт болды. Барлық балаларды ата-анасы тосып тұр. Сол уақытта тәрбиешінің «Жандос, анаң келді» деген дауысын естіп, жүгіріп бардым. Жанына менің келгенімді көрген анам аң-таң: «Сіз неге ба­ламды Жандос деп шақыр­дыңыз? Оның есімі – Эмиль», – деді. Ұстазым болса мән-жайды тү­сіндіріп әлек. Үйге барғаннан кейін анам ұлтымның әзербайжан, есімім Эмиль екенін асықпай түсіндіріп берді. Эмильдің ма­ғынасы «Жандос» есімі сияқты жаныма жылулық ұялатты. Эмиль – ең­бекқор, өз ісіне бе­рілген деген ұғымды білдіреді. Соған қара­мастан әлі де Жандос деп атайтын адамдар бар. Атамыз жер жәннаты Жетісуға бауыр басып, қайтадан Әзер­байжанға оралу туралы ойлаған емес. Өмірден өткенше «Қа­зақ­стан – біздің ортақ Отанымыз!» деп кетті. Сондықтан артында қалған ұрпақтары да осы елге қызмет етіп, еңбек етуді қасиетті бо­рышымыз деп білеміз.  width=Денис ЯКОВЛЕВ, Ұлттық гвардия ән-би ансамблінің концертмейстері (орыс):

Қазақтың тілін ғана емес, ұлттық өнерін де дамытқым келеді

– Мен 1991 жылы Қостанай облысы Аманқарағай ауылында туғанмын. Ұлтым – орыс. Н.Ос­тров­ский атындағы орта мек­тебін бітірдім. Қазір Ахмет Бай­тұрсынов атындағы Қостанай аймақтық университетінде оқи­мын. Күнделікті өмірде дос­та­рым­мен және қызмет­тестеріммен қазақ тілін­де сөй­лесуге ты­­ры­самын. Қазақша сөйлеуді әскерде үй­рендім. Әскери орта маған барынша көмектесті. Достарым жақын тартып, менімен қазақ тілінде сөйлесті. Қазақ тілінде қалай сөйлеп кеткенімді өзім де байқамай қалдым. Бірақ үй­рене­тінім әлі де көп. Ең қызығы, әс­керден кейін музыкалық кол­леджге түскім келген кезде, мен таңдаған ма­мандық бойынша, тек қазақ тобы болды. Тіл үйренгенімнің арқасында өмірімде көптеген өзгеріс орын алды. Тыңдаушыларымның аясы кеңейді, достарым көбейді, кез келген жерде ақпарат пен жаңа­лықтар қолжетімді болды. Жалпы, кез келген тілді үй­­рену үшін оның ортасына бейімделуі, адамның жеке ынтасы болуы керек. Қиын­дық болған кезде ке­дергіден асып өту – адамның өз қо­лында. Ынта болғанда еш нәрсе кедергі бола алмайды. Әскери орта – ерекше орта. Қызмет атқару барысында респуб­ликалық әскери әндер конкур­сына қатысып, 2-орынға ие болдым. Кейін осы жетістіктер Ұлт­тық ұлан ән-би ансамбліне қызметке тұруға кө­мектесті. Ендігі мақсатым – осы ұлттық өнерімізді дәріптеп, жастарға насихаттап, дұрыс бағытта көр­сетіп, соны жүректеріне жет­кізсем деген ниет. Өйткені қазір шыны керек, ұлттық өнерімізді, дәстүрімізді ұмы­тып бара жатырмыз. Ұлттық өнері­мізді, мәдениетімізді, дәс­түрлі ән­дерімізді жиі наси­хат­тауымыз керек. Өйткені қазақ­тың сөз құдіреті, сөз мар­жаны – ұлт­тық классикалық әндердің мәті­нінде жатыр. Қазақтың осы клас­си­калық өнерінен этнос өкілдері бақ сынайтын жоғары деңгейдегі байқау ұйым­дас­тырылуы тиіс. Бұл байқау­лардың бас жүлдесі ай­тысқа тігілетін көлікпен бірдей болмаса, кем болмауы тиіс. Бұл өз кезегінде өз­ге этнос жаста­рына қазақтың өнері мен тілін білуге, үйренуге даңғыл жол ашады деп ойлаймын.

Дайындаған Аманкелді ҚҰРМЕТ