Тәуелсіздік – татулықтың тал бесігі
Тәуелсіздік – татулықтың тал бесігі
331
оқылды

Тарихтың сан тарау, сала тармақты сара жолы қазақ топырағында қан­шама ұлыс пен ұлтты, этнос пен жұрт­ты ұйыстырды. Олардың басым көп­шілігі осыдан тура 100 жыл бұрын бас­талған зұлмат жылдардың же­те­гінде жер аударылып келген еді. Әйт­се де, қазақтың кең даладай мейір­бан көңілі олардың қай-қайсы­сын да өгейсіткен жоқ. Қиындығын да, бір үзім нанын да бірге бөлісті. Енді бүгінде 120-дан астам этно­сты бір шаңырақтың астында бірік­тіріп отыр­ған қазақ елі Тәуелсіз­дігінің 30 жыл­дығына қадам басқалы отыр.

Теңдік мұраты – тұрақтылық кепілі

Еліміздің 1995 жылы 30 тамызда респуб­ликалық референдумда қабыл­данған Ата Заңы «Біз, ортақ тарихи тағдыр бірік­тірген Қазақстан халқы…» деп бас­талады. Осы бірауыз сөздің өзі мемлекет­тілігіміздің заманауи болмысын сөзсіз паш етіп тұрса керек. Бұл конституциялық идея Қазақстан халқы біртұтас мем­лекеттің тең құқылы, ерікті азаматтарының тарихи қауымдастығы екенін айшықтап отыр. Осылайша, елімізде мәдени-этникалық ерекшелігіне қарамастан үлкен ауыз­біршілік пен қоғамдық келісімге мүдделі түрде мойынұсынатын бү­гін­гідей ұлттық бірліктің қалыптасуына жол ашылды. Елбасы Н.Назарбаев өзінің Қазақстан халқы Ассамблеясының XVI сессиясында сөйлеген сөзінде: «Қазақстан халқының этностық және мәдени саналуандығы мен төлтумалығын сақтауға байланысты жаңа қадамдар іздеген жөн» деген ұйғарым жа­са­ған еді. Сол себепті этносаралық қаты­настарды ұдайы жетілдіре түсудің өзекті мәселелері ел дамуының күн тәртібінен түспек емес. Елімізді мекендейтін 120-дан астам этнос өкілдерін ортақ мақ­сатқа, бір мүдде төңірегінде біріктіретін ұста­ным – ең әуелі қазақ халқына деген ал­ғысы болса, одан кейінгі кезекте Ел­басымыз ұсынатын «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы. Бүгінгідей бірлікті ту еткен күнге бас­тар жолдың қауіпті кезеңге толы болғаны баршамызға белгілі. Кеңес Одағының ыдырауынан кейінгі атқан Тәуелсіздіктің арайлы таңын сол алғашқы жылдардағы беймәлім белгісіздік бұлты бүркемелеген еді. Сол аралықта экономикалық қиын­дықтармен қоса елімізде этностық толқу­лар күшейді. Бұл аумалы-төкпелі уақыт туралы Елбасымыз Н.Назарбаев «Ғасыр­лар тоғысында» атты кітабында: «Ең қауіп­тісі – олар таза ұлттық сипат ала бас­тады. Ұлт мәселесінің соншалықты асқындауы әуелі теориялық дәрмен­сіздіктен етек алды» деп жазған еді. Бұл «теориялық дәрменсіздіктің» тамыры бір ұлтты жоғары қойып, қалған этнос өкіл­дерін «екінші сұрыпқа» теліген кеңестік идеологияның алалау саясатында бо­латын. Осы ретте Елбасы мұндай алауыз­дыққа «тамырымен балта шауып», құ­қықтық-демократиялық құндылық­тарды жоғары қоятын қоғам құру жолында кезекті теңдессіз қадамын жасады. 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан халқы Ас­самблеясы дүниеге келді.

Ассамблея – бірліктің байрағы

Бүкілқазақстандық бірліктің бірегей моделін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын Қазақстан халқы Ассамблеясын құрудағы мақсат – еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету жо­лында мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынас саласындағы өзара іс-қимыл тиімділігін арт­тыру болатын. Қазақстан халқы Ас­сам­блеясын құру идеясын ұлт көш­басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы алғаш рет 1992 жылы тәуелсіздіктің бірінші жыл­дығына арналған Қазақстан халық­тарының форумында айтқан еді. Осы­лайша, ұзақ ізденіс пен тынымсыз тә­жірибенің нә­тижесінде Мемлекет бас­шысы жанындағы консультативті-кеңесші орган мәрте­бесімен жаңа ұйым құру туралы Пре­зиденттің Жарлығы шықты. Ассамблея формалды сипатта болмауы үшін және оның ел басқару ісіндегі рөлін арттыра түсу үшін 2007 жылғы мамыр айында Ата Заңымызға кезекті бірқатар өзгерістер енгізілді. Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе берілді, ол Парламент Мәжілісіне 9 депутат сайлау құқығына ие болды. Ал 2008 жылы 20 қаңтарда Президент «Қазақстан халқы Ассамблеясы» туралы әлемде баламасы жоқ заңға қол қойды. Осылайша, ҚХА еліміздің саяси жүйесінің толыққанды субъектісіне айналды. Оның қызметінің нормативтік-құқықтық негіз­дері айқын­далды. Қазақстанның Тұңғыш Президентіне – Елбасына Қазақстан халқы Ассам­блеясын өмір бойы басқару құқығы тиесілі. ҚХА өзінің 20 жылдық белсенді жұмысында орасан біріктірушілік және зияткерлік әлеует жинақтап және халықтық дипло­матия институты үлгісіне бейімделе оты­рып, ұзақ даму жолынан өтті. Бүгінгі таңда Ассамблея этносаралық келісімді, қо­ғамдағы толеранттықты және халық бір­лігін одан әрі нығайта түсу жолында қо­лайлы жағдай туғызу үшін септігін тигізіп келеді. Сонымен қатар мемлекеттік орган­дарға экстремизм мен радикализм кө­рінісіне қарсы әрекет етуде, азаматтардың демократия норма­ларына негізделген саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруда көмек көрсетуде. Жалпы алғанда, Ассамблея жұмысының арқасында біздің елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі, әрбір азамат этникалық және діни ерекшелігіне қарамастан Конституцияда кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен бос­тандықтарын толық пайдалана алатындай ерекше сенім, ынтымақ, өзара түсініктік ахуалы қалыптасты. Республикада елі­міздің барлық этностарының мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Ассамблея қыз­меті Қазақстанның этносаралық қатынастар мәселесін тиімді шешетін ел ретінде халықаралық беделін арттыруға ықпал етеді. Қазіргі уақытта 394 мүшесі бар Қазақстан халқы Ассамблеясы бүкіл әлемге еліміздің этносаралық қатынастар саласында жүргізіп отырған саясатының табысты екенін паш етіп келеді.

Алғыспен егіз мерекелік лебіз

ГеннадийГеннадий ШИПОВСКИХ, ҚХА депутаттық тобының мүшесі: – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев елімізде бірлік пен тұрақтылықтың сақталуына айрықша мән береді. Ол әрқашан елдегі ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықты сақтап қалудың маңызын ерекше атап өтіп отырады. Нәтижесінде, бүгінде елімізде этносаралық тату-тәтті қарым-қатынас пен қоғамдық келісімнің қазақстандық өзіндік үлгісі қалыптасқан. Бұл қазақстандық үлгінің астарында «алуантүрлілік арқылы тұтастыққа» деген халқымызды ауызбіршілікке шақырушы ұстаным жатыр. Бұл ұстанымның еліміз үшін бағасы қашанда қымбат болған және алдағы уақытта да қымбат бола береді. Өйткені елдік ұстаным – осы! Ендеше татулыққа талбесік болып отырған Тәуелсіздік мерекесімен барша қазақстандықтарды құттықтаймын! Ел игілігі жолындағы алғаусыз қызметіміз баянды болсын!   ШерзолШерзод ПУЛАДОВ,  Нұр-Сұлтан қаласы Өзбек этномәдени  орталығының төрағасы: – Қазақ пен өзбек – бауырлас халық. Олардың дәстүрінде де, дінінде де ұқсас тұстары өте көп. Тарихи тамыры тереңде жатқан достығымыздың бүгінгі таңда асқан сыйластықпен жалғасып жатқанына алғысымды айтамын. Қазір елімізде 600 мыңнан астам өзбек ұлтының өкілі тұрады. Олардың барлығы да Қазақстан азаматы. Көбіне еліміздің оңтүстік өңірін мекендейтін бұл этнос өкілдері негізінен егін шаруашылығы, құрылыс саласында еңбек етеді. Өзге деп өзекке теппей, бауырына басқан қазақ халқына қашанда шексіз ризамыз. Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! Қос елдің достығы ғасырдан-ғасырға жалғаса берсін!   НаргизамНаргизам МАХМУДОВА,  Нұр-Сұлтан қаласы Ұйғыр этномәдени  орталығы төрағасының орынбасары: – Барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын! Ұлттар достығының ұлағатты үлгісіне айналған қазақ елі жасай берсін! Осы орайда атап өтер жайт, еліміздегі барлық этностардың ұлттық тілі мен әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін дамытуға деген ұмтылысын, ынтасын байқап, еліміз барлық қажетті жағдаймен қамтамасыз етіп қана қоймай, ұдайы қолдап отырады. Елбасының елімізде нәсiлдiк, этникалық, тiлдiк, дiни және өзге де айырмашылық белгісіне байланысты кемсітуге жол бермеy туралы нақты ұстанымын әлем елдері үлгі етуі тиіс. Халқы тату ел ғана тарихи асуды бағындыра алады. Мереке құтты болсын!

Нұрлан ҚОСАЙ