Бір топ жігіт өлімші етіп ұрған Аңсаған Садудың туыстары әділдік іздейді
Бір топ жігіт өлімші етіп ұрған Аңсаған Садудың туыстары әділдік іздейді
176
оқылды
Бір топ жігіт Көкдомбақ ауылының 19 жастағы тұрғыны Аңсаған Садуды өлімші етіп ұрған. Бұл ақпаратты жәбірленушінің туыстары желіде жариялады. Оқиға 15 желтоқсаннан 16-сына қараған түні болған. Тengrinews.kz-тің жазуынша, жас жігіт әжесінің үйіне қонаққа барған. Оқиға үйдің ауласында болған.
"Аңсаган дәретханадан шыққан кезде үйдің ауласынан бір топ жігіт жабылып, есінен танғанша ұрған.  Білуімізше, олар төртеу.  Екеуі кәмелетке толмаған. Бәрі біздің ауылдан. Жігіттердің бірі ағасымен сөзге келген, бала кезінен оған деген жеккөрініш бар. Олардың арасында не болғанын біз білмейміз, бірақ  ағасын өлтіре жаздады", – дейді жәбірленушінің әпкесі Айнұр Садуова.
Аңсаған сол күні үйге әрең жеткен. Туыстары дереу жедел жәрдем шақырды. Алдымен Баянауыл аудандық ауруханасының жан сақтау бөліміне, содан кейін Екібастұзға жеткізілді. Дәрігерлер оған контузия, бас миы жарақаты диагнозын қойды. Сонымен қатар бірнеше жері сынғаны белгілі болды.  width="Аяғын, мұрнын, екі қолын сындырған. Аңсағанның сау жері жоқ. Жара.  Кеше қолына ота жасалды, бүгін тағы бір ота жасалды", – дейді әпкесі. Оның айтуынша, оны ұрған бір топ жігіт ұсталды.
"Жігіттердің ата-аналары келді, кешірім сұрады, ақша ұсынды.Осылай құтылғысы келген болар. Бірақ біз кінәлілерді заң бойынша жазалауды талап етеміз. Ол отбасындағы жалғыз ұл.  Қыркүйек айында әскерден оралды. Спортпен шұғылданады. Оқиды, жұмыс істейді. Не болса да, адамды бұлай ұрып-соғуға болмайды ғой ", – дейді ол.
Өңірлік Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазір зардап шегуші Екібастұз ауруханасының травматологиялық бөлімшесінде жатыр.
"Жағдайы орташа ауыр. Бас ауру және операциядан кейін жаралардың орнындағы ауырсыну туралы шағым бар", – деп түсіндірді Павлодар облысының Денсаулық сақтау басқармасы.
Айта кетейік, қазір  полиция тексеру жүргізіп жатыр. Кейінірек оқиғаға қатысты түсініктеме беруге уәде берді.

Фото: ашық дереккөзден