«Ел үміті» халықтың қолдауына ие болды
«Ел үміті» халықтың қолдауына ие болды
216
оқылды

2019 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаев еліміздің дарынды жастарын анықтау және қолдау бойынша «Ел Үміті» бастамасын ұсынды. «Ел үміті» бастамасын іске асыруды басқару жөніндегі жауапты ұйым болып 2019 жылдың қыркүйегінде Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанында құрылған «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры белгіленді.

Онлайн форматта өткен Елбасы академиясының Қамқоршылар кеңесінің отырысын Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы, Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Әсет Исекешев ашты. Ол өз сөзінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті ­– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ел үміті» бастамасы өткен жылдың қараша айынан бастап жүзеге асырылып келе жатқанын атап өтті.

«Пандемияға қарамастан, барлық жобалар сәтті жүзеге асырылуда және жастар арасында өзектілігін дәлелдеді. Бастамаға енгізілген жобалар ­– «Мың бала», «Елбасы медалі», өзгерістерді басқару жөніндегі салалық менеджерлерді даярлау бағдарламасы және басқа жобалар маңыздылығын дәлелдеп, ел Үкіметі тарапынан жоғары бағаланған болатын. Жалпы жобалар аясында 350 мыңнан астам қатысушы қамтылды», – деді Ә.Исекешев.

Кеңес отырысына Сингапурдың экономикалық даму және инновациялық менеджмент компаниясының (EDIS) төрағасы Филип Йео, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова, Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің деканы Вэнг Тат Хуэй, Қазақ мемлекеттік заң университетінің ректоры Талғат Нәрікбаев, BTS Digital білім беру орталығының жетекшісі Саясат Нұрбек, «Назарбаев Қоры» ДББҰ-ның бас сарапшысы Назипа Аюбаева және Bilim Foundation қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы қатысты. Онлайн-кездесу барысында Елбасы Академиясының директоры Фархад Қуанғанов Қамқоршылар кеңесі мүшелеріне жобаларды іске асырудың аралық нәтижелерімен таныстырып, 2021 жылға арналған жоспарлармен бөлісті.

«Жобаларға деген қызығушылық сандық көрсеткіштермен расталады – сарапшылар, ата-аналар, мұғалімдер және жұмыс істейтін жастар арасында Нұрсұлтан Назарбаев қорының «Ел үміті» білім беру порталы бойынша жалпы қамту 1,5 миллион адамды қамтыса, жобалар бойынша ақпарат көрсетілімі 3 миллионға жетті», – деді Ф.Қуанғанов.

Жиында сондай-ақ «Ел үміті» бастамасының түрлі бағыттағы жоба үйлестірушілері де өз жұмыстары туралы жан-жақты хабардар етті. «Мың бала», «Елбасы медалі» жобалары болшақта да жалғасын табады.