Дарынды жастармен кездесті
Дарынды жастармен кездесті
351
оқылды

Елбасы жігерлі де жа­сам­паз, білгір әрі білікті жас ұрпақтың жетекші өкіл­де­рі­мен жүздесті. Назарбаев орталығында өт­кен кез­де­суге Тұңғыш Прези­дент қо­­ры сыйлы­ғы­ның әр жыл­дағы лауреат­та­ры, мә­де­ниеттен бастап жоғары тех­­­но­ло­гия­ларға дейінгі әр са­­ла­­дағы үздік жобалар бай­қау­­ла­рының жеңім­паз­дары, елі­міздегі талантты жас­тар қа­тысты. 

Өрелі, өміршең істердің бас­тауында тұрар жастар Нұрсұлтан Назарбаевқа өздері­нің жетістіктері мен түрлі сала­лардағы жаңалықтары туралы айтып берді.

Өз сөзінде адам капиталын дамытудың маңызына тоқталған Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті жаһан­дық дамудың зама­науи сын-қатерлері мен әлемдік үрдістерді жастардың қаперіне салды.

Сонымен бірге Н.Назарбаев оларға жас азамат­тарға одан ары өсуі үшін тең жағдай жасау бағытында қолға алынып жатқан шаралар туралы әңгімеледі.

– Жастар жылы аясында та­лантты және қабілетті жас қа­­зақ­стандықтарды қолдауға бағыт­­талған «Ел үмiтi» баста­ма­сын ұсын­дым. Бұл бастаманың опе­­раторы – Тұңғыш Президент қоры. Ол мем­лекеттік органдар­мен ты­ғыз бай­ланыста жұ­мыс істеуде. Қазір қор кең ауқым­ды транс­фор­мация кезеңін бас­тан өткеруде. Ол білім беру, әлеу­мет­тік даму және жас­тар бас­тама­ла­рын кешенді қолдайтын құры­лымға айналады, – деді Елбасы.

Жүздесу барысында ол «Ел үмiтi» бастамасы аясында алда атқарылатын жұмыстардың ма­ңыз­ды бағыттарын тілге тиек етті.

– Біз оқушылардың қабі­леті мен кәсіби бейім­ділік-бағ­дарланушылығын анықтайтын кешенді жүйе құрамыз. 2020 жылы барлық өңір­де мектеп қабырғасындағы балалардың қабілеті мен кәсіптік бағдарын ерте айқындайтын арнайы ор­­та­­лықтар ашылады. Оларда да­­рынды балалардың қабі­летін диагностикалаудың үздік әлем­дік тәжірибелерге негізделген за­манауи әдістері қолданылатын бо­лады, – деді Тұңғыш Президент.

Сондай-ақ Елбасы жақын арада елордада болашақ маман­дықтардың арнайы орталығы құры­латынын хабарлады. Бұған қоса, озық білім беру ре­сурс­тарына қолжетімділікті қам­та­масыз ететін ақпараттық тұғыр­нама түзіледі.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев ауыл мектептерін қол­дау бойынша жоспарланған шара­­ларды атап өтті. Мәселен, Тұңғыш Президент қоры бағ­дарламасы аясында «Мың бала» олимпиадасы ұйым­дас­тырылады. Оның қоры­тындысы бойынша ауылдағы білім орда­ларындағы шамамен 1 000 үз­дік оқушы білімін талантты ба­лаларға ар­налған «Дарын» мек­тептерінде жал­ғастыруға мүмкіндік алады.


Арнаулы бағдарламаға сәй­кес ауыл мектептеріне жаңғырту жүр­гізілмек. Бірінші кезеңде дәл осы бағдарламаға 2020 жы­лы 14 мек­тепті іріктеп алу жоспар­лануда.

– Бағдарлама аясында осы оқу орындарының педагог­тары республикалық интел­лек­туалдық мектептер мен жетекші халықара­лық универси­тет­терде оқытудың заманауи әдістерін меңгереді, – деді Тұңғыш Президент.

Ол жас көшбасшылар коман­дасын қалыптасу процесіне де ерекше мән бере кетті.

– Біз көшбасшылық қасиет­терді және мақсат­керлікті да­мытуға, өскелең ұрпақ бойын­да патрио­тизм­ді күшейтуге ба­­ғыт­­талған арнайы жобаны іске қо­сып отырмыз. Жастарды өзін-өзі дамытуға және табысты бо­луға ынталандыратын осы тә­різ­дес бағдарламалар әлемде өте танымал. Жаңа бағдар­ла­ма 7 бағыттан тұрады, бұлар: физикалық даму; тұл­ғалық күшті қасиеттерді ұштау; кітап оқу; еріктілер­дің қызметіне атсалысу; экспедициялар мен саяхат­тарға қатысу; ұлттық мұраны сақтау және тәжірибе жинау, – деді Н.Назарбаев.

Елбасы экономиканың түрлі салаларына қажетті майталман мамандар даярлаудың маңызына назар аударды.

– Басты талап – үздік бі­лім мен әлемдік жетекші ком­панияларда жиған тәжірибе ғана емес, сонымен қатар ко­ман­дада жұмыс істей білуі, күр­делі міндеттер үшін батыл жауап­кершілік алуы және жұ­мысты соңына дейін жеткізуі. Бағдар­лама бойынша іріктеуден өткен әр маман өзгерістерді басқару менеджері деңгейіне дейін оқытылады, – деді ол.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстан­дық­тарды «Ел үміті» бастамасын іске асыруға белсене қатысуға шақырды.

– Бұл бастамаға бүкіл қо­ғам, соның ішінде аға буын өкіл­дері бір кісідей атсалысса, ол табысты әрі нәтижелі бола­рына сенімдімін. Ұстаздар қауымы мен шығармашылық интел­лигенцияны осы жобаларды қолдауға шақырамын! – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Біраз уақыттан бері Елбасы қорының қол­дауы арқасында қазақстандық жас ғалымдар, инноваторлар, мәдениет қайрат­керлері, әлеуметтік жобаларды әзірлеуші жастар, еліміздің әр өңіріндегі дарынды балалар жа­сампаз төл идеяларын жүзеге асыруда.

Қор жас ұрпақты түрлі бай­қаулар мен жобалар ұйымдас­тыру арқылы демейді. Мәселен, 2008 жылдан бері талант­ты жас қазақстандықтар арнайы жүл­демен жыл сайын марапатталады. Бүгінге дейін Тұңғыш Президент қорының осы сыйлығына 258 лау­реат ие болды.

Қор жас стартапшылардың инновациялық жобаларына грант пен білім беру стипен­диясын да ұсынады.

Шара барысында лауреаттар Елбасын идеяларымен таныс­ты­рып, жүргізіп жатқан жұмыстары жайында баяндады, болашаққа жоспарларымен бөлісті. Мысалы, жас ІТ құрастырушы Бақытжан Байжикеновтің жобасы бағдар­ламалауға оқытатын онлайн мек­тепті құруды қарастырады. Онда білім алу үшін сан алуан құрал, нақтылай кетсек, видео дәрістер, кітаптар, тәжірибелік сабақтар, вебинарлар мен конференциялар пайдаланылады. Қазір онда оқып жүрген білім алушылардың саны 2 мыңнан асыпты.


Тағы бір жас инноватор Тимур Рыспеков Тұңғыш Президент қоры грантының иегері ретінде АҚШ-тағы NASA International Space Apps Challenge байқауында командасымен бірге бірінші орын­ды жеңіп алғанын жеткізді. Жер мен ғарышты зерттеуге ба­ғытталған халықаралық жарыста Тимур өз тобымен бірге кездейсоқ сандардың кванттық генераторын әзірлеп шықты. Фотондардың түрлі сипаттамасы негізінде құ­рыл­ғы кездейсоқ деректерді өңдейді, ары қарай бұл шешімді дербес мәліметтерді қорғау үшін криптографияда, қаржылық тә­уекелдерді алдын ала болжауға қолдануға болады екен. Өнер­табыс түрлі дәрі-дәрмек жасау, тау-кен өнеркәсібі салаларына да бейімделуі мүмкін.

Өз идеясын табысты жүзеге асыра алғандардың арасында Ел­басы қорының лауреаты Нұрбек Нәдіров бар. Ол Ана мен бала ұлт­тық ғылыми орталығында трав­матолог-дәрігер, ортопед бо­лып қызмет атқарады. Оның идея­сы балалардың омыртқа­сының қисаюын транспеди­ку­лярлы арқалық жүйесі көмегімен үш жазықты хирургиялық түзе­тудің бірегей отандық тәсілін әзірлеумен байланысты.

Елбасымен кездесу бары­сын­да «Ел үміті» бастамасы аясында тағайындалған «Ел мақтанышы» сыйлығы алғаш рет табыс етілді. Бұл сыйлық мектеп оқушылары мен ұстаздарды жаратылыстану ғылымдарында жоғары нәтижеге жетуге ынталандырады. Осы мақсатта жүлде математика, хи­мия, физика, информатика, био­логия және география бойынша халықаралық беделді олимпиа­далардың жеңімпаздарына беріледі.

Бұл ретте халықаралық бірін­шілікте алтын медаль иеленген оқушы мен оны дайындаған ұс­тазына «Ел мақтанышы» аясында 2 миллион теңге сыйақы табыста­лады. Күміс жүлде үшін әрқай­сына 1 млн теңгеден, ал қола ме­­дальға 500 мың теңгеден ұсы­нылады.

Осылайша, Тұңғыш Прези­дент Нұрсұлтан Назарбаев уни­верситет студенті Б.Сардарбеков пен оның ұстазы, информа­ти­кадан Қазақстан командасының жаттықтырушысы Т.Сатылханов екеуіне 2 млн теңге соманың сер­тификатын тапсырды. Жас дарын бұл марапатқа биыл Әзірбайжанда өткен информатика бойынша халықаралық Олимпиадада жеңіс тұғырына көтерілуіне байланысты лайық деп танылды.

Жүздесуге қатысушылар төл идеяларының өмірге жолдама алуына көмек көрсеткені және жарқын істерге ұмтылысын қолдағаны үшін Елбасына алғыс жаудырды.

Осы күні Нұрсұлтан Назарбаев Qazaqstan орталық концерт залы­на барып, Тұңғыш Президент күніне арналған концертті тама­шалады. Концерт басталмас бұ­рын ол «Тарихи таңдау» көрмесін аралап көрді. Экспозициялар Елбасы кітап­ханасының мұра­жай­лық коллек­циясындағы ар­хив­тік мате­риал­дар мен бірегей зат­тар кешенінен тұрады. Көр­меге Н.Назарбаев­тың жеке кітап­ханасынан 145 кітап, бұдан өзге 220 экспонат қойылды.

Ал концертте Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі және отандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.