Бөрте жайлы жаңа пьеса
Бөрте жайлы жаңа пьеса
481
оқылды
Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Иса­бековтің шығармашылығына арналған Назарбаев уни­верситетінің оқытушылары мен студенттері ұйымдастырған «Екі жиырма» атты кеші өтті. Кештің бұлай аталуы да бекер емес: бұл Д.Исабековтің 1983 жылы жарық көрген жинағының атауын және биыл күнтізбемізде екі жиырманың қатар келуін меңзеп тұр. Іс-шара онлайн форматта Zoom қосымшасы арқылы жүзеге асты. Кездесу барысында әлемдік ахуал, қазақ әдебиетінің келешегі төңірегінде ой бөлісті. Жазушы  жер бетін дүр сілкін­дірген тарихи тұлға Шыңғыс хан­ға «сен» деп сөйлеген жалғыз адам – сүйген жары Бөрте жайлы пьеса жазуды бастағанын жеткізді. Д.Исабеков: «Мен осы індет ке­зін­де біршама істер атқаруыма мүм­кіндік туды. Қазақ әйелінің бей­несін сомдауда Тұмар ханша, Ұмай ананы жақсы білеміз. Шыңғыс ханның әйелі Бөртені жан-жақты зерттеп, жуықта ғана пьеса жазып бітірдім. Бұл жаңалығымды сіз­дерге айтып отырмын», – деді. Желі арқылы  Назарбаев уни­верситеті, Еуразия гумани­тарлық институты, Ахмет Бай­тұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, Сүлей­мен Демирел атындағы уни­верситеттің оқы­ту­шылары мен студенттері жазу­шының әңгімесін тыңдап, сауал­дарын қойды. Әдеби басқосуда жазушы­ның бірнеше туындысы бо­­йын­ша студенттердің ой-пі­кір­­­­лері айтылды. Қаламгер шы­­­ғар­­­маларынан үзінділер кел­тіріліп, жұмбақ ретінде ойнатылды. Д.Исабековтің өмірі және шығар­машылық жолы туралы бей­не­роликтер көрсетілді. Кеш соңында кафедра мең­герушісі Юлай Шәмілұлы мен ғалым ұстаздар Айгүл Ісімақова, Гүлтас Құрманбай және Жанар Әбдіғаппарова ел сыйлаған қалам­герге осы бір әсерлі кездесуге қатысып, өз ойларын ортаға сал­ғаны үшін алғысын жеткізді. Сон­дай-ақ студент жастар да жазушыға ізгі тілектерін арнады. Ал жаңа ғасырдың жастарымен жүздескен Дулат Исабековтің өзі білім жолында жүрген өскелең ұрпақтың әдебиетке, рухани бай­лыққа қызығушылық танытып отырғаны үшін зор ризашылығын білдірді.

Гүл БЕКЗАТ