Көк байрақты көтерер спортшы қажет
Көк байрақты көтерер спортшы қажет
293
оқылды

Қазақстанда спортқа арналған барлық демеушілік көмек қаражат­тары бір қорда жинақталмақ. Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен Пар­ламенттің жоғарғы палатасы отырысында сенаторлар «Кей­бір заң­на­малық актілерге денешынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда қарады.

Сенат басшысы кәсіби спортты да­мы­ту­ды қолдай отырып, бұқаралық спорт­тың рөлін де ұмытуға болмайтынын қаперге салды.

Осыған орай ол әкімдерді жергілікті жұрт­шылық бұқаралық спортпен айна­лысуы үшін қажетті инфрақұрылым өріс­тетуге шақырды.

– Әрине, кәсіби спортқа көп көңіл бөлу керегін түсінемін. Сонда еліміздің байрағы көптеген әлемдік ареналарда жанкүйерлерді тамсантып, биіктен желбірейтін болады. Дегенмен халықтың негізгі бөлігі мен бұ­қаралық спорттың рөлін де естен шығаруға болмайды. Бұл жергілікті жерлердегі өңір­лік клубтарды қаржыландыруға да қатысты. Онда да байыбына барып, басын ашып алуды қажет ететін жайт жетерлік. Бұл іске мәслихаттарды араластыру керек, – деді Дариға Нұрсұлтанқызы.

Жаңа заң жобасымен бірге бірқатар жа­ңалық өмірге жолдама алмақ. Оларды Се­нат атынан қосымша баяндама жасаған Сергей Ершов түсіндіріп өтті. Тоқтала кет­сек, пара­лимпиада ойындарының чем­пиондары мен жүлдегерлері сыйға берілетін баспананы таңдай алады. Яғни, алтын, күміс не қола ме­даль алған мүмкіндігі шек­теулі спортшы тө­менгі қабаттардан немесе лифті бар тұр­ғын үйлерден, ал тірек-қоз­ғалыс аппа­раты дертіне душар болғандары екінші қабаттан жоғары емес баспана алу құқығын иеленеді.

– Сонымен қатар денешынықтыру және спорт саласында демеушілік көмек көрсету саясатын іске асыратын бірыңғай оператор құрылады. Бұл оператор қыз­метінің негізгі мақсаты – денешынықтыру мен спортты тұрақты дамытуды қамтамасыз ету. Заңнама сондай-ақ «Ұлттық сурдлим­пиадалық қозғалыс» жаңа бабымен толық­тырылды. Ол сурдлимпиадалық спорт түр­лері бо­йынша мүгедек спортшылар ара­сында де­нешынықтыру мен спортты дамытуға жәрдемдесумен айналысатын Ұлттық сурд­л­импиадалық комитеттің мәртебесі мен өкілеттігін күшейтеді, – деді сенатор.

Құжат қолданыстағы Әкімшілік құ­қықбұзушылық туралы кодекске толық­тырулар енгізіп, допингке қарсы ережелерді бұзған адамдардың жазасын қатайтады. Мысалы, егер жаттықтырушы, жаттықты­рушы-оқытушы немесе спорттық медицина және өзге сала мамандары спортшыны ты­йым салынған субстанцияларды не әдіс­терді пайдалануға мәжбүр етсе, сол үшін айыппұлмен жазаланады. Осы орайда Владимир Волков көңілсіз статистикалық мәлімет келтірді:

– 2014 жылдан бері 29 спорт түрі бойын­ша 116 қазақстандық спортшы және 1 жат­тықтырушы допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін шеттетілген. Ендеше қазіргі және болашақ спортшы ұрпақтың үмітін ластағандар сол тірлігі үшін жауапкершілікке тартылуы тиіс. Амал нешік, әзірге тек әкімшілік жаза ғана қарастыра алып отыр­ғанымыз өкінішті, – деді сенатор. Себебі елдегі қылмыстық заңнаманың ізгілен­дірілуі нәтижесінде мұндай қарау тірліктер үшін темір торға қамау жазасын депутаттар қарастыра алмайды.

Парламентшілер қазақстандық спорт­шылардың 2020 жылғы жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін алған лицен­зия­лары санының аздығына алаңдаушылық білдіруде. Бүгінде Қазақстан қоржынына спорт­тың 12 түрі бойынша бар-жоғы 28 ли­цензия ғана түскен. Алдыңғы Олимпиа­даға дайындықтың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 50 болған еді.

С.Айтпаева мүмкіндігі шектеулі жан­дарға арналған спорт клубтары мен жаттық­тырушылардың тапшылығын мәселе етіп көтерді. Депутат С.Жақ­сыбеков олимпиа­далық емес спорт түр­лерін дамыту және денешынықтыруды насихаттауға тиісті көңіл бөлу қажетін атап өтті.

Жоғарғы палата басшысы Дариға Назарбаева сенаторлар көтерген мәселе­лерге қолдау білдірді. Үкімет мүшелері оларды назарға алуы керек.

Жан-жақты талқылаудан кейін Сенат депутаттары денешынықтыру және спорт мәселелері жөніндегі заң жобасына түзетулерді құптады.