Бизнес қиын жағдайда тұрғанда, вирустың таралуына жол бермеу керек
Бизнес қиын жағдайда тұрғанда, вирустың таралуына жол бермеу керек
263
оқылды
«Nur Otan» партиясы Көкшетау аумақтық филиалы ұйымдастырған Zoom конференциясының басты тақырыбы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауының негізгі міндеттерін түсіндіруге арналды. Спикер-сарапшы ретінде Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің халықаралық қатынастар, тарих және әлеуметтік жұмыстар кафедрасының оқытушысы, тарих ғылымдарының магистрі Алмас Сәтпаев, «Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы АҚ Ақмола облысы бойынша педагогтардың біліктілігін арттыру институты филиалының директоры Нина Стукаленко мен Көкшетау қаласындағы «Гормолзавод» сүт зауыты ЖШС директоры Асен Жақсылықов сөз алды. Шараға «Нәтиже» ЖШС қызметкерлері, Көкшетау қаласы кәсіподақтар ұйымдарының өкілдері, «Nur Otan» партиясының мүшелері қатысты. Конференцияның Zoom-платформадағы модераторы ретінде «Jas Otan» ЖҚ Орталық кеңесінің мүшесі, «Nur Otan» партиясы Көкшетау аумақтық филиалының кеңесшісі Ислам Байрамов сөз сөйледі. Шара барысында әр спикер ҚР Президент Жолдауына қатысты өзінің пікірін ортаға салды. Соның ішінде, Алмас Сатпаев «Мемлекеттік басқарудың жаңа моделі» тармағына ерекше тоқталып, коронавирус инфекциясы пандемиясы жағдайындағы мемлекеттік қызмет жүйесін қайта ретке келтіруге қатысты ой қозғады. вирус Нина Стукаленко болса, Жолдаудың «Қолжетімді және сапалы білім» атты 5-ші тармағы жайлы әңгіме өрбітті. Ол Мемлекет басшысы баса назар аударып отырған және шешімін табу жолдарын нұсқайтын сапалы білім, педагогтардың жалақысы, мектепке дейінгі тәрбие, кәсіптік білім мәселелеріне тоқталды. «Гормолзавод» сүт зауыты ЖШС директоры Асен Жақсылықов өзі жетекшілік етіп отырған кәсіпорынның қазіргі заманға сай бейімделуі жайлы және әсіресе, шағын және орта бизнес қиын жағдайды басынан өткеріп жатқан кезде коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу туралы айтты. Аудитория өздерін қызықтырған барлық сауалға жауап алды.