Тоқаев қытайлық компанияға жергілікті жұмысшылардың жалақысын жоғарылатуды тапсырды
Тоқаев қытайлық компанияға жергілікті жұмысшылардың жалақысын жоғарылатуды тапсырды
172
оқылды

Мемлекет басшысы CNPC корпорациясы Директорлар кеңесінің төрағасы Ван Илиньді қабылдады.

Қазақстан Президенті қазақ-қытай арасындағы тату көршілік қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын, сондай-ақ, еліміздің әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне CNPC компаниясының қосқан үлесін жоғары бағалады.

– CNPC компаниясы мұнай өндіру, өңдеу, көмірсутегін тасымалдау салаларында еңбек етеді. Сіздің корпорация жүзеге асырып жатқан жобалар Қазақстан экономикасында аса маңызды рөл атқарады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент CNPC басшылығының алдына қазақстандық жұмысшылардың жалақысын көтеруге, олардың айлығын шетелдік жұмысшыларға төленетін еңбекақы деңгейімен теңестіруге, сондай-ақ, тауар сатып алу және қызмет көрсету ісінде қазақстандық өнімнің үлесін арттыруға байланысты бірқатар міндет қойды.

Ван Илинь Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қатысты компанияның алдына қойылған міндеттерге түсіністікпен қарайтынын жеткізді. 

Akorda.kz